Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда бірінші сессияның жұмысы қорытындыланды. Ерлан Қошанов Парламенттің осы сессиясы небәрі 100 күнге созылғанына қарамастан, атқарған жұмысы өте маңызды әрі мазмұнды болғанын атап өтті.
«Өткен жылы Қазақстан халқы бүкілхалықтық референдумда Президент реформаларын қолдады. Еліміздің жаңарған Конституциясы бүкіл мемлекеттік жүйе бойынша ауқымды өзгерістерге жол ашты. Суперпрезиденттік жүйеден президенттік республика үлгісіне көштік. Парламенттің рөлі мен мәртебесі күшейді. Ел басқару ісіне халықтың атсалысу белсенділігі арта түсті. Азаматтардың құқығын қорғаудың конституциялық тетіктері нығайтылды. Сенат пен Мәжіліс сайлауы елдегі саяси жаңғырудың шешуші кезеңіне айналды. Заң шығарушы орган толығымен қайта құрылды. Сенаттың құрылымы өзгерді. Қазақстан Халқы Ассамблеясы Сенатта өз мандаттарын алды.
Мәжіліске алғаш рет 6 саяси партия сайланды. Осыған дейін ұзақ уақыт бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті. Бұл жолғы сайланым Қазақстан тарихындағы ең көп партиялы Парламент болып отыр. Мәжіліс түрлі көзқарастар мен саяси күштер тоғысқан алаңға айналды. Халық қалаулыларының жаңа толқыны келді. Мәжіліс құрамы ұзақ жылдан бері алғаш рет бірмандатты округтен сайланған, шынайы әрі тартысты бәсекеде озып шыққан депутаттармен толықты. Сонымен қатар әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар адамдардың және жастардың қатары көбейді», деді Е.Қошанов.
Сессия барысында палаталардың 3 бірлескен отырысы, Сенаттың 12 және Мәжілістің 15 жалпы отырысы өтті. Онда 120-дан астам мәселе қаралды. Сондай-ақ Парламенттің қарауында 82 заң жобасы болса, соның ішінде 25 заң қабылданып, 13 заң күшіне енген.
«Қазіргі сайланымның басты ерекшелігі – көптеген маңызды заң жобасының депутаттардың бастамасымен әзірленуі. Оларға сайлаушылардың талап-тілегі, мұң-мұқтажы, ел Президентінің тапсырмалары арқау болды. Бұл ретте Заңсыз алынған активтерді қайтару туралы заңның қабылдануы – әлеуметтік әділдік іздеген жұртшылық талабына лайықты жауап. Ол туралы Президенттің сайлауалды бағдарламасында айтылған. Біздің партиялардың сайлауалды бағдарламаларына да енгізілді. Аталған мәселеге осы сессияда нүкте қойылды. Бұл құжат – заңсыз алынған активтерді қайтарудың жаңа құқықтық тетіктерін қалыптастырды. Құжатта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі жаңа халықаралық үрдістер ескерілді. Ешкім де заңсыз әрекеті үшін жауапкершіліктен қашып құтыла алмайды», деді Е.Қошанов.
Депутаттар бастамашы болған заң жобаларының ішінде – сұйытылған газ айналымын реттеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері, Кәсіптік біліктілік туралы заңдар бар. Мәселен, Ерлан Қошановтың айтуынша, электр самокаттардың көп қолданылуы адамдардың қауіпсіздігіне әсер етіп отыр. Сондықтан олардың жүрісін реттеу жөніндегі түзетулер Парламентте қызу талқыланды. Осы орайда Мәжіліс төрағасы депутаттар қабылдаған заң жаяу жүргіншілердің де, самокат жүргізушілерінің де қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін айтты.
Сонымен қатар Палата төрағасы бұрынғы Семей ядролық полигоны аумағын зерттеу мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі көптен шешімін таппай келе жатқан түйткілді жайттың бірі екеніне назар аударды. Бүгінде бұл мәселе заңнамалық деңгейде шешімін тапты. Сондай-ақ осы сессияда Мәжілісте алғаш рет Жоғары аудиторлық палатаның есебі тыңдалды.
«Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы аясында Мәжілістің өкілеттігі, бақылаушылық функциясы күшейтілді. Президент айтқандай, біз бюджеттің атқарылу барысын, әрбір тиынның жұмсалуын қатаң қадағалауымыз қажет. Осыған орай Жоғары аудиторлық палатаның есебін тыңдадық. Онда халықты толғандыратын ең өзекті тақырып – жылумен қамту мәселесі көтерілді. Қоғамды, депутаттарды жылу орталықтарының қысқы маусымға дайындығы алаңдатып отыр. Осы жөнінде біраз сыни пікірлер айтылды. Нәтижесінде, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаға тиісті ұсынымдар жолданды», деді Е.Қошанов.
Өткен сессияда барлығы 11 халықаралық шарт пен мемлекетаралық келісім ратификацияланды. Қос палата депутаттары Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдарға 306 депутаттық сауал жолдады. Ерлан Қошанов осы сессияның өзінде халық қалаулыларының атына түскен 7 мыңға жуық хат қаралғанын және аз уақыт ішінде Мәжіліс жанындағы Қоғамдық қабылдауға 800-ден астам адам келгенін атап өтті.
Бірінші сессияны қорытындылай келе, Мәжіліс спикері қос палатаның шетелдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайту бағытында да ауқымды жұмыс атқарғанын айтты. Бұдан бөлек, Мәжіліс төрағасы Үкіметпен бірлескен жұмыс кезіндегі кейбір мәселелерге назар аударды.
«Үкіметтің заңға бастамашы болу жұмысы тиісті деңгейде атқарылмай отыр. Қоғамда шұғыл шешімін күтіп отырған түйткілді мәселе көп екенін білесіздер. Олар, бірінші кезекте, заңнамалық тұрғыдан шешуді қажет етеді. Өкінішке қарай, бұл жайттарға Үкімет дер кезінде көңіл аударып, қажетті заң жобаларын Мәжіліске уақтылы ұсынбай отыр. Сондықтан депутаттар осы өткір мәселелерді шешуді жедел түрде өз қолына алып, тиісті заң жобаларына бастамашы болуға мәжбүр. Осы орайда Үкіметке белсенділікті арттырып, келесі сессияға нақты әрі қоғамға қажет заң жобаларын әзірлеуді және Парламентке енгізуді тездетуге тиіс», деді Е.Қошанов.
Сонымен бірге Палата төрағасы депутаттардың түзетулеріне Үкімет қорытындысын қарау мерзімі ұзаққа созылатынына, белгіленген тәртіптің көп жағдайда сақталмайтынына мән берді. Осы орайда Үкіметті қорытындыларды келісу рәсімін қайта қарауға шақырды. Парламентке келетін мемлекеттік органдар басшыларының дайындығы мен депутаттық сауалдарға берілетін жауаптар сапасының төмен екені де айтылды. Мәжіліс төрағасы келесі аптадан бастап депутаттардың өңірлерге сапары басталатынын айтты.
«Сол кезде қаралатын заңдар бойынша халықпен тереңірек пікір алмасу, жұртшылықтың ойын білу маңызды. Парламент заңдарды халық үшін және халықпен бірге жазады. Бұл – біздің басты ұстанымымыз», деді Е.Қошанов.
Мәжіліс спикері келесі сессияда да заң шығару жұмысы қарқынды жалғасатынына сенім білдірді. Парламентарийлер келесі сессияда сайлаушылардың өзекті мәселелерін шешуге, Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыруға ерекше екпін беруге тиіс.
«Біз Ұлттық қордан балаларға бөлінетін төлемдер мәселесі жөніндегі заң жобасымен жұмысты жалғастырамыз. Бұл – Президенттің ауқымды реформалары аясындағы негізгі бастамасының бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Салық, Бюджет, Су, Қала құрылысы кодекстерімен, Мемлекеттік сатып алу, Ғылым және технологиялық саясат туралы заң жобаларымен жұмыс істеу міндеті алдымызда тұр», деді Мәжіліс төрағасы.
Отырыс соңында Ерлан Қошанов Үкімет мүшелеріне екі Палата аппараттарының қызметкерлеріне, сарапшылар қоғамдастығына, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне бірлескен жұмысы үшін зор ризашылығын білдірді.
Жиынға Қазақстан Республикасының Премьер-министрі, Мемлекеттік кеңесші, Президент Әкімшілігінің басшысы, Конституциялық соттың, Жоғарғы соттың, Орталық сайлау комиссиясының және Жоғары аудиторлық палатаның төрағалары, Үкімет мүшелері, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары мен Парламент палаталары аппараттарының жауапты қызметкерлері қатысты.