• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 18 Маусым, 2023

Еңбекпен шыққан төр биік

893 рет
көрсетілді

Кейде ештеңе өспейтін қу даланы нуға айналдырып, өнбейді деген тірлікті өріс­тетіп отырғандарға таңға­ламыз. Ал осының түп-төр­кіні кәдімгі еңбектен бастау алғанын ойлайтындар аз. Бұрынғы мен бүгінгіні ой безбеніне салғанда Сыр­дың белгілі азаматы, кәсіпкер Самұрат Имандосовтың осын­дай байлам жасайтыны бар.

Сырдың бойындағы Қазалы­да кезінде Сталин атын иеленген ұжымшар болды. Іргесі көптің жұ­мылған еңбегімен көтерілген ба­йырғы мекен кейіннен Құм­жиек деген әдемі тарихи атауын тапты. Осында туып, кейіннен майдангер әкесі Жұманның қызмет бабымен Майлыбас ауылына кө­шіп келгенде, сондағы ағайындары баспанасының ұядай бір бөлме­сін босатып беріп еді. Сонда бір қыс тұрып, келер жылы өздері үй салудың қамына кірісті. Сол үйдің кесегін 7 жастағы Самұрат пен тоғыздағы ағасы Шәкімұрат құйып шық­ты. Жұмысбасты отағасын алаңдатпаған анасы Қадиша қабырғаны өзі қалады. Сол баспанаға кіріп, ақар-шақар болып жатқан сәтте Самұрат та бірінші сынып­қа баратын мез­гіл болып еді. Ағайынды екі ұл стансадағы сегізжылдық мек­теп­­тің оқу үздіктері болды. Мек­тепті бітіргесін Қы­зылорда гид­роме­лиоративтік техникумына тех­ник-механик мамандығы бойынша оқуға қабылданды. Қазалы сулан­дыру жүйесі басқармасында ин­женер-экономист қызметінен бас­талған еңбек жолы осы са­ладағы жауапты қызметтерге жалғасты.

Ел үшін еңбек еткеннің еңсе­сі биік, жүзі жарқын болатыны анық қой. Осы ауданда­ғы іргелі мекеме – №86 жылжымалы меха­никаландырылған колоннаға бас­шылық еткен жылдары аудан бойынша 22 мың гектар жер инженерлік жүйеге келтірілді. Біз­дің кейіпкер бастан-аяқ басын­да жүрген бұл шаруа игілігі кейінгі ұрпақтың да қа­жетіне жарайтын таусылмас қазына болатын. Осылайша, несібесін жерден терген жұрттың мол өнім алуына не­гіз қаланды. Осы қызметте жүр­генінде ХІІ шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды. Ол  кезде қырықтан енді асқан жігіт еді. Халық қалаулысы ретінде Жо­ғ­арғы кеңес төралқасының мем­лекет­тік рәміздерді дайындау бо­йынша жұмыс тобын құру тура­лы қаулысынан бастап, арнайы заң қабылданғанына куә болды. Қызылордалық депутат, Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатов ағасының көк ту­ды көп алдына алғаш рет алып шыққан сәті әлі есте. Аңқасы кепкен Аралдың табанынан бораған тұз бен құмды жұтып отыр­ған жұртты әлеуметтік демеудің алғаш­қы қадамы – «Арал өңіріндегі экология­лық қасірет салдарынан зардап шеккен аза­маттарды әлеуметтік қорғау туралы» заң­ды қабылдауға  белсене қатысқанның бірі Самұрат Жұманұлы еді.

Алматыға сессияға барған күн­дердің бірінде сол қалада жүрген Қызылорда об­лысының әкімі Се­йілбек Шаухаманов ша­қырды. Ал­ды-артыңды бірден орап, сытылып кетер саңылау қалдырмай сөйлейтін Секең сол кездесуде Қа­залы ауданын бас­қаруға қолқа сал­ғаны бар. Мұндай ұсыныс болады деген үш ұйықтаса ойына кел­меген Самұрат не айтарын білмей қалды. «Сәке, сеніміңізге көп рахмет. Бірақ мен әкім бола алмай­тын шығармын. Менде әрі итеріп, бері жығатын кабинеттік әдет жоқ. Не болса да тура айтамын», деген шынайы жауапқа облыс басшы­сы рахаттана күлген еді сол жолы. «Айналайын, әкім болудан қашқан сені көрдім. Сенсең, қазір телефонымда тыныштық жоқ. Осы орынды сұрап келіп, есік тоздырып жүр­гендер қаншама. Сен қашпа, қо­лыңнан келеді. Көмектесеміз», деген аға сөзі мәселенің түйіні бол­ды. Аудан басқарған тұста рес­публика көлемінде ­эко­логиялық шара өткізді. Аудан орталы­ғы мен ауылдарды көгалдандыруға баса мән берді. Ауылшаруашылық саласында біраз бастама көтерілді. Облыс басшысы ауысқанда аудан әкімдері заңға сәйкес орындарын боса­тып, өзіне Қызылордадан қызмет ұсынған­дарға алғысын айтып, жеке іс бастауға бел шеше кірісті.

Сол тұста күніне 90 дана бөл­ке пісіретін шағын цех ашқан бұ­рынғы әкімнің бүгінгі тірлігіне кү­ле қарағандар көп болыпты. Бі­рақ бастаған ісі бір үдеден кө­­рін­генше тыным аппайтын Са­мұ­рат Жұманұлы аянбады. Нан пісірудің барлық талаптарын бұл­жытпай сақтады. Жұрт секілді салмағынан жеген жоқ. Ас атасы­нан басталған кәсіп бірден үйі­ріле қалды, көп ұзамай әуелгіде мысқылдай қарағанның біразы Имандосов пісірген нанды іздейтін болды. Талай жыл елге қызмет етіп, тәжірибе талқысынан өткен Самұрат Жұманұлы 2000 жылы алғашқылардың қатарында «РЗА» акцио­нерлік қоғамын құрып, кәсі­бінің кере­гесін кеңейте түсті. Құ­­рылыс-монтаж жұмыс­тарын ба­сым бағыт етіп алған компания аз жылда мелиоративтік құ­ры­лыс, тұрғын үй құрылысы, ма­гистральдық су құбырларын са­лу бағытында жетекші мекеме­ге айналды, құрылыс-монтаж жұ­мыс­тарын жүргізу бо­йынша I са­нат­ты мемлекеттік лицензия­­­ның иегері атанды. 2001 жылдан бас­тап ­«Ауыз су», «Жылумен қам­ту жү­йелерін ке­ңей­­ту», «Коллек­тор­ларды реконструкциялау» ­жә­не «Әлеу­меттік объектілер құры­лы­сы» с­е­кіл­ді мемлекеттік бағ­дар­ламаларды жүзеге а­сыруда көш­­басшы компания қатарына ен­ді. Бұларға Арал, Қазалы және Қар­мақшы секілді қатар жатқан 3 аудан­ның жұртын ауыз сумен қам­тып отырған «Арал – Сары­бұлақ» су торабы секілді ауқымды жобаны жүргізу сеніп тапсырылды.

– Қазір көп өңір тұрғындары әлі де ауыз суға жарымай отыр. Ал Қызылорда облысында мұн­дай мәселе жоқтың қасы. Сонау Қо­саманнан басталатын суға құ­быр тартып, әр үйдің ауласына кір­­ген сәтте арқадан бір ауыр жүк түс­­кендей болды. Тіпті кеңес зама­ны­ның өзінде де шалғай ауылдар мұн­дай игіліктен құр қалып қоя бе­ретін. Қазір олар да таза суды қа­­нып ішіп отыр. Сенімді ақтап, осын­д­ай бастаманы сәтімен жүзеге асыр­­ғанымызға қуанамын, – дейді ол. 

Бүгінде әу баста азық-түлік өнім­­­дерін өндіретін ационерлік қо­­ғам құрамына «Рза-Агро», «Рза-Транс», «Рза-Сүт», «Рза-Асыл тү­лік», «Рза-Нан», «Рза-Мұнай-Газ-құ­рылыс» жауапкершілігі шек­­теулі серіктестіктерін топтас­тыр­­ған қуатты кәсіп­орынға, ұзын-са­ны 900-ге жуық адамды жұ­мыс­­пен қамтамасыз етіп, өңір эко­­­но­микасына 9 млрд теңге­ден ас­там инвес­тиция салған ірі ме­ке­­меге айналды. Егін шаруа­шы­лы­ғында кластерлік жүйені жол­ға қой­ғандардың алдыңғы ле­гін­де тағы осы «Рза» АҚ тұр. Тек соң­ғы жылдары ғана 30 мың тон­надан астам өнімді экс­порт­­таған компанияның негіз­гі тұ­тынушылары – Ресей, Ук­раина, Түрікменстан, Тәжік­стан. Осының бәрі – талай жылғы тынымсыз еңбектің нәтижесі.

Кәсіпте де сәт сайын алдың­ды болжап, өткеніңді талдап отыр­масаң көп нәрседен құр қаласың. Тіпті ертеңіне көзің жетіп отырса, тыңнан жол салудан да қашпаған дұрыс. Осыдан 13 жыл бұрын «Рза-Асыл түлік» ЖШС еліміздің индустриалдық даму картасы аясында инвестициялық жоба бастап, экспортқа бағытталған сүт және ет өнімдерін өндіру үшін тауарлы сүт фермасын және ауысымына 30 тонна сүт өңдейтін сүт зауытын салды. Елде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан бөлінген қаржыға салынған бұл өндіріс орны Қазалыға бұйырмауы да мүмкін еді. Шарт бойынша жалпы құны 2 млрд 200 млн болатын нысан қаржысы­ның 10 пайызын кәсіпкер төлеу керек екен. Оның үстіне Қазалы үшін тауарлы сүт фермасы таңсық кәсіп,  климаты да шеттен ке­летін малға қолайсыз. «Жұмыссыздық­тан жүн­жіген елге бір пайдам тисе» деген талабы тауға шағылған сәт­те кәсіпкерді сол тұста облыс­ты басқарған Мұхтар Құл-Мұ­хаммед Ауыл шаруашылығы ми­нистрі қызметіндегі Ақылбек Кү­рішбаевқа ерте кірді. Әкім қол­қасымен төрт нысанның бірі Қа­залыға салынатын болып ше­шілді. Жетпей тұрған ақшаны мұ­най­шылардың әлеуметтік қорға аударған қаржысынан 2 жылға беретін болды. Осылайша, 2010 жылдың басында ферма мен сүт өңдей­тін зауыт құрылысы қатар басталды. Жаз ортасында зауытқа қажетті құрылғылар­дың орнын өлшеуге Германиядан келген ма­мандардың өндіріс орнының әлі қабыр­ға­сы да қаланбағанын кө­ріп, көздері атыз­дай болғанын ұмыт­пайды. Шетелдіктерден «Он екіде бір нұсқасы жоқ, қалай үлгереді?» деген күмәнді байқаған Сәкең өндіріс орнын  мерзімінде бітіретінін кесіп айтты. Ақырында бұлар уақытында салып бітіріп, не­містердің өзі құрылғыны кешік­тіріп жеткізгені бар. Құрылыс­пен қатар маманын ертіп, шетел асып, мал іздеді. Іздегенін Ни­дерланд мен Германияның бірі­­нен алғысы келген. Бірақ сол тұста оларда блютанг індеті шы­ғып, Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті рұқсат бермеді. Осылайша, Қазалыға сонау жер түбін­дегі Мажарстаннан 660 бас голштин-фриз тұқымды қа­шарлар жеткізілді. Тамызда жет­кізілген буаз қашарлар көп ке­шікпей бұзаулады. Сол жылы 31 желтоқсанда Қазалыдағы сүт зауыты алғашқы өнімін шығар­ды. Кешенге қажетті құрал-жабдық­тар Нидерланд, Ирландия, Герма­ния  мем­лекеттерінен әкелінді. Қазір түлік саны еселеп өсті. 2021 жыл қорытындысы бойынша «РЗА-Асыл түлік» ЖШС әр сиыр­дан 9 мың литрдің үстінде сүт сауып, еліміздегі 200-ден аса­тын сүт фер­масының ішінде үшін­ші орын­ға шықты. Қазір қиыр­дағы Қаза­лының сүт және сүт өнім­дерінен тұратын «Дәмді» брендін еліміздің әр түкпірінен таба аласыз. 

– Бастапқыда қыруар қаржы төлеп, Германиядан 2 маман жал­дадық. Олар елдеріне кеткесін өзі­міз амалдауға көштік. Бізбен бірге ашылған «Ақтөбе – Айс» компа­ниясы шетелдік маманды коман­дасымен жалдап, қазір ТМД-ны былай қойғанда Еуропада алдың­ғы қатарлы өндіріс орны атанып отыр. Кеңес заманы кадрлары­ның жаңа технологияға ілесе алмайтыны байқалады. Демек бізге маман даярлау саясатын қайта қарау қажет. Мектеп жағалап, бітіруші түлектерді компания есе­бінен оқуға үгіттегенімізге біраз жыл болды. Алдын Ресей мен елімізде оқытып та жатырмыз. Жоғары оқу орны дипломын алып келгендерді компания базасында қайта оқытып, өзіміз даярлаймыз. Сенсеңіз көлік жүргізушісі, экскаватор мен кран тілін білетін маман, бульдозерші, сауыншы, агроном, гидротехник, құрылыс­шы, ветеринар сынды мамандық иелерін күндіз шаммен іздеп таппай жүрміз. Тіпті бақташы табылмай талай мәрте қиналғанымыз да бар. Жұмыспен қамту орталығына жыл сайын сұ­раныс береміз, жұмыссыздарға арналған жәрмеңкеден қалмай­мыз. Бірақ жұмыс іздеушілердің дені бюджеттік мекеме мама­ны болғанды құп көреді. Қыста жы­лы, жазда салқын кабинетте сегіз сағатын өткізіп, кесімді жалақысын алғанды қанағат тұтатындар көп. Әрине, қай мамандық та қадірлі. Бірақ қара жұмыстан қашып, қаратаяқ атануға құмарлардың көбеюі жақсылықтың белгісі емес. Ауылшаруашылық саласы­на мән беріп, кадр даярлаудан бас­тап, еңбек адамының әлеуметтік жағ­дайын дұрыстамаса, болашақта жұ­мыс істейтін адам таппай қаламыз, – дейді Самұрат Жұманұлы.

Қазір ауыл шаруашылығы саласы қол­даусыз қалды деп ешкім айта алмайды. Бірақ жүйесіздіктен талай бастама тығырыққа тіреліп тұр. Министрлік өзіміздің өнім­дерімізге талдау жасап, ша­руаға соны ұлғайту үшін қандай қол­дау қажеттігін зерттеуі керек. Азық-түлік қауіп­сіздігі деген мәсе­ле­нің басы осыдан басталады. Осы­­лай жасағанда ғана сыртқа тә­уел­діліктен құтылып, өзіміздің өндіріс өрістейді.

Осы күні шаруалар бейнетінің қызы­ғын айдаладағы алыпсатарлар көріп отыр. Дайынды арзанға алып, қымбатқа бұл­дайтын делдалдың талтаңдап, ал ауыл­дағының жартымсыз ақшаны жеткізе алмай жаутаңдап жүруі қандай қисынға сыяды? Сондықтан да Мемлекет басшысының ауыл­дың жағдайын жақсартып, еңбек ада­мының мәр­тебесін көтеру туралы бастамасын бәріміз қолдауымыз керек.

«Кісідегінің кілті аспанда» бо­­лып тұр­ған мына заманда өзі­не қа­жеттіні өзі өндіретіндер ұтыл­­майды. «Рза» АҚ осы күні дән­ді дақылдар мен мал азығы да­қылдарын егіп, оны өңдеу және өт­кізуді бір жолға қойды. Жыл сайын 3000 гектар күріш, 150 гектар бидай, 500 гектар сүр­лемдік жүгері, 1200 гектардан астам жоңышқа егетін компания Қызылорда облысында тұңғыш рет жаңбырлата суару жүйесін енгізді.

Ел алдындағы еселі еңбегі­нің өтеуі ре­тінде Самұрат Жұман­ұлы­на 32 жасында «Құрмет белгісі» ордені тағылыпты. Жетпістің белесінен асқанша оның қатарына «Құрмет», «Парасат», «ІІІ дәрежелі Барыс» ордендері қосылды.

Туған топырағын түлеткен аза­мат бү­гінгі биікке тынымсыз ең­бегінің арқасында шықты. Мұндай төр­дің әманда биік болатыны бел­гілі ғой.

 

Қызылорда