Парижде алауы тұтанатын Жазғы Олимпия ойындарының басталуына да бір жылдан сәл аса уақыт қалды. Қазір Олимпиада бағдарламасына енген бірқатар спорт түрінен жолдамалар сарапқа салынып жатса, кей спорт түрінен лицензиялар енді таратыла бастайды. Мәселен, күні кеше Халықаралық күрес федерациясы (UWW) 2024 жылғы Париж Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынатын белдесулер қай қалаларда өтетінін мәлімдеді. Яғни Олимпиадаға дейінгі балуандар бәсекесінің іріктеуі үш кезеңге жалғасып, әлемнің үш қаласында ұйымдастырылады.
Олимпиадаға іріктеу жарыстарының алғашқысы осы жылдың 16-24 қыркүйегі күндері Сербия астанасы Белградта өтетін әлем чемпионаты болмақ. Күздегі жаһандық додада Олимпия ойындарының бағдарламасына енетін әр салмақта 5 лицензия сарапқа салынады. Мұнда қола медаль жолында жеңілген екі балуан өзара күресіп, 5-жолдамаға иелік етеді. Сербияда жалпы саны 90 балуан жолдама иегері атанады.
Ал кейінгі екі кезең 2024 жылға жоспарланған. Оның алғашқысы сәуір айында өтетін құрлықтық іріктеу жарыстары болса, соңғысы Ыстанбұл қаласындағы шешуші іріктеу турнирі. Мәселен, Азия құрлығының іріктеу жарыстары 19-21 сәуір күндері Қырғызстанның Бішкек қаласында өтеді. Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша, мұнда әр салмақта финалға шыққан екі балуан ғана Париж жолдамасын қоржынға салады. Панамерика чемпионаты мен сол құрлықтағы іріктеу додасын Акапулько (Мексика) қаласы қабылдайды. Сонымен қатар Африка мен Тынық мұхиты аймағының елдері Каирде (Мысыр), Еуропаның бозкілем шеберлері Бакуде (Әзербайжан) жиналады. Әр құрлықтағы турнирде 36 квотадан берілсе, барлығы 144 балуан Олимпиадаға барады.
Ал 9-12 мамыр күндері Ыстанбұл қаласындағы қорытынды іріктеу кезеңінде (World Olympic Qualifier) әлем балуандары әр салмақтағы ең соңғы 3 жолдама үшін таласады. Осы тұста қола жүлде алған екі спортшы тағы өзара күш сынасып, соңғы лицензияның иегерін анықтауы керек. Осылайша, балуандар қалған 54 жолдаманың тағдыры Түркия бозкілемінде шешеді.
Бұл жерде бір ескере кетер жайт, күрес түрлерінен Олимпиаданың жолдамасы жекелеген спортшыға емес, UWW-ға мүше Ұлттық федерацияларға беріледі. Сәйкесінше, Олимпиадаға кім баратынын сол елдің федерациясы өзі шешеді.
Париж төрінде Токио Олимпиадасы сияқты әр салмақта таңдаулы 16 балуан жүлдеге таласады. Күрес түрлерінен Олимпиада бағдарламасына барлығы 18 салмақ дәрежесі енген. Яғни грек-рим күрес бойынша: 60, 67, 77, 87, 97, 130 килодан жоғары, еркін күрес бойынша: 57, 65, 74, 86, 97, 125 кило және әйелдер күресі бойынша: 50, 53, 57, 62, 68, 76 кило.