Еліміздің өңірлерінен іріктелген ең дарынды балалар кеше Елордадағы Нұрлы жол вокзалынан «Самұрық-Қазына» АҚ 15 жылдығына орай ұйымдастырылған «Туған елге саяхат» сапарына аттанды. Іс-шара аясында 10-15 жас аралығындағы 600 бала жаз мезгілінде еліміздің көрікті жерлерін аралап, экскурсиялық пойызда ұмытылмас демалыс өткізеді.
Астана – Байқоңыр – Түркістан – Алматы – Бурабай – Астана бағытымен сапарға аттанған балалардың алғашқы легін шығарып салу рәсіміне «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен, Қор құрамындағы портфельдік компаниялар басшылары, балалар және олардың ата-аналары қатысты.
«Бүгін – біз үшін де, балалар үшін де тарихи күн. Өйткені еліміздің болашағы саналған жас жеткіншектеріміз алғаш рет үлкен сапарға аттанып бара жатыр. Олар табиғаты таңғажайып жерлерді аралап, еліміздің көрікті мекендерін көзбен көріп қайтады. Сондықтан балаларға бұл сапардан үлкен әсер алып, демалыстан көп күш-жігер жинап қайтыңыздар деп тілек айтқым келеді. Сапарларыңыз сәтті болсын!», деді Нұрлан Жақыпов.
Ләззат Сүлеймен елімізде тарихи орындар мен заманауи сәулетпен үйлестірілген табиғаттың бірегей ескерткіштері көп екенін айта келіп: «Ұшса құстың қанаты талатын кең-байтақ Отанымыздың көрнекті орындарына бару сіздер үшін тарихи және сәулеттік ескерткіштерді зерттеудің жаңа бастамасы болатынына сенімдімін», деді.
Саяхатқа аттанғандар арасында Қазақстанның түкпір-түкпірінен «Өз өңірімді өркендеткім келеді» шығармашылық байқауының жеңімпаздары, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының өндірістік кәсіпорындары қызметкерлерінің балалары бар.
Жобаның басты мақсаты – балалардың танымын арттырып, болашақ мамандықты таңдауға бағдарлау, өз халқының мәдениетіне, қоршаған ортаға құрметін күшейту дейді ұйымдастырушылар.
Мәселен, Байқоңыр қаласында балалар «Қорқыт ата» мемориалдық кешеніне барып, ғарыш айлағының мұражайымен танысып, зымыран макетін ұшырып көреді. Өрендердің танымдық саяхаты ел көлемінде арнайы бағдарлама бойынша жалғасады.