Жақында Ұлттық банк Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының 2030 жылға дейінгі активтерін басқару тұжырымдамасын жариялады. Жоба «Ашық НҚА» порталында шықты. Тұжырымдаманы жүзеге асыру, яғни онда белгіленген шектеулерді, қағидаттар мен тәсілдерді сақтау, ҰБ-ның пікірінше, 2030 жылға қарай 100 млрд доллар жинақтауға және «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының табысты жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Алайда Ranking сарапшылары жағдайдың шынайылықтан біршама алшақ екенін айтады. 2023 жылдың наурыз айының соңына қарай Ұлттық қор активі 58,4 млрд долларды құраған. Яғни 7 жылдан аз уақытта Ұлттық қордың активтері 71% немесе 41,6 млрд долларға өсуі керек деп болжанып отыр. Егер 2014 жылдан бергі жеті жылда Ұлттық қор активтері өспек түгілі азайып кеткенін ескермесеңіз, жоспар орындауға оңай секілді көрінеді. Нақтырақ айтқанда, 2014 жылғы тамызда (ең жоғары өскен кезі) Ұлттық қордың активі тұрақты өсім көрсетіп, 77,2 млрд долларға жетті, бірақ одан кейін айтарлықтай құлдырау байқалды. Бүгінде Ұлттық қордың активтері сол кездегімен салыстырғанда 24,4% немесе 18,8 млрд долларға төмендеп кеткен.
«Тағы бір қызықты дерек: жаңа тұжырымдамада атап өтілгендей, 2016 жылдың өзінде Ұлттық қор активтерін басқару тәсілдерін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілді. Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тұжырымдамасы әзірленді және бекітілді. Тұрақтандыру портфелінің максималды көлеміне 10 млрд доллар шегінде шектеу қойылды. 2019 жылы Ұлттық қордың жинақ портфелінің активін консервативті бөлуден теңгерімді бөлуге көшу басталды. Алайда бұл шаралардың барлығы алыс қашықтықтағы теріс үрдісті қалпына келтіре алмады. Иә, кейде өсу болды, бірақ жалпы көрсеткіш төмендеп жатыр. Тиісінше, жаңа тұжырымдама қысқа мерзімде осындай өршіл мақсаттарға қол жеткізе алады деуге ешқандай кепілдік те, негіз де жоқ», дейді сарапшылар.
Жаңа тұжырымдамада атап өтілгендей, активтердің бұлайша қысқаруының бір себебі – Ұлттық қорға мұнайдан түсетін табыстан гөрі республикалық бюджетке алатын қаражаттың көп болуы. Ең жоғары мәндер 2017 және 2020 жылдары тіркелді: 2017 жылы 2,1 трлн теңге түсім болса, алынған ақша 4,4 трлн теңгені құрады, 2020 жылы 1,4 трлн теңге түсім болса, алынған ақша 4,8 трлн теңгені құрады. Дегенмен бұл жалғыз себеп емес екенін атап өткен жөн. Ұлттық банк жүзеге асырып жатқан инвестициялық қызмет те маңызды рөл атқарады. Соңғы 10-15 жыл ішінде активтерді басқарудан алынған кіріс әлемдегі ұқсас тәуелсіз әл-ауқат қорларының табысынан төмен болды.
«Ұлттық қордың бүкіл тарихында (2000-2022 жылдары) оның орташа жылдық табыстылығы – 3,02%, шетел валютасындағы активтерді басқарудан түскен инвестициялық кіріс 15,1 млрд доллар болды. Айталық, Норвегия қорының 1998 жылдан бастап 2022 жылдың соңына дейін орташа жылдық жиынтық кірісі 5,7%-ды құрады. Сонымен қатар соңғы 10 жылда Қазақстанда Ұлттық қорды басқарудан шығын да болды. Оның ең үлкені 2022 жылы тіркелді. Былтыр жыл соңында Ұлттық қорды басқарудан 1,4 трлн теңге көлемінде рекордтық шығын пайда болды», деп мәлімдейді Ranking.
Осы жағдайларды ескерсек және басқарудың қазір де ойдағыдай жүзеге асып жатпағанын есепке алсақ, онда 2030 жылға қарай 100 млрд долларлық көрсеткішке жету оңай болмайтынын аңғарамыз.