• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Руханият 20 Маусым, 2023

Қайрат Әлімбек әлемі

514 рет
көрсетілді

Өз қатарынан оза шауып, өрекпіп барып жарға соғылған дарынды ұл, қарымды қаламгер Қайрат Әлімбектің есімі Жетісу жұрты былай тұрсын, ел руханиятына олжа салып жүрген азаматтарға да жіті таныс.

Небәрі 43 жасында жол апатынан көз жұмған ақынның артында қалған мұрасы руханиятымыздың бір уығы секілді құндылыққа толы. Әттең, көзі тірі болса 60 жасқа толар еді. Әйтсе де атын жоқтатпайтын елі бар. Міне, бүгін соңындағы ұрпағы мен көзкөрген дос­тары, қаламдастары, өзі «курстастар – дұрыс достар» деген жолдастары, жалпы жетісулықтар ерекше атап өтті.

Ардақты ақынның 60 жылдық мерейтойы алдымен өзінің жалынды жылдары өткен, бүгінде манат топырағына мақпал тәнін төсеген жері – Қаратал ауданында зиярат ету рәсімімен басталды. Жылыбұлақ ауылындағы ақын зиратына еліміздің түкпір-түкпірінен келген зиялы қауым өкілдері мен жетісулық қаламгерлер барып Құран бағыштады.

Қаламы мен бойдағы талант қуа­тымен еліне рухты жыр арнап, ли­рикалық толғамдарымен адам­гершіліктің, ізгілік пен мейірбан­дылық­тың қаншалықты асыл қасиет екенін айшықтай білген Қайрат Әлімбектің тірі­сінде тұтқан бұ­йымы мен пайдалан­ған заттары жауһар жырлары іспетті жәді­герге, мұраға айналып сала берді. Ақынның біршама бұйым-киімі, заттары, алған марапаттары мен сарғайған газет беттеріндегі кесек-кесек жазбалары қойылған музей экспозициясы да мерейтойға орай салтанатты түрде ашылды.

М.Тынышбайұлы атындағы Тарихи-өлкетану музейіне құрметпен орна­тыл­ған «Ғазал-ғұмыр жарқылы» тақырыбын­дағы арнайы бұрыш­тың ашылуына зиялы қауым өкіл­дері қатысты. Әуелі ақынның универ­ситетте бірге оқыған курстасы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰЗУ профессоры Аязби Бейсенқұлов сөз алып, салқам­дық пен сырбаздықтың, серіліктің жар­қын үлгісін көрсеткен, адамгершіліктің аяу­лы тұғырынан танбаған аяулы досының әр заты көзге оттай басыл­ғанын, әрбір дүниесі тарихқа, жәдігерге айналғанын тебірене тілге тиек етті. Өз кезегінде Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов та жарқын жылдар жаңғырығын толғамына тақы­рып етті. Ал Алматы облысының Құр­мет­ті азаматы Жақыпжан Нұрғожаев пен Мәдениет қайраткері Бейсенбай Сүлей­менов музей бұрышының лентасын қиды.

«Мен қазақтың ұлымын,

Ұлы дала – болған менің тұғырым.

Ғасырлардың дауылымен алысып,

Жетісуда өтті менің ғұмырым», –

деп өзі жырлағандай, туған жерінен тамыр үзбей, Алатау мен Алакөл, Аспантау мен Аягөзге дейін созылып жатқан ұлы атырабында ақық өлең өрістетіп, ғұмыр кешкен Қайрат Әлімбектің «Жоқ іздеген жігіт» кітабының тұсаукесер салтанаты өтті.

Б.Римова атындағы Талдықорған ­драма театрында өткен руха­ни шарада Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері, академик Уәлихан Қалижанұлы мен Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса жаңа жинақтың тұсауке­сер рәсімін жасады. Сондай-ақ белгілі та­лантты ақын Маралтай Райымбек­ұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, респуб­лика­лық «Абай» журналының бас редакторы Мұратбек Оспанов, С.Берді­құлов атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын­ның досы Бекен Нұрахметов сөз алып, қазы­налы кеудесінен қара өлеңнің саф алтынын сапырған саңлақ шайыр­дың ақындық айбыны, адамгер­ші­лік болмысы мен қасиеті туралы кеңі­нен толғады.

Иә, осындай ғажайып іс-шаралар­мен өр­нектелген мерейтой өз кезегінде Б.Ри­мова атындағы Талдықорған драма ­теат­ры­ның сахнасында жалғасын тапты. Онда әуелі «Жетісу» телеарнасының шы­ғар­машылық ұжымы дайындаған деректі фильм көпшілік назарына ұсы­нылды. Ақынның өмір жолы, шығар­машылық сүрлеу-сүрдегі ел аға­ларының, қаламдас достарының, әде­биет бірегейлерінің есте­ліктері айты­лып, ақынның студенттік кездегі рөлі сом­далды. Әсерлі фильмнен кейін алғаш­қы болып аталған тойдың өтуіне тіке­лей мұрындық болған ақынның досы, курстасы, Жетісу облысының әкімі Бей­біт Исабаев сөз алды. Әуелі да­рын­­ды ақын, қарымды журналист, Қазақстан Жас­тар одағы сыйлығының лауреаты Қайрат Әлім­бек­ті еске алуға арналған іс-шаралар өскен өлкесі Қаратал жерінде басталып, Талдықорғанда жалғасын тауып отыр­­ғанын, ақынның руханияттағы орнын айшықтаған аймақ басшысы: «Біз Қай­ратпен ҚазМУ-да бірге оқы­дық, бір бөл­меде тұрдық. Журна­лис­тика саласында 80-жылдары қатар қызмет еттік, үзеңгілес, пікірлес, дос-жолдас бол­дық. Қайраттың мінезі көпшіл, парасаты те­рең, бойында лапылдаған жалыны бар, арынды, адуынды, рухты азамат еді. Оның ойға ұтқыр, сөзге шешен­дігі, аза­маттық болмысы, елжанды мінезі жыр­ларынан айқын аңғарылып тұратын», деп сәулелі жылдардың естелі­гін жаң­­ғыртты. Ақынның асқаралы жасына орай айшықталған мерейтой қар­саңында атқарылған жайдарман істерді атап өтті.

«Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қай­дан алсын кемеңгерді», деп Ілияс ақын жырлағандай, биыл жерлес ақынымызды еске алып, 60 жылдық мерейтойына орай тағылымды іс-шара ұйымдастырғанды жөн көрдік. Келесі жылдан бастап Қайрат Әлімбекке арнап жыл сайын тұрақты түрде жас ақындардың шығармашылық байқауын өткіземіз. Бұл – ақын рухының жас таланттарды шабыттандыруға, шың­дауға шарапаты тисе деген ниеттегі игі бас­тама.

Жетісу топырағы төл таланттарымен мақтанады. Соның бірі Қайрат Әлімбек аз жасаса да, мәнді өмір сүрді. Аз жазса да, саз жазды, тереңнен толғады, рухани ортаға құбылыс болып келді. Оның мұрасын насихаттау, сол арқылы қазақ руханиятының ортақ игілігіне айналдыру – біздің парызымыз», деп ағынан жарылды. Жазиралы Жаркент жерінде от жүре­гін тулата өмірге келіп, аз ғұмы­рында «Сезімнің гүлі», «Жоқ ізде­ген жігітпін», «Намыс найзагері», «Махаб­бат­стан» сын­ды бірқатар кітабын оқыр­манға олжа­лаған талант иесі қазақ журналис­тикасында да соны соқпақ сал­ды. Ол көптеген басылымда қызмет етіп, тіл­шілік әлемін тіршіліктің тіні еткен біре­гейлер қатарына енді. Әрбір жазбасы ойлы оқырманын толғандырмай қой­мады. Қазіргі «Жас Алаш», «Jetisy» сынды беделді басы­лымдардың беткеұстар қаламгері ретінде қазақ журналистикасына еңбек сіңірді.

Өмірде ізгілік пен адамгершілікті наси­хаттаған, іңкәрлік пен сезімді жырына астар еткен Қайрат Әлімбек турасында көптеген жылы естелік айтылды. Өзі еліктеген, пір тұтқан Мұқағалидай асқақ тұғырға ел болып қондыру керегі сөз етілді. Сондай тебіреніске толы тол­ғам толғағандар қатарында белгілі жур­налист, ғалым Уәлихан Қалижанұлы ақын шығармашылығына терең талдау жасап, «Лениншіл жас» газетінде жүрген жылдардағы ақынның журналистік қабілет-қарымы турасында сөз қозғады. Өз кезегінде зиялы қауым өкілдері, көр­некті қаламгерлер Жақыпжан Нұрғожаев, Бей­сенбай Жолдасбекұлы, Қазыбек Иса ақын туралы лебіздерін жаудырды. Ақын Маралтай Райымбекұлы Қайрат Әлімбекке арнаған кестелі жырын көп­шілікке паш етті.

Қазақтың бірлігі мен берекесін, еркін­дігі мен ерен қасиетін жырымен наси­хаттаған шайырдың шырайлы кешінің өтуіне мұрындық болған курстастары сазгер досы Жүніс Ормашұлы әнін жаз­ған «Нарынқол» әнін әуелетті. Өз кезегін­де Жетісу жерінің өнерпаздары ақын сөзі­не жазылған ғажайып әндермен өлең­сүйер көпшілікті сусындатты. Ал еске алу кешін­де сөз алған Қайрат Әлімбек­тің аға­сы Жұмағұл Әбдіраманұлы аяулы інісін сағына еске алып, жанарын жас­қа шылап айтқан естеліктерімен көпші­лік­ті толқытты.

Жиын соңында ақынның достары­на, ел азаматтарына Әлімбек әулеті аты­нан алғысын жеткізді. Өлеңін, өнерін қадір­леген елге ризашылығын білдірді. Ақын­ның немересі Әбдірахман ата жолын қу­ған перзент екенін көрсетіп, арнау өлеңін оқыды. Көрермен асылдың сынығына ­сүй­сіне қарап, бата беріп жатты.