Мемлекет басшысы «Бәйтерек» монументі, «Бейбітшілік және келісім» сарайы, «Хан шатыр» кешені және басқа да бірегей нысандар қаланың көркін аша түскенін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бұл – халқымыздың болашақ тағдырын айқындаған аса маңызды және дер кезінде қабылданған тарихи шешім. Тұңғыш Президенттің осы бастамасы жаңа ұлттық идеяға айналды. Бұл шешім еліміздің, халқымыздың ұлттық мүддесіне сай келгеніне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан бәріміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл саладағы еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек.Әділетті Қазақстанда ақты ақ, қараны қара деу қажет, басқа сөзбен айтқанда, ненің шындық, ненің өтірік екенін ажырата білу керек. Бұл – еліміздің болашағына тікелей қатысы бар мәселе. Елорданың заманауи келбетін қалыптастыруға Кисё Курокава, Норман Фостер, Ренато Аркетти, Манфреди Николетти сияқты әлемге әйгілі сәулетшілер атсалысты», деді Мемлекет басшысы.Сонымен қатар Президент «Бәйтерек» монументі, «Бейбітшілік және келісім» сарайы, «Хан шатыр» кешені және басқа да бірегей нысандар қаланың көркін аша түскенін ескерді. Бас қаламыздың «Астана опера», «Астана балет» сияқты өнер ордалары арқылы бүкіл әлемге мәдени орталық ретінде танылғанын, жаңа елорда Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне тың серпін бергенін атап өтті.