Қоғам осы сұраққа жауап күтіп отыр. Себебі электр энергиясының жаңа тарифтері үшін күрес шешуші кезеңге аяқ басты. 1 шілдеден кейін Қазақстанның үш өңірінде – Алматы, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында қанатқақты жоба аясында электр энергиясына жаңа тариф енгізіледі. Дәл осы күннен кейін реттелетін коммуналдық қызметтерге тарифтерді көтеруге мораторий ресми түрде аяқталады. Жаңа қанатқақты жоба тарифтерді саралауды жоюды қарастырады, бірақ әзірге барлығына бірдей емес. Әңгіме бюджеттік ұйымдар, бизнес және халық туралы болып отыр. Алматы мен Астана қаласында өткен қоғамдық талқылауларды сырт көз пікірталастар теке-тіресі деп қабылдады. Қоғам белсенділері, монополияға қарсы және депутаттар тарифтің көтерілуін ашық жақтаса, энергия сататын компаниялардың өкілдері қымбаттатудан өзге жолдың қалмағанын айтты. Жергілікті деңгейде төтенше жағдайға әкелген себептердің өзі туралы мәлімет аз, бірақ Қазақстанда бұл аймақтағы инфрақұрылымның күрт нашарлауы туралы көптен бері айтылып келеді. Мәселен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы 1 қыркүйектегі Жолдауында елімізде электрмен жабдықтау желілерінің үштен екісі, жылу коммуникацияларының 57 пайызы және сумен жабдықтау желілерінің жартысына жуығы тозығы жеткеніне баса назар аударды, бұл көрсеткіштерді кем дегенде 15 пайызға төмендету қажеттігін айтты.
Энергетика министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы бұйрығымен электр энергиясының шекті тарифтеріне өзгерістер енгізілді. Тарифтерді түзету энергия өндіруші тәуелсіз ұйымдар үшін отын құнының өсуімен және алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындықпен байланысты. Орташа өсім 17 пайыз деңгейінде болжануда. Мәселен, «Риддер ЖЭО» тарифті бір кВт/сағ үшін – 13,93 теңгеден 18,17 теңгеге дейін, Екібастұз ГРЭС-2 — кВт/сағ 8,59-дан 11,20 теңгеге дейін көтереді. «Алматы электр стансалары» кВт/сағ үшін – 11,19 теңгеден 14,02 теңгеге, Семей қаласының «Теплокоммунэнерго» МКК – кВт/сағ үшін 8,05 теңгеден 19,25 теңгеге, «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС – кВт/сағ үшін 9,86 теңгеден 12,64 теңгеге дейін көтереміз деп отыр. Тарифтердің көтерілуін негіздеу үшін Энергетика министрлігі бірқатар дәлел келтірді. Атап айтқанда, «Богатырь-Көмір» разрезінен алынатын көмір бағасы қымбаттайды деген сөз бар.
Астана қаласына тиесілі энергонарықтың тең жартысын иемденіп отырған «Астанаэнергосбыт» шекті бағаны тұрғындарға 33 пайызға – 19,58 теңгеге, ал бизнеске киловат сағат үшін 27,13 теңгеге көтереміз деп отыр.
Ал «Алматыэнергосбыттың» тәбеті әзірге төмендеу. Олар сату тарифін орта есеппен 18,4%-ға, киловатт-сағат үшін 26,26 теңгеге дейін көтермек. Осы жылдың қаңтарында бөлшек сауда компаниялары тарифтерін көтеріп үлгерді. Олар бұл шешімін бизнесті дамыту қажеттілігінен туындады деп отыр. Себебі қолданыстағы тариф шығынды ақтамай, инвестициялық тартымдылығына кедергі келтіреді.
Сарапшылар 1 шілдеден кейін энергонарықтағы бағаның беталысы айқындалып қалатынын айтып отыр.
Энергетика министрінің 2023 жылғы 6 маусымдағы «Электр энергиясын бірыңғай сатып алушыны анықтау туралы» бұйрығы бекітілді. Бұйрықпен «Жаңартылатын энергия көздерін қолдаудың есеп айырысу-қаржы орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі электр энергиясын бірыңғай сатып алушы болып бекітілді. Энергетика министрлігіне Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа бойынша қабылданған түзетулерге сәйкес бірыңғай сатып алушыны анықтау өкілеттігі берілді.
Электр энергиясын бірыңғай сатып алушы орталықтандырылған тендерлердің электрондық алаңында оны өткізу арқылы отандық электр стансаларынан электр энергиясын жоспарлы сатып алуды бір күн бұрын жүзеге асырады. Өнеркәсіптік кәсіпорындар енді электр энергиясын тікелей стансалардан сатып ала алмайды. Халыққа энергия сататын аймақтық «Энергосбыт» ЖШС де мұндай мүмкіндіктен айырылып қалды. ЖЭО мен ГРЭС-тің энергиясын жаңа мемлекеттік компания сатып алады. Ал бұл 1 шілдеден бастап көтерілетін шекті деп аталатын бірыңғай тариф бойынша жүзеге асырылады. Энергетика министрлігі жағдайды толық бақылауға алды. Ал мемлекеттің бір реттік сатып алуы сұраныспен теңестіріліп, жылу электр және су электр стансаларына даму үшін инвестиция тартуға мүмкіндік береді деп есептейді.
Энергонарыққа қатысты өткен реформалардың нақты нәтиже бере алмағанын, құрылтайшыларға тек қалтасын қалыңдатуға ғана мүмкіндік беріп, саланың көшін тежегені енді ашық айтылып жатыр.
Еске салайық, мемлекеттік сатып алушы құрылғанға дейін бизнес екіжақты келісімдер бойынша электр энергиясын сатып алып келді. Бірақ майнинг компаниялардың немесе басқа да компаниялардың нарыққа келуі жағдайды өзгертіп жіберді. Енді мемлекеттік сатып алушы нарықта тәртіп орнатады деп үміттеніп отырмыз. Енді жаңа компания, мемлекеттік бақылаушы ретінде ЖЭО мен ГЭС-тің «жаңа қожайындарына» ойына келгеннің бәрін жүзеге асыра беруіне мүмкіндік ұсына қоймас деп отырмыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев энергонарықтағы ойыншылардың бәріне инфрақұрылымды жаңғыртуды, қуаттылықты арттыруды тапсырды. Егер олар «ойыншы» мәртебесінен айырылып қалғысы келмесе, пайдасын қалтасына емес, инвестициялауға қарай бағыттауы керек.
Екібастұзда жылу электр орталығындағы бірнеше қазанагрегат тоқтап, тұрғындардың жылусыз қалғаннан кейін қоғам белсенділері мен депутаттар энергетикалық олигархтарға қатты шүйлікті, тіпті активтерін мемлекетке қайтару туралы үндеулер де болды. Ал тәуелсіз сарапшылар мен мамандар тарифті екі-үш есе көтерсек қана бұл тығырықтан шыға аламыз деуден танбады. Бұл шешімнің соңы жақсылыққа апармайтыны, инфляцияның ырық бермей кетуіне себеп болатыны да айтылды.
Мемлекеттiк бiрыңғай сатып алушы да делдал ретiнде өнеркәсiптiк кәсiпорындардан және энергия сатушылардан түскен маржаны жинақтап, ақшаны энергетикалық мәселелерді шешуге бағыттайтын құзырет бар. Антимонополистер нарықта бір ғана мемлекеттік сатып алушының үстемдік етуін құп көрмей отыр. Себебі жаңа компанияның ұстанымында әлі айқындылық жоқ. «Бірыңғай сатып алушының» делдалдық үлесінің мөлшері көрсетілмеген. 1 шілдеден бастап жылу электр стансалары мен су электр стансаларының сату тарифтері көтерілуі, бөлшек сауда орындарының тарифтері өзгеріссіз қалуына байланысты бір-біріне қарсы тұратын пікірлер көбейіп кетті.
«Астанаэнергосбыт» ЖШС сараланған тарифтерге байланысты келтірілген шығынның беталысы өздеріне қиын тиетінін айтып жатыр. Бұл жолы салмақ бизнес өкілдеріне түседі. Тұрғындарға арналған тариф бизнес есебінен жеңілденейін деп тұр.
Депутат Асқар Садықов мамыр айында Үкіметке жолдаған сауалында энергия сататын компанияларды «елдің энергетика жүйесіне жабысып қалған паразиттер» деп атады. Депутаттың айтуынша, делдалдар электр энергиясын өндіруші компаниялардан монополиялық жолмен сатып алып, халыққа, кәсіпорындарға 4-20 есе қымбат бағаға қайта сатып, тек қаржылық ағындарды есепке алумен ғана айналысады. Бірақ депутаттың ұсынысы «делдал компанияларды» жою керек деген пікірден әрі аса алмады. Осыған дейінгі энергосаясат жеке сектордың нарықты мемлекеттің бақылауынсыз билеп-төстеуіне, акционерлерінің көбірек пайда табуына жол берді. Қазір нарықтың кейбір сегменттеріндегі жағдайды бақылауға мүмкіндік туып, жағдай бір қалыпқа түсе бастады. Енді бізге қажеті асыра сілтеуге жол бермеу... Қазіргі тарифтің деңгейі нарықтың осы сегментінің іргетасы болуы керек. Жаңа бағалар өндірістің рентабельділігін сақтауға көмектеседі, екіншісі – реформалар кезеңінде баға алшақтығын болдырмауға жол ашады. Әзірге бағаны көтеруге төрт монополист өтінім берді. Депутаттар мен қоғам белсенділері көзге түсіп, ұпайын түгендеп алуға тырысып жатыр. Энергетикалық сарапшы, экономист, коммуналдық қызметтердің тарифтері жөніндегі азаматтық кеңестің мүшесі Әсет Наурызбаев тарифтерді қалыптастырудың нарықтық схемасын жақтайды.
Ә.Наурызбаевтың айтуынша, бір киловатт-сағаттың бағасы небәрі 6 теңгеге көтеріледі.
«Бағасы аукцион арқылы қосылатын жаңартылатын энергияны алайық. Энергияның көтерме бағасы 13-тен 16 киловатт-сағатқа дейін, яғни нарықтағы баға бір киловатт-сағат үшін 30 теңгеден аспайды. Тиісінше, нарықтық негізде тарифті қалыптастыру, баға жаңартылатын энергия көздерінен жоғары болуы мүмкін емес, яғни көмір мен газдың көтерме бағасы 16 киловатт сағаттан аспауы керек», деді энергетик.
Сарапшының айтуынша, көп жыл бойы тариф дұрыс қалыптаспады, жасанды түрде төмендетілген, бұл – инфрақұрылымның тозуына және қаржының тапшылығына әкелген. Мұндай жағдай, экономистің айтуынша, қалтасы төмен ағайын емес, қалталы топ үшін тиімді. Енді экономист атап өткендей, тарифті кезең-кезеңімен көтеру керек, бұл тарифтердің нарықтық құнын айқандап алуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, жылу желілерін жаңғыртып алуға жол ашылып тұр. Сарапшының айтуынша, жаңа тариф тұрғындарға жылу мен жарықты үнемдеуді, және қалай бақылау қажеттігін үйрену үшін қажет. Қазір жеке секторда да, пәтерлерде де жылу шығыны мүлдем бақыланбайды. «Біз жылуды өте қисынсыз жұмсаймыз. Еуропа мен АҚШ-та қыста үйлердегі температура +18, ал бізде барлығы 22 градустан жоғары тұрады. Жылуға тарифті күрт көтерсек, энергияны қалай азайту қажеттігін тұрғындардың өздері үйретеді», дейді Ә.Наурызбаев.
Тәуелсіз сарапшы Петр Своиктың айтуынша, электр энергиясы нарығында түбегейлі қайта құру – теңгерімдеуші электр энергиясы нарығының қалыптасуына жол ашады. Қазір энергетика саласы бірнеше себепке байланысты күрделі, жүйелі дағдарыстың қыспағында тұр. Жүйе нарықтық жағдайға бейімделіп, құрылмаған, Бірақ ол нарықтық жүйеге өткеннен кейін, энергетикалық салаға ауадан пайда жасауға болады деп қарайтындар көбейді. Барлық ақпарат тек монополистердің өз сөзінен шығады, бірақ министрліктің оның қаншалықты сенімді екенін тексеруге мүмкіндігі жоқ. Тарифтерді реттеу тетігі нарық заңына бейімделе алмады, олар 5-7 жылға бекітілді. Бұл шешім нарықтың беталысын айналадағы жағдаймен үйлестіруге мүмкіндік берген жоқ. Бұл шешім нарықты олигополистік нарыққа айналдырды. Сарапшы айтып өткендей, бұл нарық емес, электр энергиясын қарапайым бөлісу. Таратып айтқанда, қалталылар электр энергиясын әдеттегіден бірнеше есе төмен тарифпен бөлісіп алуға мүмкіндік берді. Оның пікірінше, Қазақстанда реттеу саясатын барлық үдеріске жауап беретін бір ғана мемлекеттік органның шеңберінде құру қажет. Себебі жауапкершіліктің қай тараптың мойнында екені де бұлыңғыр болып кетті. Өнеркәсіптік тарифтерді энергетика министрлігі бекітсе, жоғары вольтты, жүйеаралық беру, тарату және шаруашылық-тұрмыстық ақы тарифтерін Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Табиғи монополияларды реттеу комитеті бекітеді. Осылайша, сала екі реттеуші арасында бөлінген. Табиғи монополияларды реттеу комитеті (ТМРК) энергияның дамуына еш қатысы жоқ. Тек тарифтерді бекітеді, болды. Ал энергетика министрлігінде ондай құзырет жоқ.
...Міне, әзірше тарифті талқылауды осы жерден тәмамдауды жөн көріп отырмыз. Бірақ «тарифтің жаңа деңгейін экономика мен халықтың қалтасы көтере ала ма?» деген сауал көкейде қала берді...