• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
Президент 11 Шілде, 2023

Елорданың тұрғын үй қоры ескіріп барады - Президент

184 рет
көрсетілді

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңес барысында бас қаладағы өзекті мәселелер, сондай-ақ құрылыс саласындағы заңсыздықтар сараланып, тұшымды ойлар айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Тұрғын үй құрылысын ретке келтіру қажет. Қазіргі таңда Астанада 10 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынып жатыр. Өкінішке қарай, құрылыс қарқыны жоғары болғанымен, сапаға көңіл бөліне бермейді. Бұл салада олқылықтар өте көп», деді Президент кеңес барысында.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қаланы көркейтіп, жұртқа қолайлы жағдай жасау басты назарда болуға тиіс.

«Жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі басым түсіп жатады. Қаланы дамыту ісінде бірізділік болмаған соң, орынсыз құрылыс көбейіп кетті. Әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындар болуға тиіс жерлерде тұрғын үй кешендері салынды», деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Ел Президентінің айтуынша, Қазақстанның құрылыс саласында заң мен тәртіп болуға тиіс. Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлы заңсыз құрылысқа жол бермеу үшін бақылауды күшейтіп, саланы реттеуді тапсырды.

«Құрылыс – экономиканың өте маңызды саласы. Бұған дау жоқ. Астанада құрылыс көп болғандықтан, қомақты қаржы бөлінетіні белгілі. Сондықтан, адал кәсіпкерлермен қатар, түрлі алаяқтар да пайда көріп қалуға тырысады. Кейбір компаниялар құрылыс жүргізуге рұқсат беретін құжаттары болмаса да, жұмыс істеп жатыр. Бизнесті тексеруге салынған тыйымды, яғни мораторийді желеу етеді.

Сондай-ақ үлескерлерден заңсыз қаражат жинайды. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Әкімдік құқық қорғау органдарымен бірлесіп, бұл үрдіске тосқауыл қоюы керек. Мұның бәрі жаңа проблемалық нысандардың пайда болуына әкеп соқтырады. Әкімдік көз жұмып отыра берсе, бұл мәселе ушығып кетеді.

Шенеуніктердің мұндай салғырттығы және жауапсыздығы ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан, барлық салада, соның ішінде құрылыс саласында заң мен тәртіп болуға тиіс. Мен заңсыз құрылысқа жол бермеу үшін бақылауды күшейтіп, саланы реттеуді тапсырдым», деді Мемлекет басшысы.

Айта кетсек, бүгінде Астанада төрт мыңға жуық үлескер баспанаға қол жеткізе алмай жүр. Президенттің айтуынша, бұл – өткір мәселе.

«Бұл мәселені шешу үшін батыл қадамдар жасау қажет. Қазір бұл бағытта атқарылып жақтан жұмыстар жеткіліксіз. Биыл үлескерлері бар 16 үйдің құрылысын аяқтау керек. Жыл соңына дейін бұл мәселе толық шешімін табуға тиіс. Осындай құрылыстардың қайта пайда болуына жол бермеу қажет», деді Президент.

Осы тұста Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардағы жиында ескі және апатты жағдайдағы үйлерге қатысты кеңірек тоқталып өткенін еске салды.

«Елорданың тұрғын үй қоры ескіріп барады. Бұл – әсіресе, шеткері орналасқан жеке секторға қатысты мәселе. Көптеген азамат апатты жағдайдағы баспанада тұрып жатыр. Мұндай ғимараттарды сүріп тастап, орнына жаңа үйлер салу қажет. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Бастапқы кезеңде бұл жұмысқа мемлекет атсалысуы қажет. Шетелде мұндай тәсіл кеңінен қолданылады. Сондай-ақ бұл іске міндетті түрде бизнесті тарту керек. Тұрғын үй қорын жаңартудың басқа жолы жоқ», деп түйіндеді Мемлекет басшысы.