Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сындарлы қоғамдық диалогтың арқасында еліміз айтарлықтай жетістікке жеткенін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бірінші құрылтай Жалпыұлттық референдумнан кейін шақырылды. Содан бері, міне, бір жыл өтті. Бұл Әділетті Қазақстанды құру жолында айрықша маңызы бар тарихи кезең болды. Біз Ата заңымызға әділдік рухын сіңіре отырып, конституциялық реформа жасадық. Бұл өзгерістер мемлекеттігіміздің тұғырын бекіте түсті. Сонымен қатар еліміздің ұзақ мерзімге арналған демократиялық бағдарын айқындап берді.
Биліктің басты институттары қысқа мерзім ішінде мүлде басқаша сипатқа ие болды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі едәуір кеңейді. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі нығайды. Осының бәрі еліміздің саяси құрылымын орнықты және тиімді етіп қайта құруға септігін тигізді. Барынша әділ, ашық әрі бәсекеге лайық жүйе қалыптасты. Кейбір адамдар реформалардың табысты боларына күмәнмен қараған еді», деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент ауқымды саяси жаңғыру жоспары рет-ретімен жүзеге асырылып, біраз жұмыс атқарылғанын айтты. Еліміздің 2-3 жыл бұрынғы, тіпті, бір жыл бұрынғы қалпынан айтарлықтай өзгергенін атап өтті. Бұған ынтымақ-бірліктің және сындарлы қоғамдық диалогтың арқасында қол жеткізілгенін сөз етті.