• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Шілде, 2023

Орталық Азиядағы ірі аквапарк

478 рет
көрсетілді

Әулиеатада туризмді дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Нақтырақ айтар болсақ, Тараз қаласындағы «Зербұлақ» көлінің маңы адам танымастай өзгерді. Бір кездері жұрт «Бұл «Зербұлақ» емес, «Зәрбұлақ» болып бара жатыр» деп шамданған көл маңынан Орталық Азиядағы ең ірі аквапарктің бірі ашылды.

Жалпы құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын демалыс ор­та­лығы 1,9 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда бір мезетте 2000 адам демалатын мүмкіндік бар. Демалыс аймағындағы тол­­қын­ды бассейндер мен түр­лі әткеншек бұрынғы «Зер­­­бұлақ­тың» ажарын аша түскен.

«South Holiday» ЖШС-ның бас директоры әрі кешен басшысы Айбек Оршыбековтің айтуынша, демалыс аймағына күніне 4 000 адам келеді деп жоспарланған. Ал Таразға табан тіреген меймандар билетті «ZER» мобильді қосымшасы арқылы да ала алады. Билеттер үлкендерге бес мың теңгеден саудаланса, 2-13 жас ара­лығындағы балаларға төрт мың теңге.

«Туған жерді түлету – әрбі­ріміздің парызымыз. Сондықтан да инвестиция құйып, «Зербұлақ» аквапаркін аштық. Бұл – үш ин­вестордың туған жерге деген сыйы. Толқын тербелісі бар, сырғанауға арналған және дре­нажды бассейндер қойдық. Жиырма шақты адам жұмыспен қамтылып отыр. Ара-тұра же­тім және мүмкіндігі шектеулі балаларға, көп­балалы отбасыларға жеңілдік қарастырып тұрамыз», дейді А.Оршыбеков.

 

Тараз