Өткен жексенбі күні елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде қазақ күресінен «Qazaqstan barysy» турнирі ұйымдастырылды. 2011 жылдан бастап төл күресімізді ел арасында кеңінен насихаттау мақсатында өткізіліп келе жатқан жарыстың биыл 12-мәрте жалауы желбіреді. Әр өңірдің мықтылары жиналған балуандар бәсекесінде күш құрылымдары арасындағы ұлттық күрестен «Әскер барысы» атанған Ғалымжан Қырықбай биылғы «Qazaqstan barysy» жарысының жеңімпазы атанды.
«Qazaqstan barysy» турнирінің биылғы финалдық кезеңіне қатысқан балуандар саны бұған дейінгі жарыстарға қарағанда рекордтық нәтижеге жетті. Яғни биылғы додада еліміздің түкпір-түкпірінен келген 41 балуан бас жүлде үшін белдесті. Финалдық кезеңге жолдама алған балуандардың есімдері белгілі болған кезде-ақ қазақ күресінің майталман мамандары «Qazaqstan barysy-2023» турнирінің басты фавориттерінің бірі ретінде Ғалымжан Қырықбай екенін ерекше атап өткен болатын. Өйткені жамбылдық жампоз осыған дейінгі турнирлерде қатарынан екі мәрте жүлдегерлер санатынан көрініп, қола және күміс белбеуді қанжығасына байлаған еді. Атап айтқанда, 2021 жылғы финалда Шығыс Қазақстан облысының балуаны Дәурен Нұралиновке есе жіберген болса, былтыр жартылай финалда қызылордалық Мақсат Исағабыловтан жеңіліп қалған-ды. Үшінші орын үшін өткен белдесуде Нұрсәт Темірханмен кездесуі керек еді, алайда қарсыласы жарақатына байланысты бозкілемге шыға алмады. Сөйтіп, Ғалымжан Қырықбай автоматты түрде қола жүлдегер атанды.
Биылғы бәсекеде де Ғалымжан Қырықбай мықтылығын дәлелдеп, өз карьерасында екінші мәрте жарыстың финалына алқынбай жетті. Оны финалдық бәсекеде былтырғы турнирдің күміс жүлдегері маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов қасқайып күтіп тұрған еді. Қос мықты арасындағы кездесудің негізгі кезеңінде балуандардың күші тең түсіп, жеңімпаздың есімі қосымша уақытта анықталды. Бір минутқа есептелген белдесудің 9-секундында Ғалымжан Қырықбай қарсыласының жауырынын жер иіскетіп, «Qazaqstan barysy» атанды. Сондай-ақ ол жарыс ұйымдастырушылары тарапынан «Алтын белбеу» мен 25 миллион теңге ақшалай жүлдемен марапатталды. Ал Нұрдәулет Жарылғапов осымен екінші рет финалда есе жіберіп, «Күміс белбеу» мен 5,5 миллион теңге алды.
Турнирдің қола жүлдесі Павлодар облысының өкілі Мұхтар Дәлелханұлына бұйырды. Ол үшінші орын үшін өткен бәсекеде тағы бір «Әскер барысы» жеңімпазы Марат Байқамұровтан басым түсті. Павлодар облысынан келген балуанға «Қола белбеу» және жүлде ретінде 1,8 миллион теңге табысталды.