Синоптиктер 24-26 маусым аралығына арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша, алдағы демалыс күндері республика аумағы атмосфералық фронтальды бөліктердің ықпалында болады. Сәйкесінше тұрақсыз ауа райы күтіледі. Кең алқаптар бұлттанған жерлерде найзағай ойнап, жаңбыр жауады, екпінді жел соғады, сондай-ақ бұршақ күтіледі.
«24-25 маусымда шығыста, оңтүстік-шығыста, 26 маусым күні солтүстікте қатты жаңбыр жауады, Қазақстанның оңтүстік-шығысында шаңды дауыл күтіледі. Еліміздің солтүстік-батысында топырақ бетінде -1 °C үсік жүреді», делінген хабарламада.
Синоптиктер температура фонында айтарлықтай өзгерістер күтілмейтінін атап өтті.