Сенатта «Агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыру және импортты алмастыру жағдайында ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу мәселелері» тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтті.
Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенінің алдына ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту және импортты алмастыру мәселесіне кезең-кезеңімен көшу жөнінде ауқымды міндеттер қойғанын атап өтті. «Ішкі нарықты қамтуға да, экспортты арттыруға да отандық өндірушілердің шамасы жеткілікті. Ол үшін аграрлық сектордың алға жылжуына барынша жағдай жасауға міндеттіміз. Тер төгіп, жұртымызды ет, сүтпен қамтамасыз етіп жүрген фермерлер үшін мемлекеттік қолдаудың түрлері үнемі дамып отыруы керек. Бұл қадамдардың бәрін ауыл еңбеккерлерімен талқылап, солардың ұсыныс-пікірлерін ескерген дұрыс. Қайта өңдеу өндірісін дамытып, импортты өзіміздің өнімдермен ауыстырудың маңызы өте зор», деді Палата төрағасының орынбасары.
Үкімет сағаты барысында оң үрдістер мен мемлекеттік қолдау жөніндегі қабылданған шараларына қарамастан, жалпы өндіріс көлеміндегі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесі әлі де төмен болып отырғаны атап өтілді. Сенатор Закиржан Кузиев қалыптасқан жағдайдың негізгі себептерінің бірі – ұсақ тауарлы өндіріс сипатын, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау мен ілгерілету жүйесінің кенже қалғанын, нарықта жалған арзан өнімнің болуы мен соның салдарынан отандық өндірушілер бәсекеде артта қалып келе жатқанын атап өтті.
«Елімізде агроөнеркәсіптік кешендегі заманауи технология мен инновацияны игерумен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында жинақталған бірқатар жүйелі проблеманы шешу қажет. Олардың ішінде: астықты қайта өңдеу, мақта шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдері саласында қайта өңдеуді дамыту керек. Қазақстанда бірқатар себеп бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен қозғалысын объективті есепке алу әлі жоқ екенін мойындау қажет. Осыған байланысты мемлекеттік органдар реттеушінің орнына ынталандырумен ықпал ету шараларын пайдалана отырып, ішкі нарықты азық-түлік тауарымен толтыру әдісін қайта қарауы қажет деп есептейміз. Сондай-ақ мемлекет ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ісіне түрлі шектеулермен араласуды азайту қажет», деді сенатор.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет сағатына қатысушыларды агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін ұлғайту және импортты алмастыру тұрғысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы ахуал туралы хабардар етті.
«2022 жылдың қорытындысы бойынша тамақ өнімдерін өндіру 3,9 пайызға өсіп, 2,9 трлн теңгені құрады. Салаға инвестициялар ағымы артып, 2022 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 141 млрд теңгеге жетті, яғни 12 пайызға артты. Жеке позициялар бойынша экспортқа өткен жылы шектеулер енгізгеніне қарамастан, өндіріс көлемін өсіру есебінен 2022 жылда агроөнеркәсіптік кешен өнімінің экспорты 5,6 млрд долларға көбейіп, 2021 жылғы деңгейден 46 пайызға артты. Бұл ретте өңделген өнімнің экспорты 64 пайызға өсіп, 2,3 млрд долларды құрады. Экспортағы өңделген өнімнің үлесі 37 пайыздан 42 пайызға өсті», деді Е.Қарашөкеев.
Ведомство басшысының келтірген деректеріне сай, өңдеу салаларында ұн (17 пайыз), сүт (16 пайыз), ет өнімдері (16 пайыз) көлемі артық. Сондай-ақ өсімдік майлары (8 пайыз), қант (4 пайыз), жарма (2 пайыз) өндірісі алдыңғы қатарда. Министр астық өңдеу саласы жетекші орында екеніне тоқталды. Тамақ өнімдерін өндірудің үлесі 21 пайызды құрайды. Бұл бағытта 350 кәсіпорын жұмыс істейді.
«3,3 млн тонна көлемде өндірілген ұн еліміздің ішкі қажеттілігін артығымен қамтамасыз етеді және экспорттық жеткізілім бойынша әлемде көшбасшы орынға ие. Отандық ұн өндірісімен қамтамасыз ету деңгейі – 237, макарон өнімдері бойынша – 122, жарма 102 пайызды құрайды», деді Е.Қарашөкеев.
Министрдің сөзіне сүйенсек, биыл жалпы қуаты 58 мың тонна болатын жарма мен макарон өнімдері, 21 мың тонналық крахмал өнімдерін өндіретін 11 инвестициялық жобаны іске асыру басталды. Сонымен қатар сала басшысы сүт өндірісінің жай-күйін баяндап берді. Оның айтуынша, 2022 жылы өндірілген 3,9 млн тонна тауарлық сүттің 1,9 млн тоннасы 172 кәсіпорында өңделген. Ішкі тұтыну көлемі 2,3 млн тонна, отандық өндіріспен қамтамасыз етілу деңгейі 82 пайызды құрады.
«Сүтті қайта өңдеудегі тежеуші фактор – шикізаттың жетіспеуі және қымбат екені. Бұдан басқа шикізат базасының сапасының төмендігі бұл өндірілген сүттің 73 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтар үлесіне тиесілі болуына байланысты. Ішкі нарықта сүт өнімдері импортының үлесі жоғары, бұл шикі сүтке қайта есептегенде шамамен 573 мың тонна. Осы мәселені жүйелі шешіп, тауарлық сүт фермаларының желісін құру үшін Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін көбейту бойынша шаралар қабылданып жатыр. Биыл республикалық бюджеттен жалпы қуаты жылына 373 мың тонна сүт өндіретін 65 тауарлық сүт фермасын құруға 100 млрд теңге бөлінді. Екі жылға 50 тауарлық сүт фермасын құруға қосымша 113 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр», деді Е.Қарашөкеев.
Бұл екі жыл ішінде ел өңірлерінде 115 ірі тауарлық сүт фермасын құруға және отандық сүт зауыттарын жеткілікті көлемде сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар сүтпен қамтамасыз етуді 61-ден 89 пайызға дейін ұлғайтуға, импортқа тәуелділікті 573 мың тоннадан 33 мың тоннаға дейін төмендетуге жол ашады. Бұдан бөлек, сала министрі ет өнімдеріне қатысты мәліметпен бөлісті. Оның келтірген мәліметіне сүйенсек, елімізде бұл бағытта 171 кәсіпорын жұмыс істейді.
«Салқындатылған ет бойынша ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі – 117, шұжық өнімдері – 61, ет консервілері 26 пайызды құрайды. Ет өңдеу кәсіпорындарының негізгі проблемасы – арзан шикізат жоқ, не оны сатып алуға қаражат жетіспейді», деді Е.Қарашөкеев.
Ведомство басшысының айтуынша, ел аумағынан ірі қара малды, қой мен ешкіні әкетуге тыйым салынған. Шикізатпен қамтамасыз ету үшін ет өңдеу кәсіпорындарына мұздатылған етті бажсыз әкелуге квоталар беріледі екен.
«Өсімдік майын өндіретін 70 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Жалпы, тамақ өнімдері көлеміндегі үлесі 8 пайызды құрайды. Отанымызда өндірілген өсімдік майымен қамтамасыз етілу деңгейі 141 пайыз. Күнбағыс экспортына қабылданған шектеу шаралары есебінен отандық өңдеу кәсіпорындары өңдеу үшін шикізат қорымен қамтылды. Нәтижесінде, 2022 жылдың қорытындысы бойынша күнбағыс майын өндіру көлемі 62 пайызға ұлғайды, сондай-ақ жыл басынан бері ішкі нарықтағы баға 8,3 пайызға төмендегені байқалады. Сонымен қатар күнбағыс майының экспорты 2022 жылы 229,4 мың тоннаны құрады, бұл 2021 жылға қарағанда 1,7 есеге көп.
Отандық қант өндірісін ұлғайту және импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында бес жылдық кезеңге арналған Қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар іске асырылып жатыр. Оның шеңберінде шикізатты қайта өңдеуге тапсыру кезінде субсидиялар нормативін 15 теңгеден 25 теңгеге дейін арттыру арқылы фермерлерді ынталандыру қарастырылған. Сондай-ақ қызылша өсіруге арналған егу кешендеріне инвестициялық субсидиялар нормативін 25-тен 50 пайызға дейін ұлғайту көзделеді. Бұдан басқа қант қызылшасын өсіруге тұқым, минералды тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғау құралдары, суармалы су қызметтерін сатып алуға базалық субсидиялар сақталады», деді Е.Қарашөкеев.
Су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру мақсатында фермерлердің заманауи суару жүйелерін сатып алуға жұмсаған шығындарының 50 пайызын өтеу жоспарда бар. Сондай-ақ суды алу және беру үшін барлық қажетті инфрақұрылымды жүргізуге инвестициялық субсидиялау көзделген. 2022 жылы су үнемдеу технологиялары пайдаланылатын алаңды 265 мың гектарға жеткізу жоспарланған, нақты 279 мың гектарға жеткізілді.
Жиында мүдделі мемлекеттік органдар, қауымдастықтар мен бизнес қоғамдастығының өкілдері баяндама жасады. Сондай-ақ құс шаруашылығының инвестициялық тартымдылығын арттыру шаралары, ет өңдеу және отандық астық өңдеуді дамыту мәселелері талқыланды. Сенат депутаттары іс-шара қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік органдарға жіберілетін ұсынымдар әзірледі.