Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Польшаның Даму және технологиялар бірінші вице-министрі Гжегож Пеховяктың төрағалығымен Қазақстан-Польша экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 9-отырысы өтті.
Үкіметаралық комиссияның жұмысына екі елдің салалық министрліктері мен ведомстволарының өкілдері қатысты. Отырыстың күн тәртібі өзара сауданы кеңейту, бірлескен инвестициялық жобаларды, оның ішінде шағын және орта бизнес, көлік және логистика, агроөнеркәсіптік кешен, азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс, машина жасау, фармацевтика, қаржы, білім беру және туризм салаларындағы жобаларды іске асыру мәселелерін қамтыды.
Тараптар Қазақстан мен Польша арасындағы екіжақты тауар айналымы артып келе жатқанына тоқталды. Оның көлемі 2022 жылы 1,4 млрд долларды құрады. 2023 жылдың алғашқы 4 айында оның көлемі 430 млн доллардан асты. Осы орайда Польша үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Г.Пеховяк Қазақстан Польшаның Орталық Азиядағы жетекші серіктесі екенін айтып, поляк тарапының елімізбен сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға ниет білдірді.
Өз кезегінде Р.Василенко мемлекет тарапынан шетелдік инвесторларды қолдау құралдары туралы хабардар етті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға барлық шетелдік әріптестерден тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 28 млрд долларды құрады. Бұл – кейінгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Бұл ретте Польшадан 2022 жылы 75 млн доллар, ал 2005 жылдан бері 350 млн доллар тартылған. Қазақстанда поляктардың қатысуымен 100-ден астам компания жұмыс істейді.
Батыстың санкциялық саясатының Қазақстан экономикасына жанама әсері және оның осы мәселе бойынша шетелдік әріптестермен өзара іс-қимылы мәселелеріне ерекше назар аударылды. Польшаның Еуропалық одаққа мүшелігін ескере отырып, тараптар Астана мен Брюссель арасындағы Еуропаға сапар шегетін Қазақстан азаматтары үшін визалық режімді жеңілдету жөніндегі келіссөздерді жедел бастаудың маңызын атап өтті.
Бірқатар бағыт бойынша ынтымақтастықты арттыруға өзара мүдделілікті растай отырып, тараптар басым бірлескен іскерлік жобалардың тізімін өзектендірді және экономиканың нақты салаларында екіжақты өзара іс-қимылды нығайту уағдаластығына қол жеткізді. Іс-шараның нәтижесінде Қазақстан-Польша экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы отырысының хаттамасына қол қойылды.
Отырыс қарсаңында Варшавада екі елдің іскер топтарының 250-ден астам өкілінің қатысуымен «Польша-Қазақстан» бизнес-форумы өтті. Форум барысында еліміздің инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Бірқатар саладағы өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылды. Бизнес-форум қорытындысы бойынша екі елдің коммерциялық субъектілері арасында бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондай-ақ «Kazakh Invest» ҰК» АҚ мен Польшаның «Seneka poland» компаниясы арасындағы Қазақстанда балық азығын өндіретін екі зауыт салу туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Жобаның құны 100 млн еуроны құрайды.
Сапар аясында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Р.Василенко Польша Президенті жанындағы Халықаралық саясат бюросының басшысы Марчин Пшидачпен, Польша Сыртқы істер вице-министрі Павел Яблонскиймен екіжақты кездесулері өткізілді. Екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасты. Келіссөздер қорытындысы бойынша саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы одан әрі практикалық өзара іс-қимыл туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Польшаның жетекші аналитикалық топтары өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелде Р.Василенко жақында өткен Астана халықаралық форумының қорытындыларын, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын іске асырудың негізгі бағыттарын ұсынды. Варшавадағы іс-шарада екі елдің ғылыми-зерттеу институттары желісі бойынша ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара мүдделі екенін жеткізді.