Біз – зайырлы мемлекетпіз. Сондықтан да исламдағы 5 парыздың бірі – қажылық сапарын ұйымдастыру ислами діни бірлестік – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына жүктелген. Мұсылмандық парызын өтеуге ниеттенген ел тұрғындарын Мекке-Мәдинаға алып баратын туристік фирмаларды іріктеп, оларға квоталарды бөліп беру үшін жыл сайын қажылық маусымы қарсаңында ҚМДБ арнайы конкурс өткізеді.
Жыл басында өткен кезекті конкурс нәтижесінде биылғы қажылықты ұйымдастыруға лайықты 18 туристік фирма іріктеліп алынған болатын. Олар – бұған дейінгі жылдары қажыларды қасиетті орындарға алып барған кезде өздерін оң қырынан көрсеткен, кемшіліктерге жол бермеген және қажылық маусымын отандастарымыз үшін қолайлы және жоғары деңгейде ұйымдастыруға қабілетті деп танылған туроператорлар.
Дегенмен қоғамның өзге саласын былай қойғанда, дін саласында да заңды белшесінен басып, «Алланың жолы» деп тұрып адамдарды алдайтын алаяқтар мен құқық бұзушылар аз емес екеніне жыл сайын куә болып келеміз. Мәселен, биыл қаңтар айында Алматы мен Шымкентте 50 шақты адамды Мекке мен Мәдинаға апарамыз деп ақшаларын алып, алдап кеткен «Кәусар-тревел» атты турфирма туралы ақпарат тарағаны белгілі. Полицияның мәліметі бойынша ел тұрғындарынан 33 млн теңге алып, бірақ уәде еткен қажылыққа апармаған турфирманың басшылары қолға түскен болатын.
Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық сапарын ұйымдастыруға рұқсат берілмеген «Zam-Zam Qazaqstan» атты туристік фирманың да адамдарды қажылыққа апарамыз деп ақша алып жатқаны туралы мәлімет таратты. Ол конкурстан өткен 18 туроператор тізімінде жоқ. «Бүгінгі таңда қажылық сапарына қатысты ҚМДБ тарапынан жарияланған ақпараттық-түсіндірмелік мәліметтерге қарамастан, қажылық орындарын ресми алмаған қажылық турфирмасы ретінде өзін жарнамалайтын «Zam-Zam Qazaqstan» өкілі Данияр Илиев Instagram желісіндегі «Zam-Zam_qazaqstan» парақшаcында «Мүфтияттағы қажылық бөлімі әр квота үшін пара талап етеді» деп жала жауып, қажылық квоталарын Саудиядан тікелей алатыны туралы жалған ақпарат таратып, қажылыққа адам жинаумен айналысуда» делінген мәліметте.
ҚМДБ берген ақпаратқа қарағанда, Сауд Арабиясының Қажылық және умра министрлігі қажылық квоталарын әр елдің дін саласына өкілетті мемлекеттік органдарына немесе ресми исламдық діни басқармаларға (мүфтият) ғана тиісті талаптар мен тәртіпке сай береді. Ал «Zam-Zam Qazaqstan» өкілдері қажылық квотаны тікелей Сауд Арабиясынан аламыз деп қажылыққа адам жинаған. Сонымен қатар, аталған турфирма өкілі қажылықты ұйымдастыруға рұқсат алған 18 туроператорды «ҚМДБ-ға пара берген» деп, ал діни басқарманың өзін «парақор» деп жала жауып келеді.
«Zam-Zam Qazaqstan» өкілдері биыл қажылық орындарын заңды конкурстық негізде ресми жолмен алған 18 турфирма туралы: «...мүфтияттың тізімінде тек пара беретін компаниялар...», деген және жалпы қажылыққа қатысты ҚМДБ туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат жариялауда. «Zam-Zam Qazaqstan» өкілдерінің қажылық орындарын беруде «ҚМДБ парақор» деген мәтінде таратып отырған қауесеті жалған. Себебі қажылық орындарын Қажылық бөлімі емес, бұл салаға қатысы жоқ қоғам және дін қайраткерлері мен діни қызметкерлерден құралған арнайы комиссия мүшелері ашық конкурстық негізде «Үміткер туроператорларға қажылық орындарын бөлу» туралы ҚМДБ ережесінің талаптарына сай бөлінеді», делінген мәліметте.
ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жанділлә Бекжігітовтің айтуынша, осы жағдайға байланысты мүфтият Бас прокуратураға арыз түсіріп, дабыл қаққан. Бас прокуратура арызды Ішкі істер министрлігіне жолдаған. ІІМ бұл істің қаралып жатқаны туралы хабар бергенімен, неге екенін қайдам, аталған туристік фирма діни басқарманың ескертуіне қарамастан 120 адамды жинап, Саудияға апарған. Ақыр соңы қажылық парызын өтеп жүрген кезде еліміздің азаматтарын сол елдің полициясы ұстап, екі күн бойы автобустан шығармай тексерген. Тамақ ішуге де, тіпті әжетханаға баруға да рұқсат бермеген. Тек келесі күні Сауд Арабиясындағы Қазақстан елшілігі қызметкерлерінің араласуымен ғана олар босатылып, қазір Меккедегі қонақүйде елге қайтуды күтіп отыр.
«Zam-Zam Qazaqstan» туристік фирмасының осы әрекетінен зардап шеккен адамдардың бірі Баян Сейтжанқызы бізге берген сұхбатында оқиғаның мән-жайын айтып берді.
– Әке-шешеме үлкен қажылыққа жолдама сыйға тартқан едім. 21 маусымда сапарға аттанғанға дейін туристік фирмаға қатысты ешқандай күдік болған емес. Тек әуежайға барғанда қажылардың қолдарына ксерокөшірмеден өткен визаларын ұстатты. Оның туристік виза екенін көріп, «Бізге қажылық визасы керек емес пе?» – деп сұрадық. Олар: «Уайымдамаңыздар, қажылық визасын Эр-Риадтан аламыз», деді. Кейін ата-анам қажылық визасын алдық деп хабарлады. Кейін 26 маусымда қажылар Мина жазығына құлшылықтарын орындауға екі автобуспен аттанып бара жатқанда оларды Саудияның құзырлы органдары ұстайды. Туристік фирманың өкілдері қашып кетіп, автобуста тек қажылар ғана қалып қойған.
Содан екі күн бойы сол жерде отырды. Мен бірінші күні-ақ турфирманың басшысына хабарласып, болып жатқан жағдайдың мән-жайын сұрадым. Ол маған: «Бізге берілген екі автобус қажыларды тасуға арналмаған екен. Сондықтан ұстап алды. Қазір басқа автобустар жібереміз, сосын босатады», деді. Сол күні түнге дейін жағдай өзгермеген соң, фирма басшысына бірнеше рет хабарлассам да, маған жоғарыдағы жауабын айтты. Қажылар келесі күні түске дейін автобуста отырды. Ойлап қараңыз, ішінде жасы 82-ге келген әжелер де бар еді. Күн аптап ыстық. Тар автобустың ішінде екі күн тапжылмай отыру ол кісілерге оңай болған жоқ. Келесі күні сол жақтағы Қазақстан елшілігі қызметкерлері жағдайға араласып, қажыларымыз «тұтқыннан» босатылды. Бірақ оларды жалған қажылық визасы үшін құлшылықтарын әрі қарай жалғастыруға рұқсат бермей, кері қайтарған. Қазір барлығы Меккедегі қонақүйде аштан-аш жатыр, фирма тарапынан тамақ та беріліп жатқан жоқ, – дейді Баян Сейтжанқызы.
Жалпы, елімізде адамдарды қажылық сапарына апарумен туристік фирмалар айналысатыны белгілі. Олар былайғы уақытта туристік виза арқылы жұмыс істейтін болса, қажылық маусымында міндетті түрде қажылық визасын алуы керек. Ал қажылық визасы Сауд Арабиясынан мүфтиятқа беріледі. Мүфтият конкурс арқылы сыннан сәтті өткен туроператорларға оларды бөліп береді. Бұл туралы жуырда Қазақстанның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Берік Арын қажылармен кездесуі барысында ақпарат беріп, қажылық маусымында Сауд Арабия аумағына заңсыз, яғни туристік визамен келген шетелдік азаматтар анықталған жағдайда заң бұзғаны үшін 50 мың риал көлемінде айыппұл салынатыны, 6 айға қамауға алынатыны және депортацияланатыны туралы айтқан еді. Ал жоғарыдағы адамдарды алдап апарған турфирма жалған қажылық визаларын пайдаланған болып отыр.
Осыған орай кеше Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Қажыларға қиянат жасады» деген тақырыппен тағы да мәлімет жариялады. Онда «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұған дейін бірнеше рет дабыл қағып, мәлімдеме жариялаған еді. Сонымен қатар мүфтият қажыларды осыған дейін алдап, далада қалдырған аталған компанияның заңсыз әрекеттері туралы құқық қорғау органдарына шағым түсірген. Қолдан жасалған қажылық визаларын пайдаланған компания өкілдері шариғат пен заңға қайшы әрекеттерін әлі күнге дейін тыймай келеді. Қазақстан азаматтарын заңсыз жолмен қажылыққа әкелген «Zam-Zam Qazaqstan» компаниясының жетекшісі Данияр Илиев заң алдында жауап беруге тиіс деп санаймыз», делінген.
Біз осы істің мән-жайын Діни басқарманың Қажылық бөлімі меңгерушісі Жанділлә Бекжігітовтен сұрап білдік.
– Қажылық – исламдағы бес парыздың бірі. Одан бөлек кіші қажылық саналатын умра құлшылығы да бар. Жылына елімізден үлкен қажылыққа 4 мың адам барса, умраға 20 мыңдай адам барып қайтады. Дегенмен діни басқармаға үлкен қажылықты ғана ұйымдастыру жауапкершілігі берілгенін білесіздер. Бұл жердегі ең басты мәселе – біздің елімізде қажылыққа туристік сапар ретінде қараудан туындап отыр. Мәселен, араб елдері, Түркияны айтпай-ақ қояйық, іргеміздегі Қырғызстан мен Өзбекстанда қажылыққа тек құлшылық ретінде қарайды. Ал бізде қажылық «діни туризм» деп аталады. Бүкіл мәселе осы жерден шығып отыр. «Туризм» сөзі араласқаннан кейін қазір онымен кім көрінген айналысып кетті. Діни басқарма оларға тыйым салатындай және жазалайтындай қолында заңдық күші бар құзырлы мекеме емес. Біз тек үйлестіруші орган ғанамыз. Егер «туризм» деген сөзді алып тастап, оған тек діни ғибадат-құлшылық ретінде қарасақ қана қажылықты ұйымдастыру 100 пайыз мүфтияттың бақылауына өтер еді, – деді ол.
Оның айтуынша, пайда табу мақсатында заңсыз қажылық визасымен адамдарды қажылық сапарына апару жыл сайын қайталанып келе жатқан келеңсіздік. Биыл тек «Zam-Zam Qazaqstan» ғана емес, «Zulay Trevel», «Sultan Trevel», «Zamzam Company» сынды туристік фирмалар да заңсыз жолмен Сауд Арабиясына адамдарды алып келген. Бір ерекшелігі, алғашқы үшеуі қажылық барысында жергілікті құзырлы органдарға ұсталып қалып, адамдары қажылықтарын өтей алмай қалса, «Zamzam Company» қажылары ғана ұсталмай, құлшылықтарын толық өтеп шыққан. Бірақ бұлардың бәрі де Сауд Арабиясының Қазақстанға бөлген 4 мың квотасын ресми түрде иеленбеген туристік фирмалар. «Zamzam Company» туристік фирмасы алаяқтық әрекеттерін өте жоғары деңгейде ұйымдастырғаны сондай, бірде-бір қажысы Саудияның полициясына ұсталмай, қашып-пысып жүріп құлшылықтарын өтеп шықты», дейді Жанділлә Бекжігітов.
Діни басқарма өкілінің айтуынша, жыл сайын мүфтият тарапынан тек ресми рұқсат алған қажылық фирмаларымен ғана құлшылықты өтеу туралы хабарландыру беріліп келеді. «Біз биыл қажылық қарсаңында мүфтияттың және мешіттердің сайттары мен әлеуметтік желілері арқылы оннан аса рет ресми мәлімдеме жасадық. Қолдан келгенше айтудай-ақ айтып келеміз. Имамдардың парақшалары мен мешіттердің ватсап чаттары арқылы да әлденеше рет хабарланды. Бірақ соған қарамастан алаяқ фирмалардың қитұрқы әрекеттеріне алданғандар азаймай тұр», дейді ол.
Діни басқарма таратқан мәліметте айтылғандай, қазіргі күні мүфтиятқа қажылар мен олардың туыстарынан көптеген шағым түсіп жатыр. «Жәбір көрген қажылар мен оның туыстарынан жалған құжат жасап, азаматтарымызды заңсыз жолмен қажылыққа апарған «Zam-Zam Qazaqstan» директоры мен басқа да жауапты өкілдерін неге құқықтық жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шара қолданбайды деген сұрақтар мен шығымдар толассыз келіп түсіп жатыр. Құқық қорғау органдары осы мәселеге тез арада назар аударып, заң бұзушыларды құқықтық жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шаралар қолданады деп сенеміз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық конкурсынан өткен, яғни қажылық сапарын ұйымдастыруға қабілетті деп танылған, мүфтият жариялаған тізімге сай туроператорлар қызметіне жүгіну қажеттігін тағы да қаперге салады. Сонымен қатар «ҚМДБ жалған қажылық визаларын дайындады» деп жала жапқан «Zam-Zam Qazaqstan» («Zam Zam store») компаниясының директоры Данияр Илиевтің үстінен сотқа шағым түсіретінімізді жеткіземіз. Олар Алла алдындағы парызын өтеймін деп келген қажыларға қиянат жасады», делінген шағымда.