• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Маусым, 2022

Жөндеу жұмыстары қарқынды

125 рет
көрсетілді

Атырау облысында 3 мың шақырымнан асатын автомобиль жолы бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдың ұзындығы – 1 125 шақырым. Ал 1 927 шақырымы облыстық және аудандық маңыздағы жол санатына жатқызылған.

Жыл сайын автомобиль жолын күтіп-ұстауға, ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізуге қаржы бөлініп келеді. Мәселен, өткен жылы Атырау облысындағы жол инфрақұрылымын жақсарту үшін 35,8 млрд теңге бөлінген. Қомақты қаржының 4,8 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен қаралып, облыстық маңызы бар 201 шақырым автомобиль жолына жөндеу жасалған. Соның нәтижесінде 1 387 шақырым жолдың жағдайы жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізілген. Бұл – өңірдегі жолдың 72 %-ы.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың дерегіне сүйенсек, көлік инфрақұрылымын дамытуға байла­­ныс­ты жоспарлы жұмыс бар. Биыл 32 елді мекендегі 120 шақырымға жуық автомобиль жолын күрделі жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстарына 22,9 миллиард теңге бөлінген. Қазір Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз аралығын жалғайтын автомобиль жолын жөндеуді аяқтауға назар аударылып отыр. Әсіресе Индер – Қарабау аралығын жалғап жатқан 87 шақырым жолды қайта жаңғырту кезек күттірмейтін міндетке айналған.

Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз автомобиль жолын жаңғытудың бір­неше маңызы бар. Біріншіден, бұл жол­дың тезірек жаңғыртылғанын әсіресе Қызылқоға ауданының 30 мыңнан ас­а тұрғыны күтіп отыр. Өйткені қызыл­қо­ғалықтардың Индер мен Махам­бет ауданына, Атырау қаласы мен Ба­тыс Қазақстан облысына қатынасы жеңіл­дейді. Екіншіден, бұл кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласына тың сер­пін береді.

Жақында Қызылқоға ауданындағы Миялы – Ойыл автомобиль жолының 18 шақырымын күрделі жөндеуден өткі­зу қолға алынды. Бұл ауданда күрделі жөндеуді күтіп тұрған тағы бір жол бар. Бұл – Миялы мен Тайсойған ауылдары аралығындағы 50 шақырымдық жол. Оған күрделі жөндеуді жүргізетін мердігер мекемені анықтау үшін ашық конкурс жарияланған.

– Биыл жеті ауданда жолды жөндеу, жаңғырту жүргізілгелі отыр. Мәселен, облыстық маңызы бар Құрманғазы – Приморье – Утеры– Котяев автомобиль жолының 0-29 шақырымындағы учас­кесі күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Құрманғазы ауданына қарайтын 7-ра­зъезд – Асан – Азғыр – Балқұдық – Сү­йіндік бағытына қатынайтын 36 ша­қы­ры­мы­на орташа жөндеу жүргізі­луде. Аудан­дық маңыздағы Ақкөл – Қы­зылоба – 4-разъезд – Қиғаш автомобиль жо­лы­ның 43 шақырымын қайта жаңғырту қолға алынды, – дейді Қайрат Нұртаев.

Махамбет аудандық тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы, жолау­шылар көлігі, автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Сырымбет Кенже­баевтың мәліметінше, жақында 11,2 шақырым ауылішілік жолдың құрылысы басталған. Жобаның құны – 2 миллиард 488 млн теңге. Ал мердігерлікке таңдалған «Толағай 2050» ЖШС жұ­мысты 19 айда аяқтауды көздеп отыр.

«Бұл жоба аудан орталығындағы 19 көшені қамтиды. Оның ішінде 500, 300 метрлік көшелер бар. Биыл атқарылатын жұмысқа 500 млн теңге қаржы бөлінді. Осы қаржыға үш көшеге жол салынады. Бюджеттен қосымша қаржы бөлінсе, тағы екі көшеге жол асфальт төселеді», дейді Сырымбет Кенжебаев.

Оның айтуына қарағанда, Махам­бет ауылында 2 шақырымды қамтитын тағы 14 көшеге жол салынатын болады. Бұл жобаның жалпы құны 2 млрд 125 млн теңгені құрайды. Биыл облыстық бюджеттен дәл осы жобаға 300 млн теңге қаржы қаралған. Тамыз айына дейін мердігер анықталса, жоспарлы жұмыс басталмақ. Жоба аясында тұрғындар үшін 7 аялдама салу көзделген.

Құрманғазы ауданындағы Ақкөл, Дәшін, Затон елді мекендерінде кірме және ауылішілік жол жөндеуден өтеді. Шалғайдағы Қызылқоға ауданының Сағыз, Кенбай, Мұқыр ауылдарын­да жол қайта жаңғыртылады. Аталған ­аудан орталығы – Миялыда ауыліші­лік жолды күрделі жөндеу, ал Сағыз ­ауылында жол құрылысы жалғасын табады. Ал Индер ауданының Өрлік ауылындағы жол күрделі жөнделеді. Исатай ауданында Тұщықұдық, Исатай, Зинеден, Аққыстау ауылдарының автомобиль жолдары қайта жаңғырады.

Дәл осындай жұмысты Жылыой ауда­нының орталығы – Құлсары қала­сындағы «Атырау» шағын ауданы мен Ақкиізтоғай ауылында жалғастыру жос­­­парланған. Аудандық тұрғын үй-ком­­муналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ержан Хайноллаевтың дерегін­ше, жаңа шағын ауданда жол салу жұмы­сы 2021 жылдың тамызынан бері жалға­сып келеді. Құрылыс материалдары­ның қымбаттауына байланысты жобаға түзету енгізілген.

«Мұнда 24 көшеге 22,1 шақырым көлік және жаяу жүргінше жолы салынатын болады. Бұл жұмыстарды «АтырауИнжСтрой» ЖШС атқарады. Жоба құны 7,2 мрлд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Қазір 22 көше толықтай тегістеліп, құм, қиыршық тас, бір көшеге асфальт жабындысының бірінші қабаты төселді», деді Е.Хайноллаев.

Мақат аудандық тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлі­мінің басшысы Темірбек Іңірбайдың мәлім еткеніндей, «Доссор кентіндегі 23,6 ша­қырым автокөлік жолын салу» жобасы басталған. Биыл мұнайшылар мекенін­де 10,4 шақырым көлік, 5,6 шақы­рым­ға жаяу жүргінші жолы салын­бақ. Тұрғындар үшін маңызды жұмыс­ты «АтырауинжстройКазСервисГрупп» ЖШС жыл соңына дейін аяқтауды мін­детіне алған.

«Бұл көлік инфрақұрылымын дамы­тып, облыстық және аудандық маңыз­дағы жолдардың жақсы және қанағат­танарлық деңгейін 76 пайызға жеткі­зе­ді. Ең бастысы, тұрғындардың әлеумет­­тік ахуалын жақсартуға, аудандар мен елді мекендердегі кәсіпкерлік, ауыл ша­руа­шылығы салаларын өркендету ісі кең қанат жаяды», дейді облыс әкімінің орын­­басары Қайрат Нұртаев.

 

Атырау облысы