Алдағы дүйсенбі күні Ұлыбританияның бас шаһары – Лондонда теннистен «Үлкен дулыға» санатындағы Уимблдон турнирінің жалауы желбірейді. Аталған додада жерлестеріміз де бақ сынайды.
Ерекше атап өтерлігі, биылғы турнирде теннистен Қазақстанның ерлер және әйелдер арасындағы көшбасшы теннисшілері Александр Бублик пен Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің мықтылары қатарына қосылды. Яғни жерлестеріміз жеребе нәтижесі бойынша алғашқы айналымдарда рейтингте төмен орналасқан қарсыластарымен шеберлік байқасады.
Әйелдер арасындағы былтырғы турнирдің жеңімпазы, әлемдік рейтингте үшінші орында тұрған Елена Рыбакина биылғы Уимблдон жарысының үшінші ракеткасы болып тіркелді. Ол енді өткен жылғы чемпиондық атағын қорғауға тырысады. Ал әлемнің 27-ракеткасы Александр Бублик Уимблдонда алғаш рет таңдаулылар қатарында бақ сынайды. Жуырда отандасымыз Германияның Галле қаласындағы ірі жарыста тамаша өнер көрсетіп, жеңімпаз атанған болатын. Сол нәтижесінің арқасында Бублик Лондондағы жарысқа әлемнің 24-ракеткасы болып қосылмақ.