Елімізде соңғы бес айда 600-ден аса есірткі сатушы ұсталса, оның 99-ы – әйел. Ішкі істер министрілігі, әсіресе Телеграм желісінде есірткі саудалаушылар саны өсіп бара жатқанын айтып, дабыл қағып жатыр. Соңғы 5 айдың өзінде есірткі жарнамалайтын 2200-ден астам сайт бұғатталған. Бұл туралы Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кезекті отырысында құзырлы орган өкілдері мәлімдеді.
Жиынға заң шығарушы, атқарушы және сот, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар, адам құқықтарын қорғайтын өзге де институттар, білім беру және денсаулық сақтау саласының өкілдері қатысты. Комиссия отырысында халық денсаулығын сақтау, нашақорлықтың алдын алу, саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері, есірткі бизнесіне қарсы күрес жоспары талқыланды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, синтетикалық өнім саудасы киберкеңістікке оңай сіңіп кеткен. Осы орайда олар заңсыз айналымға тосқауыл қоюға жаңа технологияларды, жасанды интеллекті игеруі керек деген пікірді ортаға салды. Өйткені соңғы кезде тыйым салынған заттардың жарнамасы «жеңіл» табыс ретінде ұсынылып жүрген көрінеді.
– OLX-ке кіріп, жұмыс іздеген кез келген адамды жұмысқа шақырып, Телеграмға сілтеме жасайтындар көбейген. Кейін «закладчик» өз жұмыстарын ұсына бастайды. Сөйтіп, оңай олжаға тап боламыз деп бас бостандықтарынан айырылып қалғандарын түсінбей қалады. Қылмыстық кодекстің 296, 297-баптары бойынша есірткі сатқаны үшін 14 жасынан бастап бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Желідегі мұндай заңсыздықтарды анықтауға мүмкіндік беретін «айлис», «аргус» және «тритон» деген қондырғылар бар. Олар теріс контентті тауып, бірден бұғаттайды. Мәселен, 2021 жылы – 1600, былтыр – 1900, ал биылғы бес айдың өзінде нақты 2200 сайт бұғатталды. Бұл – көбінесе Телеграмнан басқа каналдар. Есірткі саудагерлерімен нақты күрес жүргізу үшін өзге де жүйелі іс-шараларды қолға алу мақсатында жергілікті атқарушы органдардың жауапкершіліктері күшейтілген, – деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Әмірханов.
Мамандардың айтуынша, заңсыз айналымнан 2,5 мың тоннадан аса синтетикалық өнім тәркіленген. Оның басым бөлігі – марихуана. Сондай-ақ 30 жасырын лабораторияның жолы кесілген.
– Есірткіге қарсы күресте барлық азаматтық қоғам институты мен жастар ұйымын белсенді тарта отырып, жұмысты күшейту қажет. Бастысы – осы препараттарды тарататындар мен оларды өндіретіндерге тосқауыл қою. Сондай-ақ есірткіге тәуелді адамдарды медициналық және әлеуметтік оңалту жұмыстарын да жандандыру маңызды, – деді Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен есірткіге еліккендермен жұмысты күшейту мақсатында кешенді жоспар әзірленген. 2023-2025 жылдарға арналған бағдарлама негізінде адамның санасын улап, болашағына балта шабатындарға қарсы күресте құзырлы органның техникалық базасын жаңарту көзделіп отыр.
Басқосуда комиссия мүшелері еліміздің барлық өңірінде нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға бағытталған мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штабтың жұмысын жандандыру қажет екенін ерекше атап өтті. Бұған қоса профилактикалық жұмыс шеңберінде барлық деңгейдегі әкімдердің, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт мекемелері басшыларының назарын балалардың, жасөспірімдер мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға зейінін аударды. Бұл ретте 12 жасқа толмаған, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленген балаларға дене шынықтыру және спортпен айналысуға арналған тегін секциялар, клубтар және жазғы демалыс лагерьлерінің желісін дамыту ұсынылды. Отырыста есірткі таралуының алдын алу мақсатында мемлекеттік цифрлық жүйелердің, атап айтқанда, «Отбасының цифрлық картасының» әлеуетін пайдалану да сөз болды. Сондай-ақ қатысушылар жеке сот орындаушыларының кадрлық құрамын жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді, балаларға алимент өндіріп алудың тиімділігін арттыру бойынша жүйелі іс-шаралар қабылдауды атап өтті.