Елордада Ұлттық агроқозғалыстың ұйымдастыруымен «Малшылар күні» мерекесіне орай «Жыл қорытындысы» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Жомарт Оспан «Малшы мерейі – ауыл абыройы» атты ақпараттық материалында жазған.
«Малшылар күні» мерекесінің басты мақсаты – мал шаруашылығы саласындағы азаматтардың мәртебесін көтеру, оларды еңбектегі жетістіктері үшін көтермелеу, ауыл шаруашылығын дамыту», деді мереке идеясының авторы және ұйымдастырушысы, Ұлттық агроқозғалыс төрағасы Алмасбек Садырбай.
Соңғы уақытта елімізде мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Мал басы жылдан жылға көбейіп жатыр.
Мақала авторының жазуынша, 2022 жылдың өзінде ірі қара мал саны – 4,2%-ға, қой – 4,8%-ға, жылқы – 10,5%-ға, түйе – 6,5%-ға, құс саны 4%-ға артты. Қазіргі таңда республиканың АӨК жалпы өнімінің шамамен 40%-ы мал шаруашылығының үлесіне тиесілі.
Сонымен қатар мал басын және мал шаруашылығы өнімдерін ұлғайту үшін биыл 108 млрд теңге бөлініп отыр.
Мереке аясында бірқатар шаруа қожалығының жетекшілері Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері», «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды.
Айта кеткен жөн, мал шаруашылығын дамыту – ұлтымыздың алтын тамыры саналатын алыс ауылдарды дамыту, атамекен – дарқан даланы түлету.