• RUB:
    4.94
  • USD:
    495.2
  • EUR:
    522.34
Басты сайтқа өту
Мәдениет 26 Маусым, 2023

Мәдениет пен өнердің жаңарар кезі

357 рет
көрсетілді

Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының ұйымдастыруымен еліміздегі концерттік мекемелердің «Мәдени байланыстарды қалыптастыру және дамыту» семинары өтті.

Өнер ұжымдары басшыларының басын қосқан шараның негізгі мақсаты – Қазақстанның мәдениет саласын көркейту, сондай-ақ алдағы уақытта жүзеге асырылуы тиіс мәселелерді саралау.

Семинарға төрағалық етіп, алғашқы сөз тізгінін алған Ақан Абдуалиев өз баяндамасында бүгінгі таңда қордаланған мәселелер тізбегін атап өтті.

Күн тәртібінде репертуардағы ұлттық шығармалардың аздығы, техникалық мамандар жетіспеушілігі, артистерді аттестациядан өткізу, нормативтік құжат, гонорар мен қаражат мәселесі, мерейтойлық, даталы іс-шаралармен қатар, техникалық жабдықтардың әлсіздігі жөнінде қызу талқыланып, оларды оңтайлы шешу жолдары қарастырылды.

Жиынға еліміздің әр өңірінен келген концерттік мекеме басшылары арасынан жетекші ретінде бірауыздан «Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігі» ҚМҚК басшысы Талғат Ыдырысов тағайындалды.

Алдағы уақытқа жоспарланған ортақ жұмыстар заман талабына сай болуымен қоса, ұлттық құндылықтардың қаймағын бұзбай іске асырылуы қажеттілігі және осы сынды бірқатар талап-тілек айтылды. Семинарға қатысушылар өнер ұжымдарындағы аспаптарды жаңарту, өзара шығармашылық қарым-қатынасты нығайту мен наградалау жұмыстары, еліміздегі филармониялардың ассоцияциясы мен қорын және ортақ электронды порталын құру, оларды цифрландыру, жастармен жұмыс істеудегі олқылықтарды түзету, артистерге және өзге де қызметкерлерге арналған шеберлік дәрістерін көбейту, мәдениет заңдарына өзгерістер енгізу, сахна костюмдерін жаңартуға байланысты ұсыныстарын білдірді. Аталған шарада сөз алған «Домбырашылар одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қанат Ержігітов филармониялардың бейнебаяндары мен гастрольдік роликтерін өз арналарында көрсетуге дайын екенін тілге тиек етті.

Сайып келгенде, семинар қорытындысы ретінде шешімін табуға тиіс күрделі мәселелер мен ұсыныстар легі сараланып, жиын соңында мекеме басшылары өзара меморандумға қол қойды. Сондай-ақ шараны ұйымдастырған Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының атынан естелік сыйлықтар табысталды.

«Жалғыздың аты, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, бірлесе жұмыс істеп, бірлікте әрекет етуге бағытталған басқосу мәдениет пен өнер саласын өркендетіп, дамыту жолындағы елеулі өзгерістердің, жарқын істердің бастамасы болады деп сенеміз.

 

Гүлайым ЖҰМАШ