Ұлттық тәрбиеге негізделген «Өркендеу» бағдарламасын бүгінде мектептер мен балабақшалар тиімді пайдаланып келеді. Оған жуырда ұйымдастырылған республикалық веб-семинарда тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдық.
2-5 жастағы балаларға арналған «Өркендеу» бағдарламасы авторларының бірі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Фатима Жұмабекованың айтуынша, жобаның жаңашылдығы мен құндылығы қазіргі кезең үшін маңызды.
– Қазіргі таңда үздіксіз білім беру жас ұрпақтың білімімен ғана емес тәрбиесінің тереңдігімен де өлшенетіні белгілі. Ұлтымыздың алдында тұрған міндет – тәрбиелі, білімді, жан-жақты, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. Осы орайда мектепке дейінгі кезеңде баланың тәрбиесін ұлттық құндылықтарға негіздеу әрі оны заманауи әдістемелермен, инновациялық технологияларды пайдалану арқылы жүзеге асыру маңызды. Мектепке дейінгі ұйымдарда педагогтердің кәсіби тұрғыдан үздіксіз өсуін қамтамасыз ету керек. Өзара әріптестік іс-қимыл орнату арқылы ата-аналардың білім беру ісіне тарту әрі баланы «Ойын арқылы оқыту» қағидаты бойынша тәрбиелеу өте өзекті мәселе, – дейді Фатима Жұмабекова.
Аталған қағидатты іске асыру мақсатында «Өркендеу» ұлттық тәрбие бағдарламасы Астана қаласының №36 «Балапан» және №75 «Балалық шақ» мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәжірибеден өткізілді. Жоба авторының айтуынша, бағдарламаның жаңашылдығы отандық білім беру кеңістігінде өте сирек кездесетін, адамзаттың даналығы мен тәжірибесін өзіне жинақтаған бірегей тәрбиенің тірегі болатын мазмұнды қамтиды. Ұрпақ тәрбиелеудің басты ұстанымы ретінде ұлы дала даналарының «Ізгілік ілімі», «Хал ілімі», «Жан қуаты ілімі», «Толық адам», «Ар ілімі» ілімдеріне негізделіп, бабалар ұлағаты тағылым мен тәрбиеге арқау болады, ағартушы ұлт ұстаздарының ұстанымдары басшылыққа алынады. Әрбір баламен іс-әрекеттің барысы ізгілікке, қайырымдылық пен бауырмалдыққа бағытталады.
Сондай-ақ жас кезеңдеріне сәйкес бала игеруге тиісті білім, іскерлік пен дағдыларды қалыптастыруда бағдарлама мазмұны «Рухани тәрбие әлемі», «Елтану әлемі», «Зияткерлік әлемі», «Өнер әлемі», «Саламаттану әлемі» бағыттары бойынша жүйеленді. Бұған қоса «Ата мұрасы», «Әже даналығы», «Әке өнегесі», «Ана тәрбиесі» ата-аналар қауымдастығын қалыптастыру арқылы әлеуметтік жағдайды, отбасы құндылықтарын, ұлттық салт-дәстүр мен мәдени ерекшеліктер ескеріліп, балаға көркем мінез-қалыптастыру көзделген. «Ата-ана, бала, педагог» үштік одағының біртұтастығын орнықтыру, баламен жұмысты ата-аналарымен, қоршаған ортамен өзара ынтымақтастықта құру аса маңызды.
«Өркендеу» ұлттық тәрбие бағдарламасының үйлестірушісі Күлән Тұрысбекқызының пікірінше, ұлттық тәрбие балабақшадан басталып, мектепте жалғасын табады. «Отбасында ана тілінде жақсы сөйлеуге, сөйлем құрап ойын жеткізуге дағдыланады. Әжесінің айтқан ертегілерін тыңдап, әр нәрсені танып білуге қызығушылығы артады. Әкесі мен анасының айтқан ақылын тыңдап, айтқандарын орындауға талпынады. Атасынан «Жеті атасын» санамалап айтуды үйренеді. Сол арқылы баланың бойында отбасылық құндылық қалыптасады», дейді ол.
– Балабақшамызда 2020 жылдан бастап «Өркендеу» ұлттық құндылықтарға негізделген жоба іске қосылды. Осының аясында бағдарлама авторларымен бірлесе көптеген жұмыс жүргізіліп, қалалық, республикалық семинарлар өткізілді. Бағдарлама мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласы бойынша Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың «Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына» және типтік оқу жоспарына сәйкес дайындалды. Бағдарламада бала тәрбиесіндегі ата-аналармен тығыз байланыс орнатуға баса назар аударылған, – дейді Астана қаласындағы №36 «Балапан» балабақшасының меңгерушісі З.Иманбаева.