Бүгін Ұлыбританияның бас шаһары – Лондонда теннистен «Үлкен дулыға» санатындағы Уимблдон турнирінің жалауы желбірейді.
Бәсекенің алдында әйелдер және ерлер арасындағы жекелей сынның жеребесі тартылды. Нәтижесінде, еліміздің көшбасшы теннисшісі, осы жарыстың былтырғы жеңімпазы және биылғы турнирдің үшінші ракеткасы болып тіркелген Елена Рыбакина алғашқы кездесуін америкалық Шелби Роджерспен өткізеді. Екі теннисші бұған дейін бір-бірімен бес мәрте кездесіп, соның үшеуінде Рыбакина, екеуінде Роджерс басым болған. Елена мен Шелби арасындағы матч төртінші шілдеге жоспарланған. Ал Юлия Путинцева бірінші айналымда әлемнің 13-ракеткасы бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен шеберлік байқасады.
Еліміздің ерлер арасындағы бірінші, әлемнің 27-ракеткасы Александр Бублик Лондондағы бастапқы бәсекесін америкалық теннисші, осыдан бірер жыл бұрын елордада ұйымдастырылған «Челленджер» жарысының жеңімпазы Маккензи Макдональдпен өткізеді. Екі теннисшінің ойыны үшінші шілдеге жоспарланған.