Еңселі елорданың қаланған әр кірпішінің тарихы бүтін республикаға аян. Алайда сол тастарының алып ғимаратқа, өңірдің әлеуметтік-экономикалық орталыққа айналуына сеп болған азаматтарды біле бермейміз. Осы орайда Астананың рухани дамуына, өркениетті орта қалыптастыруда жақсылық жасап жарысып жүрген елордалық еріктілердің ерлігі ерекше. «Астана жастары» – елордалық жас буынның басын біріктірген Жастар ресурстық орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Ол өңірлік деңгейде 2014 жылы 7 ақпанда құрылған. Басты мақсатты – мемлекеттік жастар саясатын жүйелі іске асыру.
Қазір орталық 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтарды жұмысқа тартып, еріктілер қозғалысын жетілдіруде, аула клубтарын дамытып, олардың жаңа бастамаларын қолдауда, құқықтық көмек көрсетуде белсенді.
– Астана қаласында жастар саясатын дамыту шеңберінде жұмыстың басым бағыты – жастарды жұмысқа орналастыру және тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, сондай-ақ еш жерде оқымайтын, еш жерде жұмыс істемейтін және кәсіптік оқыту курстарына қатыспаған NEET санатындағы жастар санын қысқарту күн тәртібінде. Осы бағытта жастардың еңбек нарығына өтуі үшін «Астана жастары» ЖРО жастарды жұмысқа орналастыру, әлеуметтендіру және жан-жақты қолдау негізінде жобаларды іске асырады. Мәселен, 2022 жылы осы бағытта жалпы 24 560 адамды қамти отырып, 5 жоба шеңберінде 80-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Олардың ішінде былтырғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жастар арасынан 10 мыңға жуық адам кеңес алды. Өтініштердің 80-90%-ы кәсіптік бағдар беру және жұмысқа орналастыру, сондай-ақ тұрғын үй мәселелеріне қатысты болды. «Time to change» жобасы негізінде «Жастардың кәсіби және жеке дағдыларын дамыту мектебі» онлайн және офлайн тренингтер өткізеді. 2022 жылдың басынан жалпы саны мың адамды қамтитын 33 тренинг ұйымдастырылды. 4 бос орындар жәрмеңкесі сәтті өтті. Оған елордадан 146-дан астам жұмыс беруші: «Bilim Way», Қазақтелеком, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы, «Integra Construction KZ», «Binom Education», «Forte Bank», «Дом Уют» архитектуралық жобалау бюросы секілді ұйымдар қатысты. Осылайша, 1 800-ден астам бос жұмыс орындары ұсынылды. Нәтижесінде, жәрмеңке барысында екі қолға бір күрек таппай сенделген 200-ге жуық азамат жұмысқа орналастырылды. Ал биыл дәл осындай іс-шаралар тоқсан сайын ұйымдастырылады. Оған 3 мыңға жуық азаматты тарту арқылы еңбекке баулу көзделген, – деді Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО» КММ басшысы Шыңғыс Тілеулин.
Сондай-ақ «Астана жастары» ЖРО базасында Волонтерлер жылы аясында және 2021-2023 жылдары волонтерлікті дамытудың «Жол картасын» орындау шеңберінде Қалалық волонтерлер штабы жұмыс істейді. Тұрақты түрде 30 волонтерлік ұйыммен және 20 бастамашыл топпен, 4 ҮЕҰ-мен бірлесе қызмет атқаруда. Штабта 5 мыңнан аса белсенді волонтер бар.
– Волонтерлермен бірге 600-ден аса іс-шара өткізілді. Айта кету керек, елордалық волонтерлер дзюдодан Азия чемпионаты, «Kazakhstan Security System» форумы, «Eurasian Book Fair», Наурыз «Экспо», «Иллюзия обмана» сияқты халықаралық ауқымдағы іс-шараларға үнемі қатысады. Сондай-ақ Полиция департаменті, ТЖД мен бірлесіп газдандыру туралы халықты ақпараттандыру, жылыту маусымы мен көктемгі су тасқыны кезіндегі қауіпсіздік шаралары, шомылу маусымындағы мінез-құлық ережелері, халық санағы мәселесі, қаланың қоғамдық орындарында коронавирус инфекциясы кезеңінде қорғау шаралары бойынша халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізеді және есірткі сату туралы мәліметтері бар қабырғаларды бояуға, із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеуге көмектеседі. Мәселен, «Адреса заботы» жобасы аясында «Астана жастары» волонтерлері жалғызбасты 40 зейнеткердің жеке ауласын тазалауға қолұшын созды. Кәсіпорындар мен волонтерлік ұйымдар қар тазалау бойынша 20 акция ұйымдастырды. Оған 2 мыңнан аса волонтер мен кәсіпорын қызметкері жұмылдырылды. Бүгінде волонтерлік ұйымдармен бірлесіп «BizBirgemiz», «Қауіпсіз қала», «Қамқорлық мекен-жайлары», «Ардагерлерді ардақтайық», «Taza Alem» секілді мыңға жуық акция өткізілді. Мұқтаж жандарға азық-түлік себеттерін тарату, киім-кешек және жиһазбен қамтамасыз ету, оқыту және тағы басқа да көмек түрлері көрсетілді, – деді Шыңғыс Тілеулин.
Астаналық еріктілер қалалық және республикалық деңгейде ғана емес, халықаралық іс-шаралардан да қалыс қалмайды. Мәселен, форум, концерттерде аудармашы, гид, ұйымдастырушы, тимлидер, топ имиджі, тағы басқа да позицияларда жүріп қолғабыс етеді. Ел басына күн туып, төтенше жағдай бола қалса, үнемі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірінші болып жәрдемдеседі. Тіпті Түркия мен Сирия халқын төтеннен тентіреткен оқыс жағдайда да қайырымды жандар елорданың 20 волонтерлік ұйымымен бірлесіп, 100 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жинап, жөнелтті.
– Волонтер болу – игі іс. Мұндай ортаға жиналғандар бір-бірімен тәжірибе алмасады, ел көреді, жер көреді. Қазақта «Үйіңді таспен емес, доспен қорша» деген жақсы сөз бар. Ерікті болу – жаңа дос табатын үлкен мүмкіндік. Сол арқылы орта қалыптасады. Ал айналадағы адамдардан алғысын алған кезде ерекше сезімде боламын. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, – дейді волонтер Мерей Қалел.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен жүрегі мейірімге толы жандар үн қосқан «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясына ұйытқы болған да осы «Астана жастары» ЖРО-ның еріктілері. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдағаны белгілі. Қазіргі уақытта 310-ға жуық хат қабылданған. Акция жыл соңына дейін жалғаспақшы. Сондай-ақ Президент жол бастаған «Taza Alem» экологиялық жобасы да қарқынды жүзеге асып келеді. Бүгінде волонтерлер 9 акция өткізіп, өзен жағасын, Ақбұлақтың сағаларын тазартты.
– «Астана жастары» волонтерлік қозғалысындағы волонтерлердің орташа жасы 15-16 жасты құрайды. Бұл – жастар уақытты пайдалы өткізуге, жаңа дос, тың әсер алуға және қоршаған ортаға қолғабыс көрсетуге тырысатын кезең. Ал қалалық волонтерлер штабы жобасындағы волонтерлердің орташа жасы 30-дан басталады. Мұндағы волонтерлер санаты қоғамға көмектесу, табиғатты қорғауға басымдық береді. Олар ешқашан төлем алмайды. Бірақ біз оларды кейбір қажетті жабдықтармен қамтуға, концерттерге тегін билеттер беруге тырысамыз. Яғни әзірге волонтерлерді марапаттап қана ынталандырып отырмыз. Волонтерлікті еңбек өтілі ретінде санау мәселесі Үкіметте бірнеше рет көтерілді. Бірақ ол әзірге тек талқылану деңгейінде, заңды негізде бекітілген жоқ, – деді Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО» КММ-нің еріктілер қозғалысын дамыту бөлімінің басшысы Эльвира Есмұханова.
Жалпы, елордада 50-ге жуық волонтерлік ұйым мен қозғалыс тұрақты негізде жұмыс істейді. Бүгінде олардың сапына қосылғысы келетіндер саны артып келеді. Әсіресе балалар көбірек қызығушылық танытуда. Олардың себептері мен мақсаттары әртүрлі. Кейбіреулері біреуге жәрдем етуді мақсат тұтса, енді бірі шетелдік жоғары оқу орындарына түсу үшін портфолиосын жақсартуды көздейді. Десе де, ерікті болу – ерлікпен тең.