Драма, комедия, трагедия. Актриса театр өнерінің аталған осы басты үш жанрын тек сахнада ғана сәтті сомдап қойған жоқ, өмір ұсынған осынау көңілдің түрлі сәттерін пешенесіне бұйыртқан тағдыр-тақтасында да теңдей көрді, қайыспай көтерді. Ол бақытты сәттерінде дандайсып, болмаса жеңілген, қайғырған кездерінде морт сынып кетпеді. Драмаға толы өмірінің әр сәтін аялай һәм бағалай білді. Өзіне бұйырған рөлдерін абыроймен алып шықты. Күні бүгінге дейін сол тұғырынан түспей келеді. Себебі ол өнерде қандай талантты актриса болса, өмірде дәл сондай парасатты, терең адам. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Лидия Кәденованың көңіл пернесін басып көрдік. Сыңғырлаған сұлу үн салиқалы сырларын төге жөнелді.
– Әңгімеміздің әлқиссасын есіміңізден бастайықшы. Лидия – ерекше есім!
– Мұның себебі көп. Біріншіден, «ерекше есім өлім тоқтатады» деген ырым бар. Маған дейінгі перзенттері тоқтамай, шетіней берген соң ата-анам айрықша есім деп, осы Лидияны таңдаса керек. Екіншіден, әжемнің қолында өскендіктен бе, әке-шешеммен қалжыңдаса беретінмін. Жеті айлық кезімде әкем Ленинградқа оқуға кеткен екен. Сол кезде түскен суреттерін қарасам, қасында кілең орыстың, татардың сұлу қыздары жүріпті. «Осы сұлулардың бірі Лидия ғой, иә?! Соны есіңде сақтау үшін менің атымды осылай қойған шығарсың?!» деп әзілдейтінмін. Ондайда әкем: «Балтық жағалауында Лида деген ерекше әсем қала бар. Мен сенің атыңды сол қаланың құрметіне қойғанмын» дейді. Бұл дерекке сүйенсек, демек менің атым Лидия емес, Лида болғаны. Үшіншіден, Ақтөбе облысының Ырғыз жерінде туып-өстім. Ал бізде – батыста Света, Рая, Лидия дегендер көп жалпы (күлді).
– Ақтөбенің аядай ауылында өскен арманшыл қыздың тағдыры алып Алматымен қалай тоғысты? Білуімізше, бүгінде мұқым қазақ танитын актриса Лидия әу баста керемет биші болған деседі...
– Мектепте оқып жүрген кезімнен бастап би үйірмесіне қатыстым. Ол кезде Құрылысшылар сарайы болатын. Соның би бөліміне бара бастадым. Арада екі-үш жыл өткенде үйірменің үздік бишісі атанып, Мәскеу мен Ленинградты көріп қайттым. Тіпті ең алғаш Алматының киелі сахнасына да актриса ретінде емес, осы би өнерімен көтерілген екенмін. Әлі есімде, 1966 жыл еді. Оқушымыз. Қазір ой елегінен өткізсем, Офицерлер үйінің сахнасы болар деп топшылаймын. Міне, сол сахнаға алғаш билеп шықтым. Содан бастап жаным өнермен егіз екенін түсіндім, ал Алматыға өлердей ғашық болдым. Бірақ педагогім мені бимен кетеді, болашағын сонымен байланыстырады деп ойлады. Алайда неге екенін білмеймін, мен «ән» дедім. Өйткені анам әнді керемет айтатын. Сөйтіп, 8-сыныпты бітірдім де, колледждің вокал бөліміне түсуге бел будым. Емтихан күні сахнаға шығып, әнімді орындадым. Өзімше «қатырдым» деп шыққанда, балым орташа болып қалып, түсе алмадым. Содан Алматы емес, Ақтөбенің Мәдени-ағарту училищесінің «театральный» бөлімінен бір-ақ шықтым. Колледжді бітіргенде Еңлікті де, Ажарды да мен ойнап, ұстаздарымның ақ батасымен Алматыға аттандым. Ол кезде жеке оқу орны жоқ, консерваторияның құрамындамыз. Жұлдызым жанып оқуға қабылдандым. Дипломдық жұмысым Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласындағы» Жәмила бейнесі болды. Кейін Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрына қызметке қабылдандым да, бірден шығармашылыққа араласып кеттім. Мұндағы алғашқы рөлім – режиссер Виктор Пұсырмановтың қолтаңбасымен қойылған И.Савин мен Ж.Тәшеновтің «Қаладан келген қылжақбас» қойылымындағы Жамал деген қыздың бейнесі болатын. Міне, содан бастап қызық пен қиындыққа, ізденіс пен естен кетпес сәттерге толы театрдағы тынымсыз өмірім басталды да кетті. Шүкір, осы киелі сахнада табан аудармастан 49 жыл қызмет етіп келемін. Алла жазса, келесі жылдың 1 наурызында Ғ.Мүсірепов атындағы театрға қабылданғаныма тура жарты ғасыр толады. Яғни менің бүкіл өмірім осы театрмен байланысты, тағдырым театрға таңылған десем де болады. Еңбек кітапшамда да жалғыз-ақ жұмыс орным бар – ол да осы сүйікті қарашаңырағым!
– Тұрақтылығыңыз бен сахнаға адалдығыңыз шын мәнінде сүйсінтеді...
– «Келіннің бетін кім ашса сол ыстық» дейді ғой. Иә, мен үшін ыстық ұя – осы театрым, ағайыным – алтын әріптестерім. Жастайымнан келгендіктен бе екен, киелі қарашаңырақты өз үйімдей көремін. Одан кейін театрға қабылдана салысымен бірден басты рөлге бекітілдім. Содан рөлден рөл, қойылымнан қойылым деп жүріп өмірдің қалай өтіп кеткенін байқамай да қалыппыз. Драматургтер де бізге арнап «Пай-пай, жас жұбайлар-ай», «Ең әдемі келіншек» сияқты пьесалар жазып, ол сахнада сәтімен қойылды. Соның бәрі осылай дүркіреп тұра беретіндей көрінді. Ондайда адам өзінің өмірінің өтіп кеткенін де білмейді екен. Сөйтіп қарасам, 10 жыл өтіп кетіпті. 10 жылдан кейін пәтер аламын дейсің, болмаса атаққа ұсынып қояды. Әрине, мұның бәрі пендешілік қой. Әйтпесе, жасыратыны жоқ, мені талай театр шақырды. М.Әуезов театрының өзіне бірнеше мәрте шақырылдым. Бірінші рет Әзірбайжан Мәмбетов шақырды, кейін Тұңғышбай Жаманқұлов «Тұзды шөл» спектаклінен рөл берді. Түбегейлі ауысуға ұсыныс жасалды. Орыс театрларында да спектакльдерде ойнадым. Бірақ қалай десек те жас кезіңде келген ұжымыңның орны бөлек болады екен. Қиып кете алмадым.
– Әйтсе де бір сұхбатыңызда: «Еңлік, Қарагөз, Қыз Жібек сынды шолпысы сыңғырлап, нағыз ұлттық қалыпты өрнектейтін классикалық қойылымдарда ойнай алмай қалдым, жастық өтіп кетті» деп ішкі өкінішіңізді де білдірген екенсіз...
– Бұл енді көңілдің кейбір кездерінде айтылып кеткен, жүрек түкпірінде жасырынып, тек арман күйінде қалып қойған тілектер ғой. Ол кезде жағдай солай болды ма, әлде Жастар театрындағы репертуар саясаты әсер етті ме екен, әйтеуір бізде классикалық қойылымдар көп қойылған жоқ. Есесіне замандастар бейнесі жан-жақты қырынан көрініп, психологиялық образдар, заманауи кейіпкерлер сахнаға шықты. Атап айтсақ, М.Әуезовтің «Алуа» пьесасында – Нина, Р.Сейтметов пен Е.Обаевтың «Өзімді іздеп жүрмінінде» – Сұлу, Қ.Қайсенов пен О.Бөкейдің «Жау тылындағы баласында» – Тамара Ивановна, Джон Патриктің «Кемпірден қалай құтылсақ екен?» пьесасында – Памела, И.Вовнянконың «Стриптизердің өлімі» пьесасында Дәулетқалиева рөлдерін сомдадым. М.Хасеновтің «Пай-пай, жас жұбайлар-айында» – Зәуреш, Т.Ахтановтың «Махаббат мұңында» – Ләззат, С.Жүнісовтің «Қос анарында» – Тамара Дерягина, О.Бөкейдің «Мен сізден қорқамынында» – Вайра, С.Елубайдың «Аспаннан түскен адамында» – Ақ сайтан, У.Шекспирдің «Гамлетінде» – Офелия, «Дуалы түнгі думанында» – Ипполита, А.Чеховтың «Шағаласында» – Маша, Ян Соловичтің «Түлен түрткен тіленшісінде» – Цилька, Ә.Таразидың «Жақсы кісісінде» – Қатира, С.Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғандасында» – ГауҺар, Қ.Мұхамеджановтың «Өзімді іздеп жүрмінінде» – Айсұлу, Э.Хушвақтовтың «Сүйе білсеңінде» – Құрбан ана, Т.Ахтановтың «Күшік күйеуінде» – Биғайша, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» – Фармон бибі, Т.Теменовтің «Карменситасында» – Сыған кемпір, Г.Хугаевтың «Қара шекпенінде» – Қосүрей, тағы да басқа бейнелер бар. Бұл рөлдердің қай-қайсысы да мен үшін ерекше ыстық. Қай бейнеде де жаным, жүрегім бар деп ойлаймын. Ал арман, өкініш әркімде болады. Онсыз өмір бола ма?
– Ұлттық классикалық бейне дегеннен туындап отыр. Кезінде Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясындағы Ақтоқты рөліне дайындалып жатқанда күбір-күбір күңкілмен күмән келтіргендер болыпты. Мұңайған сәтіңізде әйгілі Қасым Жәкібаев жұбатып, жігерлендірген деседі...
– Иә, ондай жағдай болған. Театрға енді келген жас кезіміз. Бірден ұжымға сіңісіп кету қиын ғой. Бетіңе күле қарағанымен, арада түрлі күңкіл сөздер болады. Енді біреуі сынай қарайды дегендей... Біз келген алғашқы жылдары осы театрға еңбегі сіңген Мең Доң Ук деген корей режиссері «Ақан сері – Ақтоқтыны» қоюға кірісті. Ақтоқты рөлі маған бұйырды. Соған дайындалып жатқанбыз. Ту сыртымда тұрып алып біреулер менің рөлімді талқылап тұр екен. Дабырлай сөйлегені соншалық, әңгімелері маған ап-анық естілді. Енді бойым кішкентай ғой, түр болса мынау, боянғанның өзінде мұрынды бәрібір қай жаққа жібересің? Содан сахнаның тасасына барып жылап отыр едім, Қасым аға қасымнан өтіп бара жатыр екен. Мені көріп: «Әй, қыз, неге жылап отырсың?» деп сұрады. Мен болсам ештеңе айтпаймын, тек жылай бердім. Содан аға қоярда-қоймай сұрап, мән-жайды білген соң: «Ой, қыз-ай, қайғыратын нәрсені тапқан екенсің? У тебя французкие ноги, римский профиль! Еще страдает!» деді. Аяулы ағамның өзінше мені жұбатқан түрі ғой, әйтпесе қайбір «римский профиль» дейсің?. Бауырсақ мұрын дейді оны қазақша (риясыз күліп алды). Киноға да жарамай жүргеніміз содан шығар. Соны осы күнге дейін күліп айтып отырамын.
– Актерді қанаттандыратын – сомдайтын кейіпкерлері. Десек те әртістің шығармашылық дағдарысқа соқпайтыны сирек. Театрдағы осы бір тоқырау сіздің «Тамашаға» келуіңізге түрткі болыпты. Рөлсіз жылдарды солай жеңген екенсіз...
– Әрбір актер адамның басынан кешетін жағдай ғой. Тоқырау кездерім болды. Жеті жылдай рөлсіз, тек ескі қойылымдарда ойнаумен шектеліп қалдым. Театрда спектакль қойылады, басқалар ойнайды, бірақ маған рөл бұйырмайды. Әрине, бұл тек мен ғана ойнауым керек деген сөз емес, бірақ енді 7-8 жыл рөлсіз қалу деген актерге өте қиын. Ол кезде не отбасым, не бала-шағам жоқ. «Театр, театр» деп жүргенде бір-ақ сәтте өзіңді сол театрыңа қажетсіз сезіну актер үшін үлкен соққы. Содан кейін табиғат заңы ғой, әртіс адам «өліара» жасқа тап келеді. Бұл әсіресе әйел адамдарда қатты көрінеді. Сахнада қыздарды ойнауға жарамай, кемпірге ертелеу болып, екі ортада тұрып қалатын кездер болады. Мен де сондай сәтті бастан өткердім. Оны енді трегедия деп айта алмайсың, бірақ жаныңды ауыртпай қоймайтын ауырлау жылдар болғаны рас. Сол бір дағдарыс кезінде «Тамашаға» кеттім. Оған дейін «серьезный» әртістің образына еніп алып: «Мен комедия актрисасы емеспін, болмысыма драма жақын» деп ұсыныстан біраз уақыт үзілді-кесілді бас тартып жүргеніммен, кейін келісім бердім. Оның үстіне «дарыным – драма, көрерменді күлдіре алмаймын» дегенімде, Құдайберген Сұлтанбаев курстасым: «Тамашаға» қыздар жетіспей жатыр» деп қолқалап қоймаған соң, аталған ойын-сауық отауының 1979 жылғы жаңа жылдық шығарылымына қатыстым. Басында Құдайберген Сұлтанбаев, Мейірман Нұрекеев үшеуіміз көп жылдар бірге өнер көрсеттік. Халық та солай қабылдай бастады. Алайда уақыт өте келе «Тамаша» шығармашылық әлеуетімді тежегендей сезілді. Өйткені тек қана сол характер, сол амплуамен «өмір сүріп», театрда да, кинода штампқа түсе бастағаным байқалды. Режиссерлер де мені тек қана сол планда көретін болды. Ал мен комедия актрисасы емеспін. Театрда талай кесек рөлдерім бар. Сондықтан да өзімді бір бейнеге байлап тастағым келмеді. Басқа рөлдерде де көрінгім келді. Кейін «Тамашаның» құрамы да, құрылымы да өзгерді. Осылайша, «Тамашамен» қоштасып, театрыма қайта оралдым.
– Драмтург Сұлтанәлі Балғабаев «Ең әдемі келіншек» деп ерекше әспеттеп, өзіңізге арнап пьеса жазды. Автор айтады: «Сол кезде менің Лидиядан көрген трагедиям – сондай әдемі қыз тұрмысқа шықпай біраз жүріп қалды. Лидияда сұлулық та, талант та – бәрі бар. Бірақ 30-дан асқанша күйеу жоқ. Неге осындай болады?» деген ой маған «Ең әдемі келіншекті» жазғызды» дейді. Айтыңызшы, драмадағы «Ең әдемі келіншек» пен өмірдегі ең әдемі келіншек – Лидия Кәденованың тағдыры қаншалықты ұқсас?
– Бұл енді «Тамашада» жүрген кездер болса керек. Жоғарыда айтқанымдай, мені халық сатиралық пландағы актриса деп танып, солай қабылдай бастағанда, сахнадан тыс өміріме қанық Сұлтанәлі ағаның маған арнап жазған туындысы ғой. Оны Райымбек Сейтметов ағамыз қойды. Өмірде талай нәрсе болды ғой. Бастан талай қиыншылықтар да өтті. Жақсылықтар да жетерлік, Құдайға шүкір. Соның бәріне қанық, сахнадағы һәм одан тыс өмірімді, басымнан өткен жағдайларды жетік білгендіктен Сұлтанәлі аға осы пьесаны өмірге әкеліпті. «Ең әдемі келіншекті» сахнада 17 жылдай ойнадым. Екі құрамда ойнадық. Рөлді алған кезде үйде балам кішкентай болды да, бастапқыда өте қиналдым. Ұлымды көтеріп келіп сахнаның артына ұйықтатып тастап, репетицияға шығамын. «Ең әдемі келіншек» – осылай қиналып шыққан рөлдерімнің бірі. Бірақ жаныма ең жақыны да осы бейне. Менің нәзік жанымды түсініп, ел көрмеген, білмейтін қырларымды зерттеп, көңілімнің түкпіріндегі «Ең әдемі келіншекті», драмаға толы тағдырымды көре білгені үшін Сұлтанәлі ағаға рахмет айтқым келеді. Қойылымның табысты жүргені соншалық, 17 жылдың қалай өтіп кеткенін де сезбей қалыппыз. Ешкім қой демеді, бірақ автордың 60 жылдығынан кейін өзім ұялып, бұл рөлден бас тарттым. Дер кезінде қоя білген де жақсы екен ғой. «Қашанғы келіншекті ойнаймыз, кемпірлеу келіншектер болдық» деп қалжыңдап, автордың рұқсатымен «Ең әдемі келіншекті» тапсырдым.
– Сахнада Лидияны Лидия еткен тағы бір рөл бар. Ол – өзбек драматургі С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» – Фармон бибі бейнесі десек, қателеспеспіз. Дәл осы рөл сізге арналып жазылғандай...
– Рас, Фармон бибі – сүйіп ойнайтын рөлім. Тіпті кезінде қойылымды арнайы келіп көрген пьеса авторы да дән риза болып, сомдаған рөлімді өзбектің атақты актрисаларымен тең қоя талдап, ризашылығын білдірді. Жалпы, ене мен келін тақырыбы ешқашан өлмейді ғой. «Келіндер көтерілісін» әлі күнге дейін ойнаймын. Әр ойнаған сайын бар жанымды саламын.
– Ал өмірде қандай енесіз? Фармон бибімен ұқсастығыңыз бар ма?
– Қатып қалған қағидалармен өмір сүрмеймін. Еркіндікті сүйемін. Қолымнан келгенше келініме қолғабыс етуге тырысамын. «Сен – келін, мен – ене» деп санасып отырмаймын. Жағдайым келіп тұрса немерелерімді де бағып, шайымды да өзім құйып іше беремін. Қазақ «Бала балдан тәтті, немере жаннан тәтті» деп бекер айтпаса керек. Дидарымнан көрген қызығым – Дияр мен Дәлилә атты қос немерем бүгінде бар өмірімнің мәні. Бар тілерім – балаларымның амандығы. Солардың қызығын көрсем деп Алладан ұзақ өмір тілеймін. Өйткені Дидарым – жалғыз. Сол жалғызымды жалғыз өзім жүріп жеткіздім. Енді ұлымның қуанышына куә болып, қасында ұзағырақ жүре тұрсам деген үлкен арманым бар. Алладан жалғыз-ақ тілерім – осы.
– Сүйікті комедияңызды сүйіктіңізді жер қойнына тапсырып тұрып қайғыдан қан жұтқан халіңізді білдірмей, күліп те күлдіре жүріп ойнап шыққан екенсіз. Қаршадай ғана қазақ қызының бойына осыншалықты қайсарлық қайдан біткен?
– Бұл сәт көп қозғағым келмейтін өмірімнің бір қиын кезеңі ғой, қызым. Иә, ол қаралы күні репертуарда «Келіндер көтерілісі» комедиясы болатын. Өзі өте ұзақ қойылым. Жолдасымның қазасын спектакльге екі сағат қалғанда естідім. Бірақ менің қолымнан не келеді? Не істерімді білмей дәрменсіз күйде Талғат Теменовке қоңырау шалдым: «Билет сатылып кетті, ауыстыра қоятын да адам жоқ. Енді не істейсің? Жинал!» – деді. Амал жоқ, спектакльді аяғына дейін ойнап шықтым. Грим салды, бірақ оны да сол күні бетім жатырқады. Бояуды қабылдамай қойды. Қасымдағыларға: «Мен ойнап болғанша біреуің келмеңдер қасыма» деп грим бөлмемді тарс жауып алдым. Ойнап шыққаннан кейін ғана есік ашық дедім. Сырттай күліп, сахнада билеп жүргеніммен ішім алай-дүлей болып жатқан еді. Бірақ амал қанша, бұл өмір ғой. Ондай жағдайлар болады. Хадиша Бөкеева апаларымның басынан да мұндай жағдай өткен. Ол кезде біреулер әдейі телеграмманы әкеліп берген деп еститінбіз. Мені де тағдыр сынаған екен. Сынбай көтеруге тырысып бақтым. Оңай болмады. Үйде қандай жағдай болып жатса да, сахнада сен әртіссің. Оны көрерменге не деп айтасың? Қалай түсіндіресің? Мәселен, өзің өліп қалып, сахнаға шыға алмай қалсаң, онда себебін түсіндіруге болады. Ал мынадай жағдайда не деп айтады? Оған көрермен кінәлі емес. Сондықтан ештеңені білдірмей ойнап шығуға тура келеді. Әртіссің бе, демек ол – сенің міндетің.
– «Сырттай күліп жүріп, іштей өксідім» дедіңіз. Өмірде мұндай сәттеріңіз көп болды ма?
– Өксідім демей-ақ қояйын, бірақ өкінген сәттерім болды. Қиындықтың бәрін көптің алдына жайып сала бермейсің ғой. Алайда дымыңды білдірмей бәрін іштей қайыспай көтеру қажет кездер болады. Сондайда өзіңнен басқа тірегің жоқ. Жалпы, маған өмірде көп нәрсе қиындықпен келді. Жеке өмірімде де, шығармашылығымда да солай. Арманымдағы кейбір кейіпкерлер қиял күйінде көңіл түкпірінде қалды. Кинодағы мүмкіндіктерімді де толық ашатын режиссер жолықпады. «Халық әртісі» атағына ұсынылған жылы бұл атақ алынып қалды. Тіпті театрда талай кесек бейнелерді сомдап жүріп, «Үздік актриса» деген атақты сол ірі рөлдерім үшін емес, режиссер Асхат Маемиров қойған «Қара шекпен» қойылымындағы Қосүрей атты қоян рөлі үшін жақында ғана алдым. Қарап тұрсаңыз, парадоксы көп өмір. Бірақ оған мен еш өкінбеймін, бәріне Құдайға шүкір деймін. Тек Алланың берері таусылмасын!
– Ал өмірдегі, өнердегі жетістігіңіз неде?
– Өнердегі жеңісім – ұстаздарым мен замандастарым. Оны мен ойланбай айта аламын. Біздің жастық шағымыз кіл мықтылардың ұстаздық еткен уақытына тұспа-тұс келді. Қазақстанның халық әртістері Ыдырыс Ноғайбаев, Рабиға Қаныбаева, Галина Рудковская сынды шеберлерден тәлім алдық. Оған қоса Асқар Тоқпановтан дәрісін тыңдау бақытына ие болған буынбыз. Нұрқанат Жақыпбай, Досхан Жолжақсынов, Ғазиза Әбдінәбиева, Гүлжамал Қазақбаева, Қадірбек Демесінов – бәріміз осы сахнада бір буын болып қалыптастық, өстік, жетілдік. Марқұм Құдайберген, Тоқсын, Уәйістей оғландармен қатар оқыдық. Ең алғашқы режиссерім Виктор Станиславович Пұсырманов деген кісі еді. Жастар театрына сол кісі шақырды. Мүмкіндігімді ашқан, осы рөлге лайықсың деп қабілетімді көре білген Р.Сейтметов, В.Мажурин, М.Байсеркенов, А.Кенжеков, М.Қасенов, Ж.Хаджиев, Е.Обаев сынды режиссерлерге алғысым шексіз. Кейінгіден М.Ахманов, А.Маемиров, Ж.Жұманбай сынды жігіттер де «осы рөлді дәл сіз ғана сомдай аласыз» деп қанаттандырып, шабыттандырып қояды. Жалпы, мен бақытты жанмын. Қасым Жәкібаев, Байділда Қалтаев, Мәкіл Құланбаев сынды ағалар мен Әмина Өмірзақова, Сәлима Саттарова, Тамара Қосыбаева сияқты апалардың мейіріміне бөленіп өстім. Әсіресе, Қасым ағаның қамқорлығы ерекше еді. Мінезді кісі ғой, кез келген адамды жанына жақын тарта бермейтін. Театрдағы әріптестерінің ішінде Роза Әшірбекова екеумізді өле-өлгенше «қыз» деп еркелетіп кетті. Әрқайсысы бір-бір мектеп еді ғой. Сол тәлімді көргенімді бүгінде үлкен бақыт санаймын. Ол кісілердің әр сөзі – құлағымда, қамқорлығы – жүрегімде. Ал өмірдегі жетістігім – ұлым Дидар. Баламды 8 айлығынан бастап қолтығыма қысып театрға әкелдім, гастрольдерге бірге алып кетіп жүрдім. Қазір өткенге көз жүгіртіп қарасам, жеке өмірімнің өзін өнермен егіз өрген екенмін. Менде тек театр және балам болыпты. Ендігі тілек – Алла өмірімді де, өнерімді де мәнді еткені һәм Отанымның тыныштығы, елімнің амандығы.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»