Ел тыныштығын қалтықсыз қадағалау - айбынды әскерге жүктелген жауапты міндет. Биыл Қазақстанның Қарулы Күштеріне қарасты Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскеріне 31 жыл толып отыр. Осыған орай «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Арман Октябрь Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерінің қолбасшысы, генерал-майор Нұртас Қабақовпен жүздесіп, жауапты миссияның шетінде жүрген құрылымның ерекшелігі жайлы әңгімелесті.
«Халқымызда «Жау жоқ деме, жар астында» дейтін мақал бар. Ел тыныштығын күзету мен қорғау – әрдайым Қарулы Күштер үшін, оның ішінде Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері үшін басты міндет. Сол себепті кез келген жағдайға дайын болу, күрделі жағдайда оңтайлы шешім қабылдап, жылдам әрі дұрыс әрекет ету – заман талабы. Биыл Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері өзінің 31 жылдық мерейтойын атап өтеді», деді генерал-майор Нұртас Қабақов.
Сондай-ақ генерал-майор әуе шабуылына қарсы қорғаныс технологияларын ең алдымен ұтқырлық бойынша жаңа деңгейге шығару керек екенін атап өтті.
«Бұл қазіргі заманғы әуе шабуылына қарсы қорғаныс кешендерімен қаруланған мобильді Әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадаларының құрылуы мен дамуын айқындайды. Сонымен бірге аталған шаралар әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері мен құралдарының қуатты және мобильді резервін құруға мүмкіндік бермек», деді Нұртас Қабақов.
Сұхбаттың толық нұсқасын «Egemen Qazaqstan» газетінің №115 (30594) санынан немесе мына сілтеме арқылы оқи аласыздар.