• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 17 Маусым, 2023

Президент Қазақстанның ұлттық брендін дәріптеу тетіктерін атады

346 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың құнды рухани мұралары мен нысандарын ЮНЕСКО тізіміне енгізу бойынша тыңғылықты жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

«Елімізде рухани құндылығы жоғары өзге де дүниелеріміз жеткілікті. Оның ішінде адамзаттың асыл қазынасы атануға әбден лайық мұраларымыз бар. Қазір бірнеше нысанды трансұлттық аталымдар бойынша ЮНЕСКО тізіміне енгізу үшін өтініш берілді. Бұл шаруа көрші елдермен бірлесіп атқарылып жатыр», деді Мемлекет басшысы Түркістанда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында.

Еске сала кетсек, жақында Президенттің арнайы шақыруымен ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азуле ханым Қазақстанда болды.

«Ол Түркістанға әдейі ат басын бұрды. Бұл – беделді халықаралық ұйым басшысының соңғы 10 жылда елімізге жасаған алғашқы сапары. Мен Азуле ханыммен арнайы кездестім. Ол маған Бурабай, Марқакөл қорықтары және «Ортеке» өнері ЮНЕСКО тізіміне енгізілгенін растайтын құжатты табыстады. Мұның бәрі Қазақстанның табиғи және мәдени мұрасын әлемге танытуға септігін тигізері сөзсіз. Бірегей салт-дәстүрімізді материалдық емес мұралар тізіміне қосуға қатысты жұмысты жалғастыру қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы тұста Президент 2024 жылы Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетінін еске салды.

«Қазақтың тағы бір ерекшелігі – көне дәуірден бері келе жатқан өмір салты. Өзге елдер бізді көшпенділердің ұрпағы ретінде біледі. Бұл да – халқымыздың басты брендінің бірі.

Келесі жылы менің шақыруыммен Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл қадам ұлттық спортты дамыта түсуге зор мүмкіндік береді. Сондықтан, байрақты бәсекені жоғары деңгейде өткізуіміз керек», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.