Қызылордада өткен жергілікті тауар өндірушілер көрмесіне «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушы қыз-келіншектер өнімдерін қойды. Облыстық кәсіпкерлер палатасы өкілдері осы жоба аясында жұмыс істеп жатқан 23 кәсіпкер көрмеге биыл алғаш рет қатысып отырғанын айтады.
Облыс әкімінің орынбасары Балмейір Сансызбайұлы көрмені аралап, қатысушылармен пікірлесті. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында биылдан бастап республика көлемінде «Мен – кәсіпкер» жобасы басталды. «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы», «Бір ауыл – бір өнім» жобасы және шағын және орта бизнес өкілдерінің кәсіпкерлік әлеуетін арттыру үшін «Кәсіпке бағыт» атты салалық оқытуды қамтитын бастама осыған дейін Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында қанатқақты режімде сәтті жүзеге асқан.
Тарихына тереңдесек, өткен ғасырда Жапонияда басталған жобаның мақсаты – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыру. Қолда бар жергілікті шикізатты іске жаратып, елді мекендерде жұмыс орнын ашып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру.
«Бұл жобаға тек қыз-келіншектер ғана қатыса алады. Бүгінгі іс-шараға қатысушылардың өнімдерін арнайы сарапшы комиссия қарап шықты. Жеңімпаздар жақында анықталады. Олар жаңашыл бизнес-идеяларға арналған грантқа қатыса алады. Ал бірінші орын иегерінің тауарларына арнайы мамандар маркетингтік сүйемелдеу жасайды», деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.
Қызылорда