1-23 шілде күндері Еуропа тас жолдарында велоспорттан «Тур де Франс – 2023» жарысы өтеді. 21 кезеңге жалғасатын биылғы Гранд-тур Испанияның Бильбао қаласынан басталып, Парижде мәресіне жетеді.
Биыл 110-мәрте ұйымдастырылып жатқан байрақты жарысқа Александр Винокуров жетекшілік ететін «Astana Qazaqstan Team» велокомандасының өкілдері де қатысады. Атап айтқанда, әлемдік Гранд-турда «Астана» сапынан Алексей Луценко (Қазақстан), Евгений Федоров (Қазақстан), Марк Кавендиш (Ұлыбритания), Кейс Бол (Нидерланд), Давид Де Ла Крус (Испания), Луис Леон Санчес (Испания), Джанни Москон (Италия) және Харольд Техада (Колумбия) өнер көрсетеді.
Былтырғы бәсекеде 26 жастағы даниялық велошабандоз Йонас Вингего («Jumbo-Visma») жеңіске жеткен болса, жерлесіміз Алексей Луценко жеңімпаздан 22 минут 56 секундқа қалып қойып, жалпы есепте 9-орынға табан тіреген еді. Ал «Astana Qazaqstan Team» командалық сайыста 10-орыннан көрінген болатын.