• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Пікір 28 Маусым, 2023

Хат қоржын

288 рет
көрсетілді

Әділетті Қазақстанның тірегі

Осы уақытқа дейін өтіп жүрген мемлекеттік деңгейдегі талай жиынды «көк жәшік» арқылы көріп, онда талқыланған мәселелерді естіп жүрміз ғой. «Сырт көз – сыншы» дегендей, одан тың жаңалық күтіп, «тосынсый» дәмететініміз бар енді. Кейде сағымыз сынып, болмаса балаша қуанып қалатынымызды да жасырмайық.

Құрылтай туралы бұрыннан тарихтан хабарым болғанмен, оның мәні мен маңызын енді-енді ғана түсініп келе жатқандаймын. Өзінің бастауын осыдан дәл бір жыл бұрын қасиетті Ұлытаудан алған алқалы жиын енді, міне, түркі халықтарының киелі шаңырағы – түрленген Түркістанда қайта жалғасты. Екі күн бойы бірнеше тақырып бойынша жан-жақты, қызу талқылау болып, ойлар ортаға салынды.

Басын ашып айтатын мәселе – биылғы құрылтай сипатының өзгешелігімен, мазмұнының ауқымдылығымен ерекшеленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрыл­тайдың екінші отырысында сөйлеген сөзін қоғамның бір мүшесі ретінде қызығушылықпен мұқият оқып шықтым. «Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады», деген Президенттің сөзі ойымыздан шықты. Иә, адалдық – ардың өлшемі, өміріміздің бөлінбес бір бөлшегі. Байқасаңыз, адал сөзіне ерекше екпін беріліп отыр. Бұдан адал деген сөздің қаншалықты маңызға ие екендігін айқын аңғаруға болады.

Әсіресе, Президенттің мемлекеттік нышандарды жетілдіру қажеттігі, Қазақстан тарихының көптомдық жинағын шығару, кітап басып шығару ісін жақсарту, мемлекеттік тілді дамытуға баса мән беру, т.б. мәселелер жөніндегі ұсыныс, пікірлері ойымды дөп басып, көкейімнен шықты.

Мемлекет басшысы айтқандай, Қазақ елінің адал азаматтары ғана Әділетті Қазақстанды құра алады.

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

байырғы мемлекеттік қызметші

 

Түркістан облысы

 

Қосымша білімнің маңызы

Бүгінде еліміздің білім беру саласында болып жатқан ауқымды өзгерістер баланың тұлғасын дамытуды, оның шығармашылық қабілеттерін ашуды және болашақта жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеуді талап етеді. Осы орайда баланың шығармашылық әлеуетін дамыта отырып, тәрбие жұмысына елеулі үлес қосатын қосымша білім берудің маңызы зор. Қосымша білім беру ұйымдары жалпы білім беретін мектептермен, басқа да мекемелерімен бірлесе отырып, үздіксіз білім беру жүйесін құрайды.

Түрлі бағытта қосымша білім беру салаға қатысты мекемелерде, соның ішінде оқушылар үйінде жүзеге асырылады. Осы күні Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты №1 Оқушылар үйіне педагогика ғылымдарының магистрі Дәуірхан Қожахметов басшылық етеді. Қосымша білім беру саласындағы талай игілікті іс-шараның ұйытқысы болып жүрген мекемеде 50 педагог жеті бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар: көркемдік-эстетикалық; сәндік-қолданбалы өнер; техникалық; қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану; тілдік; спорттық; азаматтық-патриоттық тәрбие беру бағыттары.

Мекеме басшысы ұжымның сапалық құрамын, ғылыми әлеуетін көтеруге зор мән береді. Аталған Оқушылар үйі қаладағы бірқатар жоғары оқу орындарымен, Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжі­мен, Назарбаев зияткерлік мектебімен, Жазушылар ода­ғымен, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағымен, Алматы қаласы біліктілікті арттыру институтымен, Халықаралық отбасын дамыту институтымен, қалалық қосымша білім беру мекемелерімен тығыз байланыс орнатқан. Балалар мекемесі жанынан құрылған «Руханият» орталығы оқушыларға ұлттық тәрбие беру мақсатында әртүрлі кездесулер ұйымдастырып отырады.

№1 Оқушылар үйінде маусым айында жыл сайын дәстүрлі түрде мектепалды «Достық» ойын-сауық алаңы жұмыс істейді. Жазғы ойын-сауық алаңының негізгі мақсаты – келген әр оқушыны жақсылыққа, адамгершілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелей отырып, олардың жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалана білуіне үйрету.

 

А.ӘМІРОВА,

Оқушылар сарайының бөлім меңгерушісі

 

АЛМАТЫ

 

Көкшетаудағы дәстүрлі пікірсайыс

Көкшетауда жоғары оқу орны студенттерінің арасында дәстүрлі республикалық «Shoqan cup» пікірсайыс турнирі өтті. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жанынан құрылған «Зияткер» пікірсайыс клубы ұйымдастырған іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген тәжірибелі пікірсайысшылар мен бұл дуға енді қосылған жастар да қатысты.

Еліміздің барлық өңірінен 90-ға жуық фракция тіркелсе, солардың 32-сі тіркеуден өтті. Пікірсайыс алаңдарында әлемде және елімізде болып жатқан түрлі саяси, әлеуметтік-экономикалық оқиғалар туралы салиқалы пікірталас өрбіді. Сондай-ақ қазақ тарихындағы батырлардың қоғамда дәріптелуі, ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлердің жаза өтеуі, желідегі қарым-қатынастар, балалар тәрбиесіндегі мектеп пен отбасы құндылықтарының рөлі тақырыптарында жан-жақты әңгіме қозғалды. Жастардың бойында коммуникативтілікті арттыру, командада жұмыс істей білу сынды қасиеттерді қалыптастыру сияқты маңызды мәселелерге де қатысушы командалар баса назар аударды.

Іс-шара барысында Ш.Уәлиханов университетінің талантты жас әншілері Марлен Сәрсенбайұлы мен Арай Жақсылық, жас ақын Марлен Берденбек өз өнерлерін ортаға салды. Олардың өнерлеріне қазылар алқасы барынша әділ баға беруге ұмтылғанын да айта кеткен орынды.

Турнир соңында үш команда жеңімпаз және жүлдегерлер ретінде ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сонымен қатар пікірсайысқа белсенді қатысушылар мен ұйымдастырушылар да «Үздік гид», «Үздік делегация», «Үздік пост», «Үздік төреші», «Үздік спикер», «Үздік фракция» аталымдары бойынша марапаттарға ие болды.

Ал пікірсайыс турнирлерінің жиі өткізілуі жастардың саяси көзқарастарының дұрыс қалыптасуына оң әсер ететіні күмәнсіз.

 

Мафтуна НАЖИЕВА,

Ш.Уәлиханов атындағы

Көкшетау университетінің студенті

 

Ақмола облысы