Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Германия бизнес-форумында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазақстан Германияның, тіпті бүкіл Еуропа елдерінің индустриясына қажет табиғи ресурстарды игеруде сенімді серіктес болуға дайын. Бүгін таңертең Штайнмайер мырзамен кездесу барысында табиғи ресурстарды бірлесіп барлау және игеру ісіндегі ынтымақтастығымызды нығайтуға келістік. Бұл Шикізат, өнеркәсіп және технология салаларындағы серіктестік туралы үкіметаралық келісімге тың серпін береді», деді Президент.
Сондай-ақ ол көлік және логистика салаларында мүмкіндіктің мол екенін айтты.
«Қазақстан Еуразияның жүрегінде орналасқан. Мұның стратегиялық мәні зор. Қытай мен Еуропа арасындағы барлық құрлықтық жүк тасымалының 80 пайызы біздің еліміздің аумағы арқылы өтеді. Қазіргі жаңа геосаяси жағдайда «Орта дәліздің» маңызы арта түсті. Бұл – Орталық және Шығыс Азиядан Еуропаға жүк тасымалдаудың ең қысқа әрі тұрақты бағыты.
2022 жылдан бастап Каспий дәлізі арқылы Еуропалық Одаққа мүше елдерге тасымалданатын жүк көлемі екі есе артты. Шығыс пен Батыс арасындағы ұлғайып келе жатқан сауда көлеміне қолдау көрсету үшін біз инфрақұрылымды жаңарту және кедергілерді жою жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, қазақстандық порттардың өткізу мүмкіндігі алдағы уақытта 30 миллион тоннаға дейін артады.
«Біз ЕуроОдақтың «Жаһандық қақпа» бастамасы мен біздің ұлттық деңгейдегі күш-жігеріміздің синергиясына сенеміз. Біздің ресурсымыздан бөлек, нақты жобалар ЕҚДБ, ЕИБ және KfW неміс даму банкі арқылы да қаржыландырылуы мүмкін. Ертең Штайнмайер мырза Каспий теңізінің жағасындағы Маңғыстау облысына барып, осы Транскаспий халықаралық көлік бағытының зор әлеуетін өз көзімен көреді», деді ол.