• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Пікір 10 Шілде, 2023

Жаңа медиа һәм жаңа мүмкіндік

755 рет
көрсетілді

Президент «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» Заңға қол қойды. Жаңа заң онлайн платформалар мен жалпы масс-медианың дамуына тың серпін береді деп сенеміз.

Жалпы «Қоғам тынысының баро­метрі» атанған масс-медиа саласы қарқынды дамыған тұста ақпараттық технологиялар әсерімен әлем күрт өзгеріске ұшырады, коммуникацияның ландшафты да терең трансформацияға түсті.

Мәселен, күні кеше «Meta» компаниясы Threads әлеуметтік желісін іске қосты. Ықшам мәтін жазуды талап ететін жаңа желі іске қосыла салысымен, бір сағат ішінде оны жүктеп алғандар саны 5 миллионнан асып кетсе, екі тәулікке жетер-жетпес уақытта 70 миллионға жуық қолданушы тіркеліпті. Осылайша, Марк Цукербергтің кезекті өнімі бұған дейін әлеуметтік желілерге қатысты ре­кордтың бәрін жаңартты.

Таяуда  «Reuters Institute» жариялаған «Дижитал жаңа­лық­тар есебі» (Digital News Report) де біраз мәселенің басын ашып көрсетіп отыр. Шартараптың түкпір-түкпіріндегі 46 мемлекеттен жиналған деректер мен жүр­гізілген сауалнамада масс-медианың әлемдегі даму үдерісі баяндалған. Құжат кейінгі жылдары дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының танымалдылығы да, таралымы да, аудиториясы да, оған сенім де азайғанын тағы бір айғақтап отыр. Мәселен, БАҚ-тың ресми веб-сайты немесе қосымшасын қолдану көлемі 32 пайыздан 22 пайызға дейін төмендеген. Ал жаңалықты әлеуметтік желі арқылы оқу 30 пайызға ұлғайған. Әсіресе, жастар арасында мұндай үрдіс басым. «Дижитал жаңалықтар есебіне» тереңірек үңілсек, масс-медиа саласының қаншалықты өзгергеніне көзіміз жете түседі. Осыдан бірнеше жыл бұрын Facebook әлемдегі ең танымал әлеуметтік желі атағын ешкімге бермей тұрған-ды. Әсіресе, осы желіден жаңалық оқитындар қатары қа­лың болатын. Қазір Facebook-ке ақпарат іздеп кіретіндер саны 28 пайызға дейін тө­мендеген. Керісінше, WhatsApp, Instagram, YouTube секілді желілердің жа­ңалық тарату ауқымы артып отыр.

«Дижитал жаңалықтар есебіне» сүйен­сек, дәстүрлі БАҚ-та ғана емес, онлайн медиада да жаңалыққа қызығушылық төмендеп барады. Мысалы, әлемде 2017 жылмен салыстырғанда күнделікті жаңа­лықпен танысуға қызығатындар 63 пайыздан 48 пайызға төмендепті. Оған қоса, масс-медиа өкілдеріне жазылу үрдісі де баяулаған. 

Тағы бір назар аударатын мәселе – TikTok секілді желілердің жастар ара­сында кеңінен танымал болуы. Яғни бейне формат арқылы ақпарат тара­тудың маңызы арта түсті. Биылғы Бұқаралық ақпарат қызмет­керлері күніндегі салтанатты іс-шарада Мемлекет басшысы отандық медиа жаңа кезеңге аяқ басқанын, ақпарат тарату жылдамдығы мен оның мазмұны жылдам өзгеріп жатқанын атап өтті. «Кеше ғана дәстүрлі және жаңа медианың бәсекесі туралы сөз қозғалушы еді. Ал бүгін сол сайт­тарды әлеуметтік желі­лер, мессенд­жерлер, платформалар ақпа­рат ала­ңынан ығыстырып жатыр. Ақ­параттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Үкімет те, медиа менеджерлер де осы өзгерістерге дайын болуы қажет»,  деді Президент.

Осы ретте қабылданған «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» заң осы қажеттілікті реттеп, олқылықтың орнын толтырады деп білеміз. Еуропалық одақ қабылдаған Digital Services Act немесе цифрлық қыз­меттер туралы заңның баламасы іспетті жаңа заң шетелдік әлеуметтік желі­лердің елімізде тіркелуіне, оларды қазақ тіліне бейімдеуге, модерация және контенттерді монетизациялауға мүм­кіндік береді. Сондықтан бұл құжат масс-медианың жаңа заман талаптарына сай бейімделуіне ықпал етеді деп ойлай­мыз.