• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Шілде, 2023

Қуаңшылық мал шаруашылығының құтын қашырды

579 рет
көрсетілді

Сырдың бойындағы қуаңшылық осыдан екі жыл бұрын малды ағайынның мазасын кетіргенін ешкім ұмыта қойған жоқ. Теңізді өңірдегі шаруалардың біразы көршілес Ақтөбе облысының іргелес аудандарына малын айдап, қос тігіп малды аман алып қалудың бар амалын жасады. Бұл туралы «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Мұрат Жетпісбайдың мақаласынан толық оқи аласыздар. 

Сол жылы қысқа түсетін малға 770 мың тонна шөп, 8 мың тонна сүрлем және 213 мың тонна құрамажем қажет екендігі анықталып, біраз бөлігі облыстың өзге аудандарынан әзірленді. Аймақта мал азығын дайындау үшін 114 бригада құ­рылып, 1000-нан астам адам және 170-тен астам техника жұмыл­дырылған еді. 

Тіпті төтенше жағдай жарияланып облыс­тың резерв қорынан 250 млн теңге бө­­лін­ді. Үкі­мет резер­вінен тауар өндіру­шілер­дің жемшөп сатып алу шы­ғындарын ішін­ара субси­диялауға 1,7 млрд теңге қар­жы қаралды. 

Қуаңшылықтан сабақ алған шаруалар былтыр малазықтық дақылдарды 4,9 мың гектарға артық егiп, оның жалпы көлемі 71,3 мың гектарға жетті. Бұ­дан бөлек, канал тазалау, ұңғыма­лар­ды қалпына келтіру және бұр­ғы­лау, қашыртқы суларды қай­та пайдалану секілді тірліктер жемісін берді. Ерте көктемде көлдер жүйесін толтыру арқылы 75,9 мың гектар шабындық жер суландырылды. Осыдан да 2021 жылы 1200-1500 теңгеге жеткен жоңышқа бағасы былтыр 700-750 теңгеге түсті.

Жаңақорған ауданында биыл қысқа түсетін мал басы нақ­тыланып 183 мың тонна шөп, 36 мың тонна жем, 37 мың тонна сабан дайындау жоспары бекітілген. Қазір шаруашылықтарда жоңыш­қаның бірінші орымы бітіп, 40 мың тонна шөп дайындалыпты. Бір бумасы 500-600 теңгеден сатылып жатыр. Жалпы, облыстағы жоңыш­­қалық алқаптың көп бөлігі осы ауданның аума­ғында екен. 

Арал ауданындағы төрт түлік саны қазір 254 560 басқа жетті. Былтыр аудан бойынша 180 591 тонна мал азығы дайындалған, қазір соның 59 672 тоннасы қалып тұр. Алдағы қысқа 181 000 тонна жемшөп қажет.