Бурабайда жас журналистерге арналған «Media Bootсamp» жазғы мектебі ұйымдастырылды. Білім мен білікті, кәсіби машықты шыңдауға арналған ілкімді жобаға еліміздің әр өңірінен іріктелген 50 азамат қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттер мен магистранттардан заманауи талапқа сай мамандар пулын қалыптастыру.
Қазір елімізде «өзімді қалай дамытсам, жетілдірсем болады?» деген сауалды жиі қоятын жастар көп. Олардың қатарында Павлодар қаласы С.Торайғыров университетінің студенті Құдайберген Бердімұратұлы бар. Талапты жас – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан қоғамдық даму институтының MediaLab орталығы ұйымдастырған жазғы мектепке 98 үміткердің ішінен таңдалғандардың бірі.
– Биыл 3-курсты тәмамдадым. Осы уақыт аралығында мемлекеттің толық қолдауындағы іс-шараға алғаш қатысуым. Журналистика саласында оқып жатқан соң, мұндай республикалық деңгейдегі жиындар мен олимпиадаларға қатысу маңызды. Өйткені болашақта білікті журналист болу үшін өзіміздің қарым-қабілетімізді үнемі жаңа бір ортада, бастамаларда шыңдап отыру қажет. Меніңше, бұл жазғы мектептің теория мен практиканы ұштастырғанынан бөлек, басты ерекшелігі жан-жақтан жиылған қатысушылардың бір-бірімен топтасып, араласып-құраласып, танысып-білісуіне үлкен мүмкіндік беріп отыр. Әр спикер, оқытушы мейлінше өте жақсы дайындалып келген. Себебі олардың айтқан мәліметтері университеттегі базалық ақпараттардан тың. Әсіресе маған Елдар Құдайбергеновтың «Подкаст: тұжырымдама, архитектура, іске қосу» дәрісі ұнады, – деді жас маман.
29 маусым мен 2-шілде аралығында өткен іс-шараның ашылу салтанатына Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Перизат Садуақас, Қазақстан қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Нұрбек Матжани қатысты.
– Журналистер бизнесте, мемлекеттік қызметте және қоғамды ақпараттандыру барысында негізгі рөл атқарады. Сондықтан Media Bootcamp жазғы мектебінің оқу жоспары теориялық біліммен бірге тәжірибелік жұмыстар арқылы коммуникативтік дағдылар мен кәсіби ойлау қабілетін дамытуға, цифрлы технологияларға негізделген жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеруге бағытталған, – деді Нұрбек Матжани.
Республиканың 13 өңіріндегі 20 ЖОО-дан жиналған жас буынға М.С.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ-дың Adjunct Assistant профессоры, PhD Алма Сайлауқызы, режиссер, киносценарист Мұрат Есжан, М.С.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ оқытушысы Жолдас Өрісбай, кәсіби подкастер Елдар Құдайбергенов және «Media 24» компаниясының бас директоры Марғұлан Ақан дәріс оқып, уоркшоп өткізді.
– Бүгінде әлемдегі журналистика қарқынды дамып келеді. Жаңа талаптар, ақпарат тасқыны, аудитория назары үшін күрес және озық технология бұл салаға да өзіндік екпін беріп жатыр. Жаңа медианың өркендеуімен визуализация талаптары да жоғарылап, ақпаратты рәсімдеуде түрлі креативті шешімдер қолданылып жүр. Алайда жалған ақпаратпен күрес мәселесі оны әшкерелейтін жаңа құралдар шыққанымен де, әлі де күрделі болып тұр. Ал Қазақстандағы журналистика салыстырмалы түрде баяуырақ дамып жатыр деуге негіз бар. Жаңа технологиялық мүмкіндіктер жылдам енгізіліп жатса да, әлемдік журналистика принциптерін сақтау қағидалары еркіндік пен тәуелсіз медианың күшейе түсуіне, теңгерілген әрі бейтарап ақпарат таратудың артуына мұқтаж. Сондықтан жазғы мектеп барысында жас журналистердің «қатты» және «жұмсақ» дағдыларын қалыптастыру мен күшейтуге, кәсіби біліктілігін дамытуға бағытталған тақырыптар таңдалды, – деді Алма Сайлауқызы.
Газет пен журналды парақтап, теледидардағы жаңалықтарға елеңдеп, оларды өздігінше сараптап, жақсысын көңілге медет тұтқан жас журналистерге арналған бұл жобада «Жасанды интеллектінің журналистикаға әсері», «Журналистика тарихы: Әлемдік журналистиканың дамуы мен ерекшеліктері», «Журналистикадағы заманауи әдіс-тәсілдер», «Подкаст: тұжырымдама, архитектура, іске қосу», «Деректі фильм: идеядан эфирге дейін», «Digital First Content: әлеуметтік желіге контентті бейімдеу механизмі мен ерекшеліктері», «Журналистік этика және стандарттар» сынды тақырыптар қамтылды.
– Project based яғни жобаларға бағытталған методиканы алуға тырыстық. Оның ішінде research, ойын симуляциясы секілді элементтер бар. Жалпы, ғылыми зерттеудің негізінде тақырыптарды ұсыну, журналистика саласындағы қалыптасып келе жатқан жаңа трендтерді көтеруді көздедік. Нарық сұранысына сай контентті осы жазғы мектепте барынша қамтыдық. Барлық спикер – ақпарат саласында 10 жылдан аса жұмыс істеп жүрген кәсіби маман. Жалпы мемлекеттік тапсырма аясында және мектептің өнімділігінің сапасын арттыру мақсатында тек 50 адамды қабылдап, оқытамыз деп шештік. Алдағы уақытта жазғы мектепке қабылданатын адам санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Жалпы MediaLab орталығының басты мақсаты – Қазақстандағы медиа коммуникация саласын кешенді дамыту, ілгерілету. Media Bootсamp жазғы мектебі – осы үлкен миссияның жолындағы жобалардың бірі. Бұл жоба саладағы мамандардың кәсіби құзіреті мен машығын қайта қарау, жетілдіру қажеттілігінен туындап отыр. Жалпы «Media Bootсamp» үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – жазғы мектеп. Осыдан біліктіліктерін шыңдап шыққан 10 жас маманға біз шілде және тамыз айларында үлкен қазақстандық медиа холдингте өткізілетін тағылымдама жобасын ұсынамыз. Осылайша, көрген-білгенін, жиған-тергенін дәлелдегендерге жұмыс орнын ұсыну мүмкіндіктері болады. Мұның түпкі мақсаты – ақпарат саласындағы кадрлық резервті қалыптастыру. 2024-2025 жылдарға қарай, жазғы мектеп жобасын жетілдіруді жоспарлап отырмыз. Бұдан өзге бізде академиялық салада, оның ішінде медиа және коммуникация саласында мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарында «Ашық силлабус» деген жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. 2023 жылы «Ашық силлабус» жобасы пилоттық режімде, анализ жасау мақсатында жүзеге асырылады. Өз кезегінде бұл журналистика факультетінің оқу дизайндарын қайта қарау, жаңа силлабустарды қалыптастыру, қоғам талабына сәйкес оқу бағдарламаларын қайта жазып, ұсыну, контент әзірлеу секілді кешенді жұмыстарды атқару жоспарланған, – деді Қазақстан қоғамдық даму институты MediaLab орталығының басшысы Ақниет Тәуірбай.