Аралас жекпе-жек әлеміндегі ең беделді ұйым – UFC-де өнер көрсететін отандасымыз Шавқат Рахмоновтың келесі қарсыласы белгілі болды.
UFC президенті Дана Уайттың айтуынша, Шавқат Рахмонов 16 қыркүйек күні Мексиканың тәуелсіздігі күніне орай АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы T-Mobile аренада ұйымдастырылатын аралас жекпе-жек кешінде сегізбұрышқа көтеріледі. Ол UFC турнирінде америкалық Келвин Гастелуммен айқасады. Бұл жекпе-жек осы кештің ең негізгі жекпе-жегінің бірі болады деп жоспарланып отыр. 31 жастағы Гастелум 2010 жылдан бері аралас жекпе-жекпен шұғылданады. Осы уақытқа дейін ол 26 мәрте октагонға шығып, соның 17-сінде жеңіске жеткен. Сегіз айқасында қарсыласына жол берген болса, бір кездесуі есепке алынбаған. UFC-дің орта салмақтағы рейтингінде 12-сатыға жайғасқан.
Келвин ең кейінгі кездесуін осы жылдың сәуір айында америкалық Крис Кёртиспен өткізіп, төрешілердің шешімі бойынша жеңіске жеткен. Сонымен қатар сол кештің ең үздік файтері атанған. Ал «Номад» лақап атымен әлемге танылған 28 жастағы Шавқат Рахмонов наурыз айында өткен айқасында америкалық Джефф Нилден басым түскен болатын.