Теннистен әлемнің 26-ракеткасы Александр Бублик Уимблдон турнирінің ширек финалына шыға алмады.
Жерлесіміз Лондонда өтіп жатқан теннистен «Үлкен дулыға» санатындағы турнирдің төртінші айналымында әлемнің 7-ракеткасы ресейлік Андрей Рублевпен шеберлік байқасты. Орталық кортта өткен кездесудің алғашқы екі партиясы Бублик үшін сәтсіз басталды. А.Рублев екі сетте де бір-бір брейк-пойнт жасап, 7:5 және 6:3 есебімен жеңіске жетті. Ал кейінгі екі партияда А.Бублик қарқынын арттырып, таразы басын теңестіріп кетті. Отандасымыз қарсыласы сияқты брейк-пойнт жасай алмаса да, тай-брейкте сәтті ойнады. Атап айтқанда, үшінші сетте есеп 6:6 болып тұрғанда тай-брейкте 8:6 есебімен мықтылық танытса, төртінші сетте 7:5 (7:6) нәтижесімен басым болды.
Өкінішке қарай, А.Бублик бесінші партияның жетінші геймінде Андрей Рублевке тағы бір брейк жасауына мүмкіндік беріп, уысында тұрған жеңісінен айырылып қалды – 6:4. Осылайша, Александр Бублик спорттық жолында алғаш рет «Үлкен дулыға» жарысының төртінші айналымына дейін жетті. Бублик пен Рублев осыған дейін бір-бірімен бес рет кездесіп, соның екеуінде жерлесіміздің мерейі үстем болған еді.