• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Пікір 27 Маусым, 2023

Ұлы дала мен Мысырды жалғаған даналық

200 рет
көрсетілді

Иә, Мысыр астанасы Каир қаласындағы Байбарыс мешіті Ұлы даланың осы елдегі даналық шамшырағы-сынды. Елді талай жыл би­леген Байбарыс сұлтан­ға мысырлықтардың құрметі ерекше екеніне талай рет көзі­міз жетті. Әсіресе Қазақстан Үкі­метінің қолдауымен күрделі жөндеу жүргізіліп, қайта ашыл­ған «Сұлтан Аз-Заһир Бай­ба­рыс» мешіті ХХІ ғасырда тарих пен дәстүрді құрметтеудің рәмізі болмақ.

Бұл мешіттің тарихы тым тереңде. Мешітті 1266 жылы Байбарыс сұл­тан­ның өзі салдырған болатын. Мәм­лүк сәулет өнері үлгісі бойынша бой көтерген мешіт аумалы-төкпелі дә­уір­лерде түрлі ауыр жағдайды бас­тан өткерді. Олай дейтініміз, мешіт мұ­на­расы құлатылып, әскери казарма­ға, наубайханаға айналған, қаңырап бос қалған кезі де болды. Қа­зақстанның жан-жақты жәрдемінің ар­қасында Байбарыс сұлтан мешіті бас­тапқы кескініне сай қайта жаңғырып, тарихи құндылығы мен ерекше сәулетімен Мысыр астанасына көрік беріп тұр.

Өз заманында Мәмлүк сұлтаны Байбарыс пен Алтын Орда ханы Бер­кенің арасында берік дипло­матиялық байланыс болған еді. Бауырлас екі ел күш біріктіру нәтижесінде Ислам әлеміндегі ірі жеңістерге қол жеткізді. Мәмлүк сұлтандығы мен Алтын Орда хандығы арасындағы сол байланыс еліміз тәуелсіздігін алған тұста қайта жалғасты.

1993 жылы сәуірде Каир қала­сында Қазақстанның Мысырдағы елшілігі ашылды. Екі елге ортақ діни құндылықтар мен тарихи тұлғалар­ды насихаттау ісі қолға алынды. Қазақ­стан және Мысыр үкіметтері арасын­да ортақ келісімдер қабылданып, нә­тижесінде екі елге ортақ тарихи мұра – Байбарыс мешітінің жөндеу жұ­мыстары қолға алынды. Қазақстан Үкіметі даңқты бабамыздың мешітін жөндеуге 4,5 млн доллар бөлді. Мі­не, жөндеу жұ­мыс­тары аяқталып, құл­шылық үйі жамағатқа есігін қайта аш­қан тарихи сәтке куә болдық. Бұл иігі­лікті іс – Қазақстан мен Мысыр ара­сындағы байланыстың қарқынды түр­де дамып келе жатқанының бір айғағы.

Біз үшін Байбарыс қандай қадір­лі болса, Мысыр халқы да солай құр­мет­тейді. Оған осы сапарымызда тағы да көз жет­кіздік. Мысыр ғана емес, көптеген мұсылман елдері Бай­ба­­рыс сұлтанды жақсы біледі, жақ­сы кө­реді. Оны көптеген елге сапарлай бар­ғанда байқап жүрміз. Мұсылман халықтары неге Байбарыс сұлтанды ерекше құрметтейді? Себебі Байба­рыс Мәмлүктер мемлекетін басқар­ған кезде Исламды бөлшектеуге ты­рысқан кресшілер жорығына, асыл діннің айбынын қашырған моң­ғол шапқыншылығына тойтарыс берді. Дін дұшпандары Ислам хали­фатын құлатқан кезде Мысырды Ислам әле­­мінің орталығына айналдырып, діннің шырағын қайта жақты. Нақ­тырақ айтсақ, Ислам әлемі халифасыз қалып, мұсылмандардың құт-бере­кесі қашқан кезде Байбарыс сұл­тан жан сауғалап жүрген Аббаси хали­фа­ты­ның өкілін Каирге алдырып, зор қо­ше­мет көрсетті. Оны Ислам әле­­­мі­нің халифасы етіп жариялады. Бай­­барыс сұлтанның пәрменімен жұ­ма құтбасында халифаның аты жа­зылған ақшалар қолданысқа енді. Осы құрметі үшін Аббаси халифа­сы Байбарысты «Мысыр, Шам, Бәкр, Хижаз, Иемен және Евфрат аймақтарының билеу­шісі» деп атады. Алайда Байбарыс сұлтан «Хижаз аймағының билеушісі» деген атақтан бас тартып, «Хадимул-харамәйн», яғни «Қасиетті қос харам­ның (мекен­нің) қыз­­метшісі» деп атау­ды лайық көрді. Байбарыстың «би­леуші» атауынан бас тартып, «қыз­метші» деген атты өзіне лайық көруі Алланың шынайы мұсылман құлы болғанын көрсетеді.

Байбарыстың билікке келуімен Мы­сырда жаңа тарихи кезең басталды. Сұлтан бар күшін халықтың әлеуе­тін көтеруге, елдің дамуына бағытта­ды, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігін әрдайым назарында ұстауға тырыс­ты. Халық өмірімен етене танысу мақ­сатында хазіреті Омар (оған Алла разы болсын) секілді қарапайым киі­ніп, ел ішін аралады. Елдегі алым-са­лықты азайтты, сәулет өнерін, пош­та қыз­метін, сыртқы саясатты жетіл­дір­ді. Байбарыс сұлтан нағыз дипломат еді. Ол сыртқы саясатта әскери күшке ғана емес, әскери күштен кем ықпал етпейтін дипломатиялық сая­сатқа да жүгінді. Соның арқасында Мы­сыр­дың Византия, Алтын Орда мем­­лекеттерімен байланысын кү­шейтті. Байбарыс Мәдинадағы Пай­ғамбар мешіті, мұсылмандар үшін қа­сиетті саналатын басқа да көптеген кө­­не мұраны қалпына келтірді. Арада қан­шама жыл, қанша ғасыр өтсе де мұ­сылмандар Байбарыс бабамыз­дың осы жақсылықтарын ешқашан ұмытқан емес.

Қазақстан мен Мысырды екі елге ортақ діни құндылықтар, ортақ тарих пен Байбарыс бабамыз секілді ортақ тарихи тұлғалар байланыстырады. Бүгінде осы салалар бойынша байланыс жаңа деңгейге көтерілді, екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолында түрлі ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Соның бірі осы Байбарыс сұлтан мешітінің қайта қалпына келтірілуі деп білеміз. Бұл жайында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мешіттің ашылу салтанатында: «Байбарыс сұлтан мешіті­нің қайта қалпына келтірілуі бірлес­кен жұмыстың игі нәтижесі екені сөз­сіз. Алдағы уақытта бұл орын біздің х­а­лық­тарымыздың арасындағы алтын көпір болады деп сенеміз», деп айрықша атап өтті.

Сапар аясында Сенат төрағасы Мәу­лен Әшімбаев бастаған ресми деле­гация әл-Азһардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед ат-Тайебпен кез­десті. Ахмед ат-Тайеб 2022 жылы Қазақ­станға арнайы келіп, Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының бас­қосуына қатысқан еді. Сол сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Осы кездесуде Президентіміз әл-Азһардың Жоғарғы имамына: «Біз өзіңіз басқаратын «Әл-Азһар» уни­вер­ситетін ортақ дініміз – ислам құн­дылықтарын дәріптеуші «шамшырақ» ретінде қарастырамыз. Сондықтан толеранттық пен ұстам­дылықты, сабыр­лық пен мейірімділікті ту еткен ор­талық ғұламаларының Әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­басшы­ларының басқосуына қатысуы біз үшін өте маңызды», дей келіп, «Әл-Азһардың» Қазақстанда Ислам білімі мен зерттеулерінің да­муына қомақты үлес қосып отырғанын ерекше атап өткен болатын.

Біз Каир қаласында өткен Бай­барыс сұлтанның 800 жылдығына арнал­ған халықаралық ғылыми-тәжі­рибелік кон­­­ференцияның деңгейін ерек­ше ба­ға­лаймыз. Баба мұраларын тү­ген­деу­ге арналған ғылыми жиын ба­ры­сын­да мы­сырлық және қазақ­стан­­­дық ғалымдар баяндама жасап, тың деректерді ортаға салды. Байба­рыс­тану ғылымының жаңа бағыттары айқындалды.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев түркіден шық­қан даңқты тұлға Бай­барыс баба­мыз­дың 800 жылдығын жо­ғары деңгейде өткізгені үшін Мы­сыр елі басшылығы мен халқына Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысын жеткізді.

Дін тұрғысынан қарағанда, Ұлы даладағы дәстүрлі ислам мен біздің топы­рақтан шыққан даналардың мұ­сыл­ман әлеміндегі ғұламалық, ха­кім­­дік, қаһармандық тұғыры – жан-жақты зерттеуді талап ететін тақырып.

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына қатысты оқу орын­да­ры­ның ғылыми-зерттеу орталықтары осы бағытта зерттеу жобаларын қолға алуды жоспарлап отыр.

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы,

Бас мүфти