Алматы облысы бойынша Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша патрульдік полицияның 7 қызметкеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Олар бірнеше рет пара алды деген күдікке ілінді. Полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзған азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, заңсыз ақшалай сыйақы алған. Сонымен қатар инспекторлар жолдарда іс жүзінде құқық бұзушылық жасамаған азаматтардың ақшасын алаяқтық жолмен иемденген. Қазіргі уақытта қылмыстық істің материалдары сотқа жолданды», делінген хабарламада.
Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етілмейді.
Сонымен қатар Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік Кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.