Мәжіліс депутаттары, «Amanat» фракциясының мүшелері Ғалымжан Елеуов, Қазыбек Әлішев Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында «Айс плюс» ЖШС ұжымымен кездесіп, сүт өңдеу зауытын жаңғырту барысымен танысты.
1999 жылы Ақтөбе қалалық сүт зауыты негізінде құрылған «Айс-плюс» компаниясы сүт, ашытылған сүт өнімдері мен балмұздақ шығарады. Компания жылдан-жылға қуатын арттырып келді. Мәселен, 2018 жылы тәулігіне 20 тоннаға дейін балмұздақ өндіруге мүмкіндік беретін итальяндық өндіріс желісін іске қосты. 2020 жылы балмұздақ цехы, 2021 жылы сүзбе цехы жаңғыртылды.
Кездесуде Мәжіліс депутаттары ұжым мүшелерімен алдағы уақытта қаралатын заңдар бойынша пікір алмасып, жұртшылықтың ойын білді. Ұжым мүшелері ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарықтарын кеңейту мәселесін шешуді және ішкі нарықты қорғау жөнінде шаралар қабылдауды сұрады.
– Біз заңдарды халық үшін қабылдаймыз және халықпен бірге жазамыз. Басты ұстанымымыз – осы. Мәселен, халықтың қажетін қанағаттандыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігіне, жалпы Үкіметке көптеген сұрақ қойылып, мал шаруашылығын дамытуға қатысты депутаттық сауалдар жолданды. Қазір Аграрлық мәселер жөніндегі комитетте «Органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы» және кейбір заңнамалық актілерге жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралып жатыр. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша еліміздегі жаңа заң жобасын екінші сессияда енгізу жоспарланып отыр, – деді Қазыбек Әлішев.
Ғалымжан Елеуов тұрғындармен кездесуде көтерілген мәселелерге тоқталды. Соның ішінде «Ембі-Алтынды» тас жолының жағдайы, Ақтөбедегі Шилісай мектебі мен Қандыағаш, Ембі қаласындағы мектептердің құрылысы депутаттар бақылауында екенін жеткізді. Сондай-ақ Алға қаласы «Подхоз» елді мекеніндегі мектеп мәселесі де шешілуге тиіс.
Бүгінде «Айс-плюс» ЖШС «Amanat» партиясының жол картасы шеңберінде жалпы құны 3 млрд теңге болатын ауысымына 50 тонна сүт құю цехын ашу бойынша инвестициялық жобаны жүргізіп отыр. Қазіргі уақытта цехты қайта құру және қойманың құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды.
Ақтөбе облысы