Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Халықаралық футбол қауымдастықтарының федерациясы (ФИФА) жариялаған ұлттық құрамалардың жаңартылған рейтингінде бірден сегіз сатыға жоғарылады.
Магомед Адиев жаттықтыратын Қазақстан ұлттық құрамасы өткен айда екі ойын өткізіп, екеуінде де жеңіске жеткен болатын. Атап айтқанда, Еуро-2024 іріктеу кезеңі аясында өткен сырт алаңдағы матчтың алғашқысында Сан-Марино футболшыларын 3:0 есебімен тізе бүктірген болса, араға үш күн салып Белфастта Солтүстік Ирландия құрамасын (1:0) қапы қалдырған болатын. Осы жеңісінің арқасында ұлттық құрама ФИФА рейтингінде 8 сатыға көтеріліп, 1198.24 ұпаймен 104-орынға жайғасты. Мұның алдындағы рейтингте жерлестеріміз 112-сатыда тұрған еді.
Рейтингтің алғашқы үштігі өзгеріссіз қалды. Әдеттегідей 2022 жылғы әлем чемпионы – Аргентина 1843.73 ұпаймен көш бастап тұрса, Франция (1843.54) – екінші, Бразилия (1828.27) үшінші орнын сақтап қалды. Ал Еуро-2024 іріктеу кезеңіндегі қарсыластарымыздың рейтингіне тоқталар болсақ, Дания (1597.37) – 19, Финляндия (1419.19) – 54, Словения (1391.04) – 60, Солтүстік Ирландия (1361.17) – 64 және Сан-Марино (753.11) ең соңғы 211-орында тұр.