Өткен аптаның соңында Астанада жалауы желбіреген «Qazaqstan Barysy Grand Slam 2023» турнирінде табысты өнер көрсеткен еліміздің дзюдошылары әлемдік рейтингтегі жағдайларын біршама жақсартты. Әсіресе біз «Барыс Аренада» бас жүлдені олжалаған Мағжан Шамшадиннің өнеріне ерекше тамсандық.
Шамшадиннің шоқтығы биік
Аса жеңіл салмақта белдескен 26 жастағы Мағжан Шамшадин Астанадағы жарқын жеңісінен кейін сегіз сатыға жоғарылап, қазіргі кезде 13-орынды иеленді. Оның қоржынында 3238 ұпай бар. Егер де Сыр бойының сайыпқыраны тағы бір турнирде елеулі табысқа қол жеткізсе, онда ТОП-10-дықтың қатарына енетіні анық. Әзірге бұл – Қазақстанның ерлер құрама командасы мүшелері арасындағы ең үздік көрсеткіш.
Дәл осы салмақ дәрежесінде күш сынасып жүрген Елдос Сметов (2158 ұпай) 23-орынға табан тіресе, Нұрқанат Серікбаев (1842) 25-сатыға жайғасты. Елорда төрінде өткен жарысқа Елдос қатысқан жоқ. Ал Нұрқанат тұсаукесер кездесуінде жеңілістің кермек дәмін татты. Қазіргі кезде осы үш балуанның қарқыны жақсы. Осындай мықтылардың бір салмақта өзара тартысқа түсуі бәсекелестікті арттырады. Ал бәсекелестік бар жерде нәтиженің де болуы заңды. Бірақ Олимпия ойындарының жөні бөлек. Бұл жерде бір салмақ дәрежесінде бір ғана балуанның бақ сынайтыны белгілі. Олай болса, Париж Олимпиадасына қатысуды мақсат тұтқан апайтөстер алдағы рейтингтік жарыстарда барынша табысты өнер көрсетуге тиіс. Осы үштіктің арасынан кімнің айдарынан жел есетінін әзірге ешкім дөп басып айта алмайды. Сондай-ақ Бауыржан Нарбаев (1277 ұпай) пен Шерзод Давлатовты (917 ұпай) да тізімнен сызып тастауға болмайды. IJF рейтингінде Бауыржан – 35, Шерзод 44-орынды еншілеген.
66 кило салмақта күресетін Ғұсман Қырғызбаевтың Астанада күміс медальды иеленгені мәлім. Соның арқасында ол төрт сатыға жоғарылап, бұл күндері 19-орынды иемденуде. Ғұсманның еншісінде 2615 ұпай бар. 73 кило салмақта сынға түскен Асқар Нарқұлов (814 ұпай) «Qazaqstan Barysy Grand Slam 2023» турниріндегі табысынан кейін бірден 49 қарсыласын артқа тастап, бүгінгі таңда 57-орынға тұрақтады. Бұл – өте тамаша көрсеткіш. Десек те Нарқұловқа Данияр Шамшаев пен Жансай Смағұловқа жету үшін әлі көп тер төгу керек. Өйткені елішілік жарыстардағы басты қарсыластары оған қарағанда әлдеқайда жоғары тұр. Жас дарын Данияр 15 (2816 ұпай) және сақа спортшы Жансай (1754 ұпай) 25-орындарды иеленуде.
81 кило салмақтағы Абылайхан Жұбаназар Астанада алғашқы айналымнан аса алмады. Сол себепті жағдайын жақсартуға еш мүмкіндігі болмады. Қазір ол 19-орынды (1905 ұпай) еншілеп отыр. 90 кило салмақ дәрежесіндегі жағдайымыз тіптен мүшкіл. Ең үздік нәтиже Дидар Хамзаға тиесілі. Азия ойындарының жеңімпазы 26-орынды иеленуде. 100 кило салмақта еліміздің бірде-бір дзюдошысы Нұрлыхан Шарханды қуып жете алар емес. Ол 22-орынға (2340) табан тіреді. Ислам Бозбаев 43 (990 ұпай) пен Бекарыс Сәдуақас (803 ұпай) 49-сатыға жайғасты.
Алыптармен айқасып жүрген Ғалымжан Қырықбай мен Әділ Оразбаев өткен аптаның басында әлемдік рейтингте қатар тұрған еді. Елорда төрінде Ғалымжан қола медальды мойнында жарқыратты. Соның арқасында ол сегіз сатыға жоғарылап, 31-орынды (1590 ұпай) еншіледі. Әділ ә дегенде-ақ ұтылып, 42-орынды (990 ұпай) қанағат тұтты.
Көшбасшылар жайында айтар болсақ, таяуда ғана Грузияның төрт дзюдошысы IJF рейтингінде көш бастаған еді. Қазір солардың үшеуі өз орындарын сақтап қалды. Олар – Тато Григалашвили (81 кило), Лука Майсурадзе (90 кило) және Илья Суламанидзе (100 кило). Ал Лаша Шавдатуашвили (73 кило) әзербайжандық Хидаят Гейдаров пен моңғолиялық Цэнд-Очирын Цогтбаатарды алға жіберіп, үшінші орынды қанағат тұтты. Қалған салмақ дәрежелерінде тайпейлік Ян Юнвэй (60 кило), молдовалық Денис Виеру (66 кило) және тәжікстандық Темур Рахимов (+100 кило) жеке-дара көш бастап тұр.
ТОП-10 дзюдошының санатына Грузия мен Жапонияның – 9, Әзербайжанның – 7, Өзбекстанның – 5, Моңғолия, Франция, Канаданың – 4, Оңтүстік Корея мен Нидерландтың – 3, Бельгия, Израиль, Италия, Бразилия, Кубаның – 2, Испания, Тайпей, Молдова, Украина, Швейцария, Аустрия, Түркия, Мажарстан, Ресей, БАӘ, Чехия және Тәжікстанның 1 өкілі енді. Өкінішке қарай, үздіктер санатында Қазақстанның бірде-бір балуаны жоқ.
Ақеркенің аяқалысы ұнады
Әйелдер арасындағы жарыстарда ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп жүрген Әбиба Әбужақынова жарақатына байланысты Астанадағы «Qazaqstan Barysy Grand Slam 2023» турниріне қатыспады. Соған қарамастан, отандық дюдошылар арасында ең үздік көрсеткіш дәл сол спортшыға тиесілі. Әбужақынова IJF рейтингіндегі өзінің алтыншы орнын сақтап қалды. Және де жарақатынан толықтай айыққаннан кейін Әбиба бұл нәтижесін жақсартамын деп құлшынып отыр. Биылғы жылғы Әбибаның басты мақсаты – қыркүйек айында Қытайда алауы тұтанатын жазғы Азия ойындарында атой салу.
Елорда төрінде ұйымдастырылған турнирде +78 кило салмақта сынға түсіп, қола медальды мойнында жарқыратқан Ақерке Рамазанова бірден 21-сатыға жоғарылап, бұл күндері 33-орынды иеленді. Бұл – елеулі табыс. Десек те Ақерке әлі де Кәмила Берліқашқа жете алмай келеді. Танымал дзюдошы 18-орынды еншілеген. Берліқаш былтыр Ұланбатырда және биыл Бакуде үздік үштікті түйіндеді. Тбилиси, Алмада және Ташкентте бесінші орынға табан тіреді. Бұл – Рамазанованың «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлердегі тырнақалды табысы. Шыны керек, аса ауыр салмақта екі мықты балуанның бір-бірімен бәсекелес болуы бізді қатты қуантып отыр. Оның үстіне екеуі де жас спортшылар. Атап айтсақ, Кәмила – 23, ал Ақерке – 22 жаста. Келешекте бұл балуандардың біраз биік белестерді бағындыратыны анық.
ТОП-50-дің қатарына енген өзге жерлестеріміздің нәтижелері мынадай: Ғалия Тынбаева (48 кило) – 31-орын, Аруна Жанкелдина (70 кило) – 36, Назгүл Маратова (+78 кило) – 43 және Севара Нышанбаева (57 кило) – 44-орын. Өкінішке қарай, өзге бұрымдыларымыз сенім үдесінен шыға алмай жүр.
Әлемдік рейтингте әр мемлекеттің бір-бір ғана өкілі көш бастап тұр. Олар – франциялық Ширин Букли (48 кило), косоволық Дистрия Красничи (52 кило), канадалық Криста Дегучи (57 кило), ұлыбританиялық Люси Реншалл (63 кило), жапониялық Саки Ниизоэ (70 кило), италиялық Элис Белланди (78 кило) және израильдік Раз Гершко (+78 кило). Ал ТОП-10 дзюдошының тізіміне Францияның 11 өкілі еніп отыр. Жапония құрамасы да олардан қалысатын емес. Күншығыс елінің 9 өкілі үздіктер санатында. Одан кейінгі ең тәуір көрсеткіш мына командаларға тиесілі: Израиль мен Германия – 5, Бразилия – 4, Италия, Косово, Нидерланд, Канада – 3, Моңғолия, Испания, Португалия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Хорватия, Қытай – 2, Сербия, Қазақстан, Өзбекстан, Мажарстан, Грузия, Польша, Аустралия, Аустрия, Грекия және Түркия – 1.