Қарағандыда қол добынан ерлер арасындағы республикалық VI жазғы спартакиада өз мәресіне жетті. Кеншілер астанасында ұйымдастырылған жарыста 6 өңірдің командасы (Астана, Шымкент қаласы, Қарағанды, Маңғыстау, Ақтөбе және Алматы облысы) бір апта бойы айналма жүйе бойынша кім мықтыны анықтады.
Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, қол добы бойынша бәсекелер шешуші турға дейін тартысты өткен. Мәселен, соңғы тур алдында бірден 3 команда – Қарағанды, Ақтөбе мен Шымкент гандболшылары бас жүлдеден дәмелі болды. Бесінші турда жарыс қожайындары Астана қаласының командасымен шеберлік байқасып, 38:30 нәтижесімен жеңіске жетті. Сөйтіп, кеншілер командасы ұпай санын 8-ге жеткізсе, Шымкент қаласының командасы Ақтөбе облысымен өткен аса тартысты матчта 33:22 есебімен басым түсіп, олар да 8 ұпайдан жинады. Жарыс соңында төрешілер жеңімпаз бен жүлдегерлерді доп айырмашылығы бойынша анықтады. Бес турда ең көп гол соғып, өз қақпасына аз гол өткізген Қарағанды облысының командасы спартакиада жеңімпазы атанса (57-53), Шымкент қаласы күміс (56-55), Ақтөбе облысы (51-56) қола медальға ие болды.
«Осыдан төрт жыл бұрынғы V жазғы спартакиада да Қарағанды қаласында өткен болатын. Сол кезде 4 команданың арасында (Қарағанды, Астана, Павлодар мен Атырау) кеншілер қаласының өкілдері чемпион атанған. Астана қаласы күміс, Павлодар облысы қола медаль алған. Биылғы жарыстың деңгейі көтерілген. Соңғы турда 3 команда бірдей ұпай жинап, тең түсуі соның көрсеткіші», деді Астана қаласы командасының бапкері Владимир Березин.
Небәрі екі ойында жеңіске жеткен елордалықтар бұл жолы 4-орынмен шектелді. Жазғы спартакиадаға қатысып жатқан жаңа облыстың бірі Алматы – 5-ші, ал Маңғыстау облысы 6-сатыдан көрінді.
«Біз бүгін қола медальды місе тұттық. Қалағанымыз бас жүлде еді. Бүгін Шымкент қаласымен нашар ойнадық. Әсіресе алғашқы айналымда. Тым көп гол өткізіп алған соң айырмашылық көбейіп кетті. Неге бұлай болғанын білмеймін. Демек, әлі дайындықты күшейтіп, тағы жұмыс істеу керек. Енді ұлттық құрамамен Азия ойындарына дайындық күтіп тұр. Құраманың жуырда жасақталғанына қарамастан, жақсы нәтиже көрсетуге барымызды саламыз», деді ұлттық құрама қақпашысы Асылхан Набиев.
Қазақстан ерлер құрамасы алда Қытайдағы Азия ойындары мен Қатар астанасында өтетін Париж Олимпиадасының іріктеу турниріне қатысады.