Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада мажардың аса көрнекті ақыны Шандор Петөфидің қазақ тіліне Қадыр Мырза Әли аударған «Махаббат пен бостандық» атты жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Халықаралық түркі академиясы мен Қазақстандағы Мажарстан елшілігі бірлесіп ұйымдастырған ұлағаты мол рухани шара әлемге танымал әйгілі тұлғаның 200 жылдық мерейтойына арналды. Айта кететін бір жайт, бостандық жыршысының өршіл рухты бұл өлеңдері бұрынырақ талантты жазушы Роллан Сейсенбаев басқаратын «Абай» клубының қолдауымен «Азынаған қара айғыр» деген атпен жарық көрген еді.
Азаттық үшін айқаста шаһид кеткен Шандор шайыр жалғанның жарығында небәрі жиырма алты жыл ғана өмір сүрсе де артына өшпес мұра қалдырып үлгерді. Тұлпар мініп, ту ұстап, ұлтының ұлықтауға лайық ұлына айналды. Ең бастысы, ет жүрегі елжіреп елін сүйді.
«Бір сөз айтсам оқталып,
Ренжімес өзгелер.
Жер бетінде жоқ халық,
Венгрлерге тең келер».
Осы жолдарды оқығанда сіздің де өн бойыңызды өзгеше күйге бөлер өткір сезімдер билейді.
Кейде күңіреніп, бодандық бұғауында бұлқынған арда жұртының азып-тозып бара жатқанына жаны ашиды.
«Даналығы, қарағым,
Санасында сақтаулы.
Енді құрып барады,
Осы халық мақтаулы».
Асау сезімдер арындаған албырт шағында ол асқақ романтиканың жалауын желбіретті. Махаббатты, сүйіспеншілікті, жастықты жырлады.
«Ақ таңымды ысырды түндер менің,
Осы ғана еді ғой гүл бергенім.
Қоштасқалы отырмын келе сала,
Аймалап та мен сені үлгермедім.
Махаббатқа табынар табынса адам,
Жаратқаның жар болсын,
жарым, саған».
Алайда ел үшін еңіреп туған есіл ер «сүйдім, күйдімнің» әдемі әсерімен ерте қоштасты. Жатжерліктер жаншып, езген халқының азаттығы жолында атқа қонды. Отаншылдық, ұлтжандылық ұғымдары алдыңғы кезекке шықты. Өйткені байлаулы басқа бақ қонбасын білді. Тарихтың тайғақ кешуінде екінің бірін таңдауға тура келді.
«Махаббат және Бостандық,
Білмеймін бұдан басқаны.
Махаббат қонса қолыма,
Өмірім беріп, аламын.
Еркіндік үшін соны да,
Құрбандығына шаламын».
Он тоғызыншы ғасырдың орта тұсында азаттық аңсарынан оянған Еуропаның көптеген елі отаршылдыққа қарсы көтеріліп, қолдарына қару алды. Сол тұста Дунай бойындағы мадьярлар да бұлқан-талқан бүлінді. Астамсынған аустриялықтарға бас ұрып, бағынғылары келмеді. Ақырып теңдік сұраған арыстардың маңдай алдында марғасқа Шандор Петөфи жүргені әмбеге аян. Ашынған ақынның аузынан от-жалын атқылады.
«Таппай маған балама,
Ырза болар Ел-анам.
Халқым үшін бір күні,
Кек аламын Венадан.
Жүректерге тілімдеп,
Жазам ана тілімде.
«Өлім!» – мықты өлеңім,
Сол болады түбінде».
Ал енді мына бір шумақтар оның өмірдегі өзгермес ұстанымы, шығармашылығының ұраны секілді көрінеді.
«Тұр, мадьяр! Басың көтер! Сынатпа!
Қасіретті қалың елді жылатпа!
Не ұлы бол, не құлы бол заманның,
Ермін десең, қару ал да, мін атқа!
Ашу-кектің алау-оты қоздасын!
Бес қаруды тат баспасын, тозбасын!
Оңбайды адам елі менен жұртынан
Жоғарырақ қояр болса өз басын!»
Қалам мен қаруды қатар ұстаған хунгардың қаһарман перзенті пешенесіне жазылған қысқа ғұмырында сөйтіп туған халқының төрт құбыласын түгендеуге қызмет етті. Жорық жырларымен соңынан ерген сарбаздардың рухын көтерді. Ерлікке, елдікке үндеді. Ақыры аттандап ата жауға қасқая шапқан қанды шайқастардың бірінде қаза тапты. Қапияда опат болған батырдың сүйегі қайда қалғаны күні бүгінге дейін белгісіз. Айтылар аңыз-әпсана көп. Бірақ байламы жоқ. Қайсысына сенеріңді білмейсің. Бір білетініміз – оның жарқын бейнесі мен жалынды жырлары ел-жұртының мәңгілік есінде қалды.
...Айтпақшы, біз кітапханадағы кездесуде отыр едік қой. Ақынның асқақ жырлары бізді бір қиырдан бір қиырға жетелеп әкеткенін қалай байқамай қалғанбыз. Оқасы жоқ, ол да осынау тақырып аясындағы толқу-шалқу емес пе?..
Маңғаздана мінбеге көтерілген Мажарстан елшісі Отто Иван Рона әңгімесін әріден бастап, Шандор Петөфидің тұлғалық қасиеттеріне тоқталды. Таңданысына қарай, мына кітаптың еш кедергісіз әрі тез арада жарияға жеткенін, енді оның жоғары оқу орындарына, мектептерге, көпшілік кітапханаларға тегін таратылатынын, бұл екі ел арасындағы мәдени-әдеби байланыстардың нығаюына үлкен үлес қосатынын ризашылықпен айтты. Сөзінің соңында Ш.Петөфидің бір-екі өлеңін мажар тілінде оқып берді.
Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев мажарлардың мақтанышы Шандор Петөфи тек тамаша ақын ғана емес, сарабдал саяси қайраткер екенін де айрықша атап өтті. Дүниежүзіндегі ұлттық қозғалыстар тарихымен жастайынан танысқанын алға тарта отырып, олардың көбіне өзінің еліктеп өскенін еске алды. Түркологияны насихаттауға көп көңіл бөлетін Мажарстанмен бірлесіп өздерінің бірқатар жобаларды жүзеге асырып жатқандарын тілге тиек етті.
Мәнді мәжілісте белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Әділ Ахметов, Ұлттық кітапхана басшысының орынбасары Нұржан Жолдыбалинов, тарих ғылымдарының кандидаты Жұмамұрат Шәмші сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.
Басқосу барысында шараға қатысушы зиялы қауым өкілдері Шандор Петөфидің өмірі мен шығармашылығына арналған көрмемен танысып, өздері білетін және білмейтін біраз мәліметке қанықты.