• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 29 Маусым, 2023

«Елорда кубогі» басталды

407 рет
көрсетілді

Астанада былтырдан бас­тап дәс­түрлі турнирге ай­нал­ған бокстан ерлер мен әйел­дер арасындағы ІІ Ха­лық­­аралық «Елорда ку­богі» жарысы басталды. Елор­да­ның 25 жылдығына орай ұйым­дастырылған бокс бәсекесі Астанадағы «Beeline Arena» спорт кешенінде өтіп жатыр. Биылғы додада әлемнің 10 елінен келген 200-ден аса былғары қолғап шебері бас жүлдеге таласты бастап кетті. Олардың ішінде Өзбекстан, Қытай, Үндістан, Моңғолия және басқа мемлекеттердің өкілдері бар. Ал Қазақстан құрамасы сапында Олимпия ойындарының жеңімпаздары, әлем, Азия және басқа да халықаралық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлері де қатысып жатыр.

Турнирдің ашылу салтанатына Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, Sport Qory спортты қолдау қорының бас директоры Асхат Сейсембек, Спортшылар одағы төралқасының төрағасы Серік Сәпиев, Азия бокс конфедерациясының вице-президенті Әзиз Қожамбетов және басқа да спорт өкілдері қатысып, боксшыларға сәттілік тіледі.

«Құрметті боксшылар, жаттық­тырушылар және турнир қонақтары. Қазақстан бокс федерациясының атынан Мәдениет және спорт министрлігі, елорда әкімдігі, Sport Qory және т.б. атынан барлық серіктесімізге ал­ғыс айтқым келеді. Жақында Таш­кентте өткен әлем чемпионатында біздің жігіттер 4 алтын және 1 күміс медаль жеңіп алып, бүкіл Қазақстан­ды керемет нәтижемен қуантқанын бәріңіз жақсы білесіздер. Астана рингінде бізді қызықты әрі тартыс­ты жекпе-жектер күтіп тұр деп ойлаймын. Спортшыларға сәттілік пен әдемі жеңістер тілеймін», деді Әзиз Қожамбетов.

Жарыстың алғашқы екі күндегі жекпе-жектеріне тоқталар болсақ, бі­рінші күнгі бәсекелер тосын нәти­желерге толы болды. Жанкүйерлер «ә» дегеннен бірден 71 килодағы екі қазақ-өзбек боксшыларының тартысты кездесулерін тамашалады. Бірінші жекпе-жекте Нұрдан Амангелді Нурислом Исмоиловтан төрешілердің бірауыз шешімімен басым түссе, екінші айқаста 2021 жылғы жастар арасын­да­ғы әлем чемпионы Сабыржан Аққалы­қов Хавасбек Асадуллаевтан төреші­лер­дің аралас шешімімен жеңіліп қалды. Сонымен қатар дәл осы салмақта өнер көрсеткен Ермахан Жақпе­ков пен Талғат Шайкен және 80 кило­дағы Ерасыл Жақпеков тәжікстандық ­боксшылардан басым түсті. 

Ал 63,5 килоға дейінгі салмақтағы боксшылардың жекпе-жектерін «Bee­line Arena» спорт кешеніне жиналған көрермендер де, бапкерлер мен бокс мамандары да аса ыждағатпен тамашалады. Себебі осы турнирде же­ңім­паз атанған боксшы алдағы Азия ойындарында 63,5 килода ел намысын қорғайды. Сондықтан елі­міз­дегі ең мықты боксшылардың бәрі осы салмақта топтасып, өзара кім мық­тыны анықтап жатыр. Мәсе­лен, жуырда ғана Ташкенттегі әлем чемпионатында 60 килода өнер көр­сеткен Талғат Сырымбетов «Ел­орда кубогінің» алғашқы айналымын­да тағы бір мықты боксшы Мұха­мед­сабыр Базарбайұлымен жұ­ды­рық­тасты. Бұл жекпе-жек Сырым­бе­товтің жарақатына байланысты мерзімінен бұрын аяқталып, жеңіс Мұхамедсабырдың еншісінде кетті. Екінші жұпта 2021 жылы 60 килода ел чемпионы атанған Василий Самчук тәжірибелі Ділмұрат Мижитовпен айқасып, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Сонымен қатар дәл осы салмақтағы 2020 жылғы Қазақстан чемпионы Ертуған Зейнуллинов бі­рінші раундта қарсыласы Ерасыл Танқайды нокаутқа түсіріп, мәселені ерте шешіп тастады. Соңғы жұпта даңқты Руслан Мусиновтің ұлы Сұлтан Мусинов үн­діс­тандық Анкит Нарвалмен кездесіп, қар­сыласынан айласын асырды.

Халықаралық турнирдің екінші күнінде боксшылар жеті салмақта жұ­дырықтасып, бокс жанкүйерлері­не тартысты жекпе-жектер ұсынды. Бұл жарыста 63,5 киломен қатар, 57 кило салмақта да Азия ойындарына іріктеу жүріп жатыр. Ташкенттегі әлем чемпионатында 54 килода топ жарған Махмұд Сабырхан Олимпия ойындарының бағдарламасына енген 57 кило салмаққа көтеріліп, жарыс көрігін қыздырды. Алғашқы айналымда ол ел чемпионатының және халықаралық жарыстардың жүлдегері Оразбек Асылқұловпен кездесіп, 4:1 есебімен жеңіске жетсе, 57 килоның көшбасшысы Серік Теміржанов Нұр­сұлтан Алтынбекті айқын басым­дықпен ұтты. Ал 2021 жылғы жастар арасындағы әлем чем­пионатының күміс жүлдегері Ерболат Сабыр тағы бір жерлесіміз Асылжан Серікбайдан басым түсіп, келесі айналымға жолдама алды.

Өзге салмақтағы боксшылардың нәтижесіне тоқталар болсақ, 51 кило салмақта Кенже Мұратұлы, Да­мир Әбдіқадыр, 54 килода Тимур Қаб­деш, 67 килода Темірхан Тезек, Ел­нұр Сүйінбай, Рахат Сейітжан, 80 ки­лода Илья Киселев, 86 килода Абзал Құттыбеков, Бекзат Таңатар, Шаймұрат Құсайынов және 92 килодан жоғары салмақта Дамир Тойбай алғашқы айқастарында жеңіске жетіп, екінші кезеңге жолдама алды.

«Елорда кубогінде» ерлер 13 салмақ дәрежесінде (46-48 кг, 51 кг, 54 кг, 57 кг, 60 кг, 63,5 кг, 67 кг, 71 кг, 75 кг, 80 кг, 86 кг, 92 кг, +92 кг), ал әйелдер 12 сал­мақ дәрежесінде (45-48 кг, 50 кг, 52 кг, 54 кг, 57 кг, 60 кг, 63 кг, 66 кг, 70 кг, 75 кг, 81 кг, +81 кг) жұдырықтасып жатыр.

Жарыс жеңімпаздары мен жүл­дегерлері тиісті дәрежедегі медаль, диплом және ақшалай жүлдемен марапатталады. Атап айтқанда, бас жүлде иеленген боксшыға  – 700, күміс жүлдегерге  –  400 және қола медаль иегеріне 200 (әрқайсысына) АҚШ доллары беріледі.