Шымкент қаласы республиканың үшінші мегаполисі атанғалы құрылысы қарқынды дамыды. Оған мемлекет қазынасынан бөлінген қомақты қаражат үлкен септігін тигізді. Соның нәтижесінде құрылыс саласы кәдімгідей жандана түсті. Қала маңындағы аумақтар игеріліп, зәулім тұрғын үйлер салына бастады. Бұған дейін жеке сектордағы жер үйлер көбірек салынып келсе, осы күнде көпқабатты үйлердің үлесі басымдыққа ие болды. Шаһар тарихында тұңғыш рет миллион шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілді.
Шымкентте тұрғын үй құрылысының қарқын алуы – заңды құбылыс. Өйткені жыл сайын мегаполисте халық саны өсіп келеді. Сондықтан бірінші кезекте адамдарды баспанамен қамтамасыз ету – басты міндет. Екіншіден, жаңадан бой көтерген тұрғын үй кешендерінде заманауи әлеуметтік нысандар да салынып жатыр. Жаңа емхана, мектеп, балабақшалар халыққа қызмет көрсетуде. Медициналық, білім беру нысандарының ашылуымен халықтың әлеуметтік сұранысы қамтамасыз етіліп отыр.
Шымкент – жастары көп қала. Сонымен бірге мектепте білім алатын балалар саны да көп. Бұл көрсеткіш бойынша республикадағы өңірлер арасында алдыңғы орында екені сөзсіз. Осы орайда жастардың, әсіресе мектеп жасындағы балалардың сабақтан тыс кездегі уақытын тиімді пайдалану маңызды рөл ойнайды. Себебі жастайынан бір іске ден қойып, соған машықтанып өскен баладан келешекте мықты маман шығады. Нағыз ұлтын сүйер азамат, еңбекқор жандар солар болады. Кішкентай кезінен білімге құштар, еңбекті жанындай жақсы көретін баладан ешқашан жалқау, мінезі нашар азамат шықпайды. Сондықтан да мектептен тыс тәрбиеге Президент те айрықша көңіл бөліп отыр. Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек. Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды», деп атап өткен еді.
Ал еңбекқор, өз ісіне адал маман бірден пайда бола салмайды. Ол үшін адамды сол қасиетке жастайынан тәрбиелеу керек. Оқушылар сарайы – осынау мақсатты жүзеге асыратын бірден-бір маңызды тәлім-тәрбие беретін асыл мекен. Сондықтан жергілікті әкімдік балалардың тәлім-тәрбиесіне көбірек ден қойып, шаһардың әкімшілік-іскерлік орталығы маңынан зәулім Оқушылар сарайын салып берді. Жуырда осы аталған нысанның ресми ашылуы болды. Заманауи Оқушылар сарайының құрылысын жүргізген – «ВІ Group» компаниясы.
Қалалық №2 Оқушылар сарайының директоры Данияр Егізбаевтың айтуынша, маусым айында салтанатты түрде ашылған мекемеге қазіргі таңда министрліктің бұйрығына сәйкес педагогтерді қажетті мамандық бойынша қызметке конкурс арқылы қабылдау жүріп жатыр. Конкурс аяқталған соң әңгімелесу болады. Содан кейін көп ұзатпай балаларды қабылдау басталады. Өйткені қазірдің өзінде үйірмеге баласын тапсырсам деп келіп жатқан ата-ана көп. Олардың көпшілігі бассейнді таңдағысы келеді. Алдағы уақытта 25 баладан 4 топ таңертең, түстен кейін тағы осынша топ, сонда барлығын қосқанда 200 бала күн сайын бассейнде жүзу жаттығуларын жасамақ. Ертесіне басқа топтың балалары келеді. Осылайша, аптасына 400 бала күнара бассейнге келіп тұрады. Оқушылар сарайының басты ерекшелігі де сол, оның жартылай олимпиадалық стандартқа сай 25 метрлік бассейні бар. Сонымен бірге шағын қауыздар қарастырылған. Ол екінші қабатта орналасқан. Оған негізінен аутизмі бар және мүмкіндігі шектеулі балалар барады. Тіпті көзі нашар көретіндерге тактильді тақталарға дейін орнатылып, жағдай жасалған. Осы күнде қалада паралимпиадаға ойыншылар дайындайтын бір маманды жұмысқа қабылдап үлгеріпті. Одан бөлек ғимараттың бірінші қабатында вокалдық және ұлт-аспаптар студиясы орналасқан. Келген оқушыларға скрипка, фортепьяно мен гитарада ойнауды үйретеді. Дыбыс жазу студиясы қызмет көрсетеді. Онда жас өнерпаздар әндерін жаздыра алады. Қыздарға арналған дизайндық бөлмелері болады. Тіпті онда құмыра да жасайды. Ұлдарды еңбекке баулу кабинеттері ашылады. Ер балалар ағаштан ою ойып, темір ұсталығын меңгереді. Хореография кабинеті болады. Оның бір ерекшелігі онда балет үйірмесі жұмыс істейді. Балет өнерінің майталмандары оқушыларды балет биін үйретуге қазірден дайын. Бұдан бөлек балалар қалауына қарай заманауи және ұлттық би түрлеріне қатыса алады.
Оқушылар сарайының екінші қабатында медиа кабинеті бар. Балалар журналистиканың қыр-сырын меңгеріп, диктор болып арнайы студияда жаттығады. Кітапханасы бар. Бірақ кітаптың бәрі – электрондық нұсқада. 30 мың кітап қоры жинақталған. Келген оқушы өзіне керекті кітапты электронды нұсқада жүктеп оқи береді. Сондай-ақ тағы экология, фото-бейне монтаждауға арналған кабинеттері бар. Балалар драма үйірмесіне қатысса болады. Бұл соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған, яғни Led экран, үлкен сахна мен киімдер бөлмесі қарастырылған. Үстел теннисі, бокс, кикбокс, каратэ мен таэквондоға арналған залдары бар. Сондай-ақ үшінші қабатта оқушылар дебат үйірмесіне қатысса болады. Бұл жасыл экранмен жабдықталған және әлеуметтік желіге қосылған. Бүгінде жастардың көпшілігі өз ойын ашық жеткізе алмайды. Өйткені тіл байлықтары жетпейді немесе қазақшаға шорқақ. Сондықтан тіл күрмеуін шешу үшін шешендік өнер үйірмесі қызмет көрсетеді. Жалпы, үшінші қабат ғылыми-технологияға арналған. Соның ішінде ІТ технология, роботтехника, 3D модельдеу, химия, биология, биотехнология сияқты кабинеттер болады. ІТ бөлмеде компьютерлік модельдеу үйретіледі. Шымкентте бүгінгі таңда киберспортқа дайындайтын үйірме жоқ. Оқушылар сарайы осы ІТ кабинеті арқылы балалардың киберспортқа деген талантын ашпақ. Тіпті осы киберспорттан бүгінде халықаралық дәрежеде жарыстар өтіп жатыр. Ал оған тігілетін жүлде қоры өте қомақты. Сондықтан Оқушылар сарайы директорының пікірінше, қазақтың балалары бұл спорт түрінен де алда жүру керек. Өйткені ІТ бөлмесі киберспортты дамытуға қажетті соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған. Спорт залында балалар еркін күрес, грек-рим, қазақша күрес, дзюдомен айналысады. ММА жекпе-жегі бойынша оқушылар ережесіз күрес тәсілдерін муляждарда жаттығып үйренеді. Фитнес залында аэробикамен денесін шынықтырады. Бұған қоса волейбол алаңы мен воркаут алаңшасында доп ойнап, белтемірде жаттығуға мүмкіндік алады.
«Оқушылар сарайының ту сыртында бос жатқан жер бар. Оны балаларға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында пайдаланғымыз келіп отыр. Оның үстіне бүгінгі жағдайда жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мәселесі өзекті болып тұр. Сондықтан осы алаңды сол мақсатта қолдансақ дейміз. Ол үшін арнайы мамандарды шақыртып қойдық. Келешекте республика көлемінде жастар арасында өтіп жүрген «Айбын» әскери-патриоттық жарысына оқушыларды осы жерден дайындасақ деген ойымыз бар. Оқушылар сарайының әр үйірмеге бөлгенде бір уақытта 500 баланы қамтуға мүмкіншілігі жетеді. Үйірмелер орталығы мегаполистің кез келген аймағында тұратын балаларға арналған. Яғни Жаңаталап секілді шаһар іргесіндегі елді мекеннің мектеп оқушысы осы жерге келіп үйірмеге қатыса алады. Бұған ешқандай шектеу жоқ. Сонымен бірге үйірмеге қатысу үшін ата-ана осында келіп әуре болып керек емес. Арнайы Mindal платформасы арқылы өтініш қалдырып, сонда үйірме түрі мен мұғалімін таңдай алады. Платформаға ата-ана өзінің жеке куәлігі мен баланың туу туралы куәлігінің мәліметтерін енгізеді. Соңында өтініш мақұлданар кезде екеуінің мағлұматтары салыстырылып, тексеріледі. Кейін біз өзіміздің тарапымыздан уақытын белгілеп, секцияларға бөлеміз. Барлық мәлімет жеке кабинетке келіп түседі. Онда мәселен, баланың қай секцияға сағат нешеге жазылғаны хабарланады», деді Оқушылар сарайының директоры Данияр Егізбаев.
Мекеме басшысының айтуынша, Оқушылар сарайы қызметінің басты мақсаты – балаларды сабақтан тыс уақытта үйірмелік жұмыстармен қамтамасыз етумен бірге оқушылар арасында жоғары интеллектуал мен тәрбие қалыптастыру.
Бүгінде ата-аналардың көпшілігі жұмысбасты болып кеткен. Кейде балаларға қарауға қолы тимей жатады. Соның салдарынан үйде тәрбие ақсап, ол қоғамға теріс әсерін туғызады. Әсіресе балалар арасында әлімжеттік, жаман әдеттерге үйір болу сынды бұзықшылық әрекеттерге әкеп соқтырады. Ал оқушы сабақтан тыс уақытта бір нәрсемен айналысса, басқа жаман қылықтарға уақыты қалмас еді. Осылайша, ол Оқушылар сарайында әрі еңбекке баулынады әрі жақсы ортада дұрыс тәлім-тәрбие алып шығады. Сосын соны басқа достарына, араласатын ортасына таратады. Сөйтіп жалпы өскелең ұрпақ тәрбиеленеді. Ал қоғамда жас буын тәрбиелі болса, келешекте ондай қоғам нағыз ізгіліктің ордасына айналады. Сол себепті алдағы уақытта Оқушылар сарайында балалардың бір-бірімен қарым-қатынасы тек сыйластық пен бауырмалдықтан құралады. Тіпті ұстаздар мен шәкірттер бір-бірімен үлкен, кіші тәртіпте емес, теңдей әріптес, сыр ұғысар жақын серіктей әңгімелеседі. Осылайша, Оқушылар сарайы еңбекке баулитын орта ғана емес, мәдениет қалыптастыратын орда болады. Мекеме басшысы сұхбат барысында осындай ой айтты.
Бұл – Шымқалада бой көтерген осымен екінші Оқушылар сарайы. Алдыңғысы осыдан 40 жыл бұрын салыныпты. Осы ретте жаңа ұжым басшысы балалардың бос кезде уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік туғызғаны үшін мемлекетке және Президент тапсырмасын тиянақты орындап отырған жергілікті әкімдікке алғысын білдірді.
«Бүгінгі заманның оқушыларында арман жоқ. Мұндай озық технологиямен жабдықталған Оқушылар сарайында қосымша білім алу, кәсіби бір шеберлікке үйрену біздің кезіміздегі нағыз аңсаған арманымыз болатын. Әлемнің дамыған елдерінде балалар немен білімін кеңейтіп жатыр, соның барлығы осында бар десем, қателеспеймін. Өйткені әрбір ғылыми бағыттағы бөлмелер нанотехнологиялармен жарақтандырылған. Мәселен, химия кабинетінде оқушылар арнайы көзілдірік киіп жұмыс істейді. Сенсорлық экранда қандай зертханалық жұмыстармен айналысып жатқаны көрініп тұрады. Егер оқушы абайсызда қате жіберсе, ол оның өміріне ешқандай қауіп тудырмайды. Өйткені ол виртуалды режімде зерттеулер жүргізіп жатыр. Тіпті егер бала сынама жұмыстарын дұрыс атқармаса, вибрация арқылы оған арнайы белгі беріледі. Өз кезегінде Оқушылар сарайына жұмысқа ең таңдаулы, нағыз өз ісінің шеберлерін қабылдап жатырмыз. Мәселен, спорт секцияларына қызметке алынғандардың көпшілігі – спорт шебері деген атағы бар мамандар. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес оқушылар мұнда барлық үйірмеге тегін қатысады, ешқандай да ақы төлемейді. Бір айта кетерлігі бұл Оқушылар сарайы болғандықтан, ондағы барлық игілікті тек солар ғана пайдаланады. Сондықтан мектепте оқымайтын адамдарға бұл жердің есігі жабық», деді Д.Егізбаев.
Жалпы, қала әкімдігінің жоспары бойынша келешекте шаһарда алты осындай заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы бой көтермек. Сонда әр аудан әкімшілігінен салынар болса, бос уақытында үйірмеге баратын, әр сағатын тиімді пайдаланатын оқушылар көбейіп, тіпті қаладағы мектепте оқитын балалар үйірмелермен толық қамтылар еді. Қала әкімдігінің көздеген негізгі мақсаты да – осы.
Сөзіміздің дәлелі ретінде айтсақ, осы күнде Тұран шағын ауданында үшінші Оқушылар сарайының құрылысы жүріп жатыр. Жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов құрылыс басында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын тексеріп қайтты. Қала әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, заманауи талапқа сай бой көтеретін ғимаратта оқушылардың сабақтан тыс уақытта әртүрлі үйірмелерде шығармашылық, спорттық, ғылыми, мәдени бағытта дамуына барлық жағдай жасалады. 3 блоктан тұратын 3 қабатты ғимараттың жалпы сыйымдылығы 500 орынға шақталған. Жобада 35 орынға арналған асхана, 80 көлік сиятын автотұрақ қарастырылған. Құрылысы мамыр айында басталған ғимарат жоспарға сай келесі жылы қолданысқа беріледі. Құрылыс жұмыстарына әзірге 50 адам 4 техника жұмылдырылып отыр. Осыған дейін мұнда жер қазылып, іргетасының жартысынан астамы құйылған. Қазір қабырғалар тұрғызылып, бағаналар орнатыла бастады. Шаһар басшысы жауаптыларға құрылыстың өндірістік кестеге сай жүргізілуін бақылауға алып, сапасыздыққа жол бермес үшін жұмыс барысында тиісті талаптарды назарға алу қажеттігін ескертті. Айта кетейік, қалада 2025 жылға дейін тағы 3 Оқушылар сарайы мен 8 өнер мектебі салынады. Бұл орталықтардың оқушылар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруына қабілетін ашып, жан-жақты дамуына ықпалы зор болары сөзсіз.
Қалалық құрылыс басқармасының мәліметінше, 2023 жылы бюджет есебінен жалпы 160 нысанның құрылысы жоспарланса, биыл соның 95-і пайдалануға берілуге тиіс. Оның ішінде жоғарыда аталған Оқушылар сарайынан бөлек №45, 8, 65 мектептер мен №10 колледж және Өнер мектебі бар. Ал Тұран шағын ауданындағы үшінші Оқушылар сарайының құрылысы – келесі жылға өтпелі нысан санатында. Сондай-ақ биыл мегаполистің ШымкентСити аумағында Конгресс Холл, Түркістан көшесіндегі, Әкімшілік іскерлік орталығындағы автокөлікке арналған деполар, Металлург стадионы, Бозарық шағын ауданындағы ауыр атлетика спорт мектебі, №12 спорт мектебіне қосымша ғимарат және №22 колледж спорт мектебі тапсырылады. Сонымен бірге жұмысшы жастарға 900 пәтер, халықтың әлеуметтік осал топтарына 505 пәтер беріледі. Шымкентсити аумағынан келесі 3 саябақ ашылмақ. Және де 150 орындық мүгедектерді оңалту орталығы салынып жатыр. Келесі жылы Ақтас шағын ауданында қаңғыбас иттер мен мысықтарды уақытша ұстауға арналған баспана мен бір қарулы күштер ғимараты, 3 мемлекеттік орган мекемесі, сондай-ақ «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 18 орта білім беру ошағы ел игілігіне пайдалануға беріледі.
Биыл құрылыс басқармасы тарапынан тұжырымдама аясында мемлекеттік бюджет есебінен 312,4 мың шаршы метрді құрайтын 4 090 пәтерлі 98 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде 6 үй – арендалық, 92 үй – несиелік. Жыл соңына дейін 3 040 пәтерлі 67 тұрғын үйді (несиелік – 61, арендалық – 6) пайдалануға беру көзделіп отыр.
Құрылыс жұмыстарының көлеміне келсек, жылдық жоспарға сай 231,9 млрд теңгенің құрылысы атқарылуға тиіс. Нақты көлем индексі 106 пайызға тең. Қаңтар-мамыр айында 37,1 млрд теңгеге құрылыс нысандары салыныпты, былтырдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 119,5 пайызға жеткен.
Кейінгі жылдар ішінде Шымкентте кәдімгідей құрылыс жұмыстары қарқын алды. Тіпті республиканың үшінші қаласын үлкен құрылыс аумағына айналған шаһар дерсің. Жалпы, құрылыс саласы – экономикалық өсімнің бір көрсеткіші. Қай елде құрылыс қыз-қыз қайнап жатса, демек сол елде экономикалық өсім бар деген сөз. Еске түсірейікші, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары елде, оның ішінде Шымкентте мардымды құрылыс жүргізілмеді. Өйткені оны экономикамыз көтермеді. Тек мемлекет қазынасының бүйірі қампайған кезеңнен бастап құрылысқа, әсіресе тұрғын үй құрылысына көңіл бөліне бастады. Шымкентте де дәл сол уақыттан бастап көпқабатты жаңа шағын аудандар бой көтерді. Осылайша, экономикалық өсімнің нәтижесінде құрылыс саласына жан бітіп, ол кезегінде басқа салалардың өркен жаюына жол ашты. Соның бірі – құрылыс индустриясы. Оған елімізде салынып жатқан тұрғын үй құрылысына жұмсалатын материалдардың негізгі денін отандық өнім құрауға тиіс деген бағдарлама да үлкен септігін тигізді. Сол арқылы құрылыс нысандарының салынуымен бірге қажетті материалдарды өндіретін зауыттардың қатары артты. Ондай кәсіпорындар республиканың үшінші мегаполисінде көп-ақ. Олар қалада шағын және орта бизнестің дамуына жол ашса, екіншіден, қаншама адам бүгінде құрылыс алаңдарында немесе құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорында еңбек етіп жүр. Сондықтан жалпы бұл саланың дамуының әлеуметтік маңызы ел үшін өте зор. Тіпті осыдан он шақты жыл бұрын бүкіл дүние жүзін жайлаған қаржылық-экономикалық дағдарыстың кезінде еліміз әлеуметтік нысандарды жөндеу арқылы халықты жұмыспен қамтып, бұл дағдарыстан аман-есен өткен жоқ па еді?! Ендеше, құрылыс саласы – ел экономикасының нағыз барометрі екені сөзсіз.