Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері суға шомылу маусымында тұрғындардан сақтық шараларын сақтауды қанша ескертсе де Ақтөбе өңірінде бір айдың ішінде кәмелет жасына жетпеген жеті бала мен екі ересек адам суға кетіп қайтыс болды.
Құтқарушылар мен полиция қызметкерлері су қоймаларына рейд жүргізіп, арнайы атты полиция жасағы тәулік бойы кезекшілік жасайды. Судан құтқарушылар демалушылардың арнайы бөлінген жағажайларда шомылып, қоршау белгілерінен әрі бармауды, мас күйде суға түспеуді, моторлы қайықтарға жақындамауды ескертіп жатса да ережені бұзатындар көп. Өкінішке қарай, мысалға келтірер қаралы оқиға көп. 27 мамырда Ырғыз ауданының Құрылыс елді мекенінде бұзау қарап жүрген 12 жастағы екі бала бұзылған бөгетке шығып, өзенге құлап кеткен. Құтқарушылар балалардың біреуінің денесін сол күні, екіншісін ертеңінде тапты. Ал 5 маусымда түс кезінде Ақтөбеде темір қорытпа зауыты іргесінен ағып жатқан Елек өзенінің жанындағы көпір түбіне суға түскен 16-17 жастағы үш жасөспірім судың иіріміне тап болып, екеуі бірден батып кетті. Үшінші бала қамысты қармана жүріп жағалауға өзі шыққан. Үшеуі де жүзу білмеген. Сүңгуірлер сол күні кешкілік 3,5 метр тереңдіктен екі баланың денесін алып шықты. 13 маусым күні кешкілік Елек өзенінің рұқсат етілмеген жерінде суға шомылған бір жасөспірім суға батып кетті. Ақтөбеде «Айболит» бау-бақша ұжымында тұратын ата-әжесінің үйіне келген 10 жастағы бала Елек өзеніне құлап кетіп, қайтыс болды.
Маусым айының бірінші күні Ақтөбенің іргесіндегі «Заречный-1» аймағында Елек жағасында ойнап жүрген топ баланың біреуі суға шомылып жүргенде ағыс ағызып кетеді. Оның бір батып, бір шығып жатқанын көрген балалар «құтқарыңдар» деп айқайлайды. Сол мезетте 16 жастағы Қолқанат Баққұл өзеннің арғы бетінен жүзіп келіп, ағыс алып бара жатқан құрдасын құтқарады. Жағалауға шыққан бойы оған алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Қысылтаяң сәтте батылдық танытқан жеткіншекті облыс әкімі Ералы Тоғжанов, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев марапаттады. Сол күндері өзенге ағып бара жатқан алты жастағы қызды құтқармақшы болған алты баланың әкесі, ақтөбелік жігіт өзі суға кетіп, бірақ қызды аман алып қалды. Осыдан үш күн бұрын Мұғалжар ауданында отбасымен бірге су жағасына демалуға келген 13 жастағы қыз да суға кетіп қайтыс болды.
Бір айдың ішінде жеті бала мен екі ересек адамның рұқсат етілмеген жерде шомылып жүріп қайтыс болуы өте алаңдатарлық жағдай. Ересектердің жаз мезгілінде балаларын бақылаусыз жіберуі осындай жазатайым оқиғалардың көбеюіне әкелді. Адамдар кез келген жерге суға түсе беруге болмайтындығын ұмытып кетеді, балаларын өзен жағасына бақылаусыз жібереді. Құтқарушылар күндіз-түні рұқсат етілген жағажайларда кезекшілікте жүргенімен, бірнеше ондаған шақырымға созылатын дала өзендерін тегіс бақылай алмайды. Оның үстіне, соңғы 5-6 жылда өзендердің тасу циклі өзгерді. Дала өзендерінің арналары бұрынғыдай толмаған соң жарқабақтары биіктеп, түбі тереңдеп барады. Өзеннің суы азайса, түбі тереңдейтін қасиеті бар екен.
Ақтөбе қаласында бүгінде 18 жағажай ашылды. Алайда оның біреуі ғана келушілерге тегін қызмет көрсетеді. Ол – қала іргесіндегі Құтқарушылар бекеті жанында орналасқан коммуналдық жағажай. Бұл жердің суы таза, жағасына күннен қорғанатын шатырлар қойылған, ыстық құмы да бар. Қалған жағажайлардың бәрі ақылы, оларға кіру құны ересектер үшін 1 мың теңгеден басталады, ал балалар үшін – 500 теңге. Ақылы жағажайларда қайық, катамарандар бар, волейбол алаңшалары орнатылған, демалушыларға барлық жағдай жасалған.
Алаңдатарлық мәселе, қазіргі кезде көп бала суда жүзе алмайды, суға түсу барысында сақтық құралдарын пайдаланбайды. Неге екені белгісіз, көп ата-ана балаларына үйірме таңдағанда көбінесе көркем және спорттық гимнастиканы таңдайды. Ал теннис, суға жүзу спортына кезек өте көп. Кезектің ұзақтығы сол, бір жылдан аса уақыт күтуге тура келеді. Соның салдарынан балаларын су спортына жаздырған ата-аналар ұзақ күтуден жалығып, балаларын басқа үйірмеге ауыстырады немесе ақылы бассейнге береді. Қалада суға жүзуді үйрететін жаттықтырушылары бар бассейндер ақылы болғандықтан, көпшілік ата-ана балаларын жүзу спортына апара алмайды. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы орташа бассейн бағасы бір бала үшін айына 15-20 мың теңге шамасында. Оған аптасына екі, кейде үш жаттығу сабағы кіреді. Суға жүзе білмейтін балалардың көбейіп кетуінің бір себебі осында жатыр. Сол себепті де мемлекеттік тапсырыс арқылы жүзу спорты, гимнастика, қысқы спорт түрлері үйірмелерін қаржыландыруға басымдық берген жөн. Өткен жылдардың қорытындысы бойынша ата-аналар мен балалардың қай спортқа басымдық бергенін талдай отырып, алдағы оқу жылында сол спорт түрлеріне тапсырыс санын көбейткен дұрыс.
Ақтөбе облысы