Велоспорттан Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы, 2017 жылғы Азия чемпионы Алексей Луценко VI жазғы спартакиаданың жеңімпазы атанды.
Талдықорған қаласында ұйымдастырылған тас жолдағы велоспорттан жекелей жарыстың жеңімпазы атанған Луценко спартакиаданың соңғы күніндегі топтық жарыста да алдына жан салмады. 164 шақырымға (5 айналым) жалғасқан жарыста ұлттық құраманың көшбасшысы, Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Алексей Луценко мәре сызығын бірінші болып кесті. Екінші орынды жеңімпаздан 2 минут 5 секундқа қалып қойған Ақмола облысының велошабандозы Евгений Гидич иеленсе, үздік үштікті Солтүстік Қазақстан облысының тағы бір спортшысы Даниил Марухин түйіндеді.
23 жасқа дейінгі велошабандоздар арасындағы бәсекеде Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуровтың ұлы Николя Винокуров (СҚО) Қазақстан чемпионы атанса, Андрей Ремхеге (Алматы облысы) күміс жүлде бұйырды. Қола жүлдені Өркен Сламжанов (Жетісу облысы) иеленді.