Иранның бас шаһары – Тегеранда өткен теннистен 18 жасқа дейінгілер арасындағы «ITF Juniors J100 Tehran Optigen Pro Jnior Championship» турнирі мәресіне жетті.
Жекелей сында бақ сынаған Ақтау теннис мектебінің түлегі Даниал Рахматуллаев барлық қарсыласынан басым түсіп, турнир жеңімпазы атанды. Жерлесіміз жартылай финалда үш сағаттан астам уақытқа созылған матчта тағы бір жерлесіміз Әмір Омархановты қапы қалдырды – 5:7, 6:3, 7:5. Ал финалда ресейлік теннисші, осы жарыстың бірінші ракеткасы саналған Дмитрий Буртцевпен шеберлік байқасып, екі сетке жалғасқан бәсекеде 6:3, 6:3 есебімен басым түсті.
Сонымен қатар жұптық сында да өнер көрсеткен Әмір Омарханов болгариялық Иван Найденовпен бірге жұп құрап, финалда өзбекстандық Имран Хайтбаев пен Беларусь өкілі Даниил Ряженковпен кездесті. Қарсыластарын екі сетте 7:6 (7:2), 6:3 есебімен жеңген Омарханов пен Найденов бас жүлдені иеленді.