Кейінгі жылдары еліміздің әр жас санатындағы теннисшілері бірқатар халықаралық турнирге қатысып, бірінен соң бірі жеңіс тұғырына көтеріле бастады. Мәселен, жасөспірімдер арасында бақ сынап жүрген Заңғар Нұрланұлы жуырда ғана Еревандағы ITF Juniors J30 турнирінде топ жарса, бірер жыл бұрын ғана ересектер бәсекесіне ауысқан Жібек Құламбаева сәуір айында Түркиядағы ITF жарысында жеңімпаз атанды. Ал күні кеше ерлер арасындағы ел теннисінің көшбасшысы Александр Бублик карьерасында алғаш рет ATP 500 санатындағы турнирдің жеңімпазы атанып, еліміздегі теннис жанкүйерлеріне үлкен қуаныш сыйлады.
Германияның Галле қаласында ұйымдастырылған «Terra Wortmann Open» жарысының финалында Александр Бублик ATP санатындағы 17 жарыстың жеңімпазы, Токио Олимпиадасының чемпионы, әлемнің 7-ракеткасы 25 жастағы ресейлік Андрей Рублевпен бас жүлдені сарапқа салды. Осыған дейін Александр жеті рет ATP жарыстарының финалына шықса да, соның тек біреуінде ғана жеңіске жеткен болатын. Отандасымыз былтыр Монпельедегі ATP 250 турнирінде дара шықты. Енді, міне, биыл алғаш рет ATP 500 деңгейінде финалға шығып, бірінші ұмтылысында-ақ чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Андрей Рублевтің есімі барша теннис жанкүйерлерімен қатар, Александр Бубликтің өзіне де жақсы таныс. Бозбала шағынан бастап екеуі теннис спортының әліппесін бірге үйреніп, талай мәрте кортта шеберлік байқасқан. Бір-бірінің қыр-сырын өте жақсы біледі. Ересектер жарысында да олар бүгінге дейін төрт мәрте кездесіп, соның үшеуінде Рублевтің, біреуінде Бубликтің бағы жанған. Кешегі матчтан кейін екі теннисші арасындағы жеке есеп 3:2-ге дейін қысқарды.
Галледегі орталық кортта өткен финалдық матчты Александр «ә» дегеннен брейкпен бастап, сол басымдығын бірінші партияның соңына дейін сақтап қалды – 6:3. Екінші партияда есеп 3:2 болған мезетте ресейлік спортшы брейк жасап, 4:2 есебімен алға ұзап кетті. Кейінгі геймдерде Бублик есе қайтаруға тырысқанымен, Рублев тоғызыншы геймде екінші партияны өз пайдасына аяқтады – 6:3. Екі сеттен кейін таразы басы теңескен соң, бар мәселе үшінші партияда шешілді. Бублик соңғы сетті де брейкпен бастады. Екінші геймде отандасымыз үш брейкпойнттың үшіншісін тиімді пайдаланып, 2:0 есебімен ойындағы басымдықты өзіне аударды. Ал допты матчқа қосқан тоғызыншы геймде Бублик үш мәрте қос қателік жасап, қарсыласына брейкпойнт жасауға мүмкіндік беріп қойғанымен, соңғы сәтте ойын тізгінін өз қолына алып, 6:3 есебімен қарсыласын қапы қалдырды. 1 сағат 36 минутқа жалғасқан матчта Бублик 21 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Осылайша, 26 жастағы Александр Бублик өзінің спорттық жолында алғаш рет ATP 500 додасының чемпионы атанды.
Жерлесіміздің тамаша жеңісінен кейін Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов Александр Бубликті жетістігімен құттықтап, оның табысына қатысты пікір білдірді. «Александр Бубликті теннис мансабындағы кезекті қадамымен – АТР-500-дегі бірінші титулымен құттықтаймын. Саша өзі үшін және елімізде теннистің дамуы үшін үлкен жеңіске қол жеткізіп, жас ұрпаққа үлгі көрсетті. Финалға барар жолда мықты қарсыластарды ұтты. Ал финалда бар күшін салып, әлемнің 7-ракеткасы Андрей Рублевті жеңді. Ерлер құрамасының көшбасшысына жаңа табыстар тілеймін!», деді Б.Өтемұратов.
А.Бублик Галледегі турнирде бірқатар мықты теннисшіні жарыс жолынан ығыстырды. Атап айтар болсақ, бірінші кезеңде ол ATP санатындағы үш турнирдің жеңімпазы және Хорватия құрамасымен бірге Дэвис кубогінде топ жарған әлемдік рейтингте 14-орында тұрған хорватиялық Борна Чоричті екі сетте 6:3, 6:1 есебімен жеңсе, екінші айналымда германиялық Ян-Леннард Штруффтен басым түсті – 6:3, 6:7, 6:3. Ал ширек финалда әлемнің 8-ракеткасы италиялық Янник Синнерді (7:5, 2:0), жартылай финалда Токио Олимпиадасының чемпионы, АҚШ ашық чемпионатының финалисі германиялық Александр Зверевті (6:3, 7:5) қапы қалдырып, финалға жолдама алды.
Еліміздің бірінші ракеткасы бұл жеңісінен кейін Кәсіби теннисшілер қауымдастығының (ATP) дүйсенбі күні жаңартқан рейтингінде 22 сатыға жоғарылап, 48-ден 26-орынға бір-ақ көтерілді. Бұл – Бубликтің әлемдік рейтингтегі жеке рекорды.