• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Пікір 19 Маусым, 2023

Тың бастамалар көтерілді

216 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен киелі Түркістан мекенінде Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өтті. Алқалы жиында еліміздің даму мүмкіндіктерін арттыру бойынша тың бас­тамалар көтеріліп, қоғамды толғандырған өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.

Тарих – тамырымыз. Бәйтерек тамыры тереңдеген сайын, жапы­рақ­­тары жайқалып, көк тіреп өсе­­тін­дей, өскелең ұрпақты тарих тағылымымен сусындатып, бойы­на сіңіріп тәр­биелеу ғалам­да­ну заманындағы қажеттілік. Өт­кені­­мізден сыр шер­тетін, таным көк­жиегімізді кеңей­тетін бір­ден-бір сала – археология. Біз өзі­міз­дің ата-бабаларымыз бен сан ғасыр­лық тарихымызды мақтан етеміз. Бірақ тарихпен мақтану бөлек, оны дәріптеу мүлде бөлек. Осы тұрғыда Президент Қазақстан тари­хының көптомдық жинағын келесі жылдың ортасына дейін әзірлеуді тапсырды.

Талай тарихи кезеңнің куәгері болған Түркістан мекені тереңнен сыр шертеді. Сол кезеңде өмір сүрген ұлы тұлғалардың бірі ретінде Қожа Ахмет Ясауиді ерекше атап өте аламыз. Биыл Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толады. Осы орайда Президент «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құруды ұсынып, «Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру туралы ұсынысты қолдаймын», деді.

Төл тарихымызда елеулі еңбек еткен және айшықты орны бар тұлғалардың есімін ономастика саласы арқылы қайта жаңғыртатын сәт келді. Бұрмаланған тарихымыз шынайы жарыққа шығуға тиіс. Мемлекет басшысы бұл мәселеге де тоқталды.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев бастаған делегация жақында ғана  баһадүр Сұлтан Байбарыс бабамыз билік еткен Мысыр шаһарына барған болатын. Онда Сұлтан Байбарыс бабамыздың 800 жылдығына ар­налған іс-шаралар өткізіліп, «Сұлтан Аз-Заһир Байбарыс» мешіті күр­делі жөндеуден өткізіліп, қайта ашыл­ғаны белгілі. Бұл Қазақстан – Мы­сыр арасындағы ғана емес, барша мұсылман әлемі үшін де бірегей мұра екені анық. Ұлттық құрылтай барысында да Мемлекет басшысы Байбарыс Сұлтан атындағы орден енгізуді ұсынды.

Қазір еліміздің ірі қалаларында ауыз су тапшылығы мәселесі пайда болды. Бұл проблема жуық арада өз шешімін табуға тиіс. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған делега­цияның Израиль мемлекетіне ресми сапары кезінде осы су мәсе­лесін шешудегі израильдік тәжі­рибеге көз жеткіздік. Онда суды бақылау және цифрлық есепке алу, су шаруашылығын дамыту мен ауыз сумен қамтамасыз ететін мем­лекеттік «Mekorot» компания­сының жұмыс барысымен танысқан едік. Президент те осы Құрылтай барысында су мәселе­сінің еліміздегі ірі қалаларда туындап отырғанына баса назар аударды.

Мемлекетіміздің тұтастығы мен шекаралық аймақтарымыздың ты­ныштығын сақтау маңызды. Кейінгі жылдары шекаралық аймақтарда тұратын халық саны жыл сайын азайып барады. Бұл – ойланарлық іс. Президент шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына, еліміздің аман­дығына тікелей ықпал ететіне тоқта­лып, мұның стратегиялық маңызы бар мәселе екенін атап өтті.

Катонқарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандары – табиғаты тұнып тұрған, әлеуеті мықты елді мекендер. Жергілікті халық әкім­шілік аумақтық қиындықтар кесі­рінен, туған топырағын тастап, көшуге мәжбүр болған. Енді осы олқылықтың орнын толтырып, аталған аудандарға жол салып, әлеуметтік мәдени ошақтар, жаңа өндірістер салып, жұмыс орындарын ашу қажет.

 

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,

Сенат депутаты